Алматыда «Саламатты Қазақстан» атты кітап көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Саламатты Қазақстан» атты кітап көрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсіміне еліміздің денсаулық сақтау саласының жетекші мамандары қатысты.«Елімізде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ өкінішке орай, оны көп адам біле де бермейді. Бүгінгі шара осы бағдарламаны оқырмандарға, студенттерге кеңінен түсіндіруге бағытталған. Өйткені біз бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуге ұмтылып жатырмыз. Ал маңызды міндетті тек денсаулығы зор ұрпақ қана орындай алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әрбір адам өз денсаулығына жауапты болуы шарт. Халықтың денсаулығы сіз бен біздің қолымызда. Бүгінде денсаулық, саламатты өмір салты — тек медициналық категория емес, ол мемлекеттік саясат» — деді, көрменің ашылу салтанатында ғалым-офтальмолог, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Жанар Мұстафина.
Бұдан кейін денсаулық сақтау және медицина саласының жетекші мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Айта кетейік, шарада 15 бөлім қамтылды. Оған медицинаның әр саласы, спорт және саламатты өмір салты бойынша әлем халықтарының тілдерінде жазылған 3000-нан астам кітап қойылды.
Сонымен қатар шара аясында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері арнайы акция өткізді. Онда қалаған адам өз қанының тобын және қан қысымының деңгейін біліп, мамандардың ақыл-кеңесін алды.