Жаңа бағдарлама, жаңа мүмкіндіктер
Баршаға аян, биыл елімізде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аяқталады. Бүгінде осы бағдарламаның заңды жалғасы болып табылатын денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа «Денсаулық-2020» мемлекеттік бағдарламасы барлық медицина ұйымдарында талқылану үстінде. Мемлекеттік бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылады. Біріншісі – 2016-2018, екіншісі 2019-2020 жылдарды қамтиды. Аталмыш бағдарлама жаңа жылдан бастап өмірге жолдама алмақ. Бүгін біз талқыға ұсынылған маңызды құжат жайында отандық денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытуда, ұйымдастыруда өзіндік орны бар кәсіби маман, көрнекті ғалым, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақановқа жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Айқан Ақанұлы, өзіңіз білесіз, бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық-2020» мемлекеттік бағдарламасы талқылану үстінде. Осы жаңа бағдарлама туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Қалай дегенде де, әрбір сатылық бағдарлама денсаулық сақтау жүйесінде үлкен бір оқиға болып табылады. Өйткені, оның алдағы жылдардағы даму бағыты айқындалады, жаңа бетбұрыстар пайда болады, халықтың денсаулығына қатысты өте маңызды мәселелер шешіледі. Денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы ретінде бұл тақырып жаныма өте жақын. Мен 1995 жылы міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, үш жыл өткенде денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдықтарын анықтаған «Халық денсаулығы» бағдарламасының жұмыс тобының жетекшісі қызметін де атқардым. Одан кейін 2002 жылғы «Денсаулық жылы» және 2005-2010 жылдарға арналған «Денсаулық сақтауды реформалау және дамыту» бағдарламаларының жұмыс топтарына басшылық еттім. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да стационарлық бөлімді реформалау мен денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлттық жүйесін енгізуге ерекше мән берілген болатын.
Отандық денсаулық сақтаудың бүкіл даму тарихын бастан өткізгендіктен «Денсаулық-2020» жаңа мемлекеттік бағдарламасына денсаулық сақтау реформасының шамамен 20 жылдық ауқымын қамти отырып қараймын. Отандық денсаулық сақтаудың көптеген негізгі және жүйелі мәселелері дұрыс шешілген және дұрыс бағытта жүзеге асырылып жатыр. Отандық және шетелдік білім алған дәрігерлердің, менеджерлердің және денсаулық сақтау ұйымдастырушыларының керемет жаңа буыны келді.
Осы уақыт ішінде заманауи медициналық технологияларды енгізудің платформасына айналған Астана қаласындағы «Ұлттық медициналық холдинг» сынды заманауи ірі орталықтар пайда болып, белсенді жұмыс барысында қазақстандық дәрігерлер жүрекке күрделі ота жасауды, ағзаларды ауыстырып қондыруды меңгерді, нейрохирургия, травматология, кардиология саласы бойынша да қол жеткізген жетістіктер көп. «Денсаулық сақтауды реформалау және дамыту» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесі – отандық кардиохирургияның дамуы болып табылады. Бүгінде Қазақстанда жылына 60 мың ота жасалуы соның айғағы. Туберкулез, жұқпалы аурулар бойынша бағдарламалар сәтті жүргізілуде. Онкология бойынша бағдарлама да кең тарала бастады. Ана мен бала мәселесі бойынша да жақсы көрсеткіштер бар. Бірегей профилактикалық іс-шаралар жүргізілу үстінде. Мәселен, Қазақстанда 12 млн. адамды қамтитын 11 скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Республикадағы халық саны 17 417,5 мың адамға дейін артып, болжамды өмір ұзақтығының көрсеткіші 70,45 жылға жетті, халықтың жалпы өлім-жітімділік көрсеткіші төмендеді. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің ғаламдық үлкен міндеттерді шешуге күші жеткілікті екенін тағы да дәлелдей түседі.
Әлемнің жүз елінің денсаулық сақтау және халық денсаулығының жағдайына талдау жасай отырып, біз алдыңғы қатарлы және дамушы елдердің денсаулық сақтау саласындағы саясатын жан-жақты зерттедік. Біршама қорытынды жасап, оны «Энциклопедия мирового здравоохранения» кітабында жарияладық.
– Аталмыш кітапта денсаулық сақтау жүйесі дамуының бірнеше сатысы бар екені туралы жазған екенсіз…
– Бірінші (ерте) саты – бұл адам өмірін сақтау. Денсаулық сақтау деңгейі осындай сатыда тұрған елдер жұқпалы аурулардан, оның ішінде туберкулез, түрлі індеттерден өлім-жітімдіктің туындауының жоғарылығымен сипатталады. Ұйымдастыру жүйесі әлсіз, санаулы ғана аурухана мен амбулаторлық орталықтары бар. Мұндай жүйені біз Ауғанстанда кездестіреміз, халықтың 80 пайызы медициналық көмекке мұқтаж. Шартты түрдегі «жүз жылдық өлшемді» алар болсақ, осы ең алғашқы саты бірінші 20 жылды қамтиды деп санаймыз.
Денсаулық сақтау саласы дамуының келесі сатысы жалпы халық денсаулығын сақтауды көздейді. Бұл жерде денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторы бой көрсетеді. Жауапкершілікті мемлекет өзіне алады, стационарлар жүйесі дамиды, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің нышандары пайда болады. Егер бірінші үлгі қарапайым болса, бұл әлдеқайда дамыған. Оны біз шартты түрдегі «даму өлшемінің» 20 мен 40 жыл аралығында қарастырамыз. Оған мысал ретінде өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы КСРО-дағы денсаулық сақтауды айта аламыз. Денсаулық сақтау дамуының келесі үлгісі халықтың денсаулығын сақтауды және профилактиканы дамытуды мақсат етеді. Мұнда негізінен мемлекет жауапкершілікті өзі көтереді, денсаулық сақтау жүйесі дамыған, стационарлар, БМСК (бастапқы медициналық-санитарлық көмек), медбике мектептері желісі бар.
Әлемнің дамыған негізгі елдері бүгінде біздің көзқарасымыз бойынша едәуір жоғары деңгейде, 5-ші сатыда тұр – бұл ауруларды басқару, денсаулықты дамыту. Мұнда біз денсаулық үшін ортақ жауапкершілікті, БМСК мен стационарлардан тұратын денсаулық сақтаудың заманауи жүйесін көреміз. Медициналық білім беру жүйесін жақсы дамыған, медицина ғылымы қарқынды даму үстінде. Денсаулықты нығайту және сақтау жүйесі қалыптасқан, саламатты өмір салтын ұстану орталықтары жұмыс істейді, қуатты сектораралық және ведомствоаралық ынтымақтастық бар. Бұл үлгі перспективалы деп саналады және «өлшем» бойынша 80-нен 100 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Әлемнің дамыған елдерінің бүгінгі денсаулық сақтау жүйелері, ең бірінші кезекте ЭЫДҰ, шамамен өлшемнің соңғы жағында тұр. Келесі саты – болашақтың медицинасы – 100 жыл және одан жоғары. Бұл айқын ынтымақты жауапкершілік, пациентке жекеше тәсілмен қарау, жоғары технологиялық медицинаны енгізу және оның негізінде дараландырылған, болжанған және профилактикалық медицина деп аталатын қағидалар желісі жатыр. Менің айтқым келгені, әлемнің ең дамыған елдері, олардың үлгілері өлшемнің 100 жыл деген шегіне жетіп қалған, енді болашақтың медицинасы деп аталатын үлгіге көшіп жатыр. Ал біз алдыңғы бағдарламалардың кешенді қарқынымен төртінші сатыдан – денсаулықты сақтау және нығайтудан өттік, енді «ауруларды басқару және денсаулықты дамытуға» қадам жасадық. Бұл экономикада әрі әлеуметтік саулықта үлкен орынға ие, жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасында толығымен қамтылып отыр.
– Онда «Денсаулық — 2020» бағдарламасында алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қаншалықты назар аударылады?
– Әрине, БМСК денсаулық сақтау, қаржылық, технологиялық, адами ресурстардың жартысын, тіпті жартысынан көбін алатын болады. Өйткені халық сұранысы – бұл ауруды асқындырып жібермеу үшін денсаулық кінәраттарын бастапқы деңгейде-ақ шешу болып табылады. Әрі бұл біздің үлгіміздің тарихы мен дамуының өте қисынды, табиғи жолы. Әлемнің барлық жоғары дамыған елдерінің барлығында осылай қалыптасқан. Мәселен, Австралияда БМСК-ға барлық қаржы-қаражаттың – 60, Францияда – 49, скандинав елдерінде 50 пайызы бөлінеді. Қазақстан өзін әлеуметтік саясаты қуатты мемлекет деп жариялағандықтан, болашақта әлеуметтік қызметтер де кеңейетін болады. Мұндай тәсіл философияны түпкілікті қайта қарауды, «бастапқы деңгейді» мықты күштермен бекітуді талап етеді. Қалай және қандай медициналық-әлеуметтік қызметтердің халыққа жақындатылатыны – бұл да талқыға салу үшін үлкен тақырып. БМСК деңгейінде амбулаторлық деңгей үшін дәрілік құралдарды толық, тегін, рецептуралық шығаруды енгізу жоспарлануда. Қызық жайт: қандай да бір мемлекеттің халықты дәрілермен бірінші медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қамтамасыз ете алуы сирек кездеседі. Көптеген елдерде тек бір ғана, бөлек ауру түрлері бойынша ғана, мәселен, қант диабеті ауруы бойынша ғана бағдарламалар жұмыс істейді.
– Бағдарламада тек мемлекет қана емес, адамның өзі де өз денсаулығы үшін жауапты екендігі туралы баса айтылған. Осы жөнінде ойыңызды білдіре кетсеңіз.
– Бұл бағдарламаның екінші ең маңызды тезисі – денсаулық үшін ортақ жауапкершілік. Егер денсаулық сақтаудың 30 едәуір дамыған үлгісін алар болсақ, онда идеалға жетелер жолдағы негізгі факторлардың бірі, қаржыландырудан, сауатты басқарудан басқа, денсаулық үшін ортақ жауапкершілік факторы болып табылады.
Ортақ жауапкершілік – бұл дәрігерлер мен аурудың ауыртпалықтарын бөлісуі. Біз күн сайын ондаған жап-жас азаматтардың көлік апатынан мерт болып жатқанының куәсі боламыз. Өз денсаулығына салғырт қараудың нәтижелерін көріп жүрміз: темекі тарту, ішімдік ішу, май басу. Өкініштісі, халық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алып жатыр, бірақ өз денсаулығы үшін жауап беру керек деп ойламайды. Егер де адамдар өз денсаулығы үшін осы жауапкершілікті алып, мемлекет пен денсаулық сақтау жүйесімен бірге бөліскен жағдайда, біз бүгінгі үлгінің тиімділігін үш-төрт есе арттыра алар едік.
Тағы бір мәселе – жаңа технологияларды енгізу. Әлемде науқастарды басқару бойынша әзірленген көптеген технологиялар бар, емдеудің халықаралық хаттамалары, қабылданған диагностикалау стандарттары бар. Менің ойымша, алдағы екі-үш жылда ең болмағанда осы екі элементті – ортақ жауапкершілік пен жаңа технологияларды енгізсек, онда бүгінгі жүйе бәсекеге қабілетті болады да, көптеген мәселелерді алдағы үш-бес жыл ішінде шешіп тастаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл туралы бірнеше рет сөз етті. Мемлекет те, жұмыс беруші де, пациент те денсаулық үшін жауап берулері тиіс. Меніңше, жаңа бағдарлама Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің әлемдік трендтер арнасында дамып келе жатқанының және халықаралық стандарттарға жақындағанының дәлелі болып табылады. Әрине, мұнда да кез келген тұжырымдамада болатындай, маңызды талқылауды талап ететін мәселелер бар. Мысалы, медициналық сақтандыру мәселесі. Бұл бөлім сала ішінде де, ұлттық деңгейде де арнайы талқылауды қажет етеді. Жұмыс беруші де, мемлекет пен жұмысшының өзі де денсаулық үшін осы жауапкершілікті бөлісулері керек. Біз медицина мен көмек көрсететін адамдардың еңбегіне ақы төленуі тиіс екенін түсінуіміз қажет. Сақтандырудың өзі негізгі мақсат болып табылмайды. Бұл тек денсаулық сақтау саласының саясатын жүзеге асыру құралы және ең алдымен денсаулық үшін ортақ жауапкершілікті дамытуға және енгізуге бағытталған. Бірлесіп төлеу қосымша фактор болуы мүмкін. Мәселен, мен жұмыс істеген Жапонияда халықты 100 пайыз сақтандыру – пациенттің медициналық қызметтер үшін бірлесе төлеуімен толықтырылады, әлеуметтік мәртебесіне қарамайды (10-20 пайыз). Адамдарды бұл тәсіл жақсы тәрбиелейді, өз денсаулығына ұқыпты қарауға мәжбүрлейді. Әрине, бұл Қазақстанда халық арасында қалыптасып қалған керенаулық, өз қажеттілігін ғана қанағаттандыратын тәсілдермен қақтығысатын болады. Дегенмен де, оны шешу қажет.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бағдарламалардың барлығын нығайтуға, олардың бәрін аймақтар арасында түзетуге, бірыңғай төлеуші жүйесін көп арналы жүйеге бейімдеуге мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру жүйесін басқару үшін тиісті технологиялық, ақпараттық жүйе қалыптастырылатын және енгізілетін болады. Жалпы, бағдарлама екі саты арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Біріншісінде – 2016-2017 жылдары жаңа тетік, технологияларды енгізу, ресурстардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық база дайындау көзделген. Екіншісінде – 2018-2020 жылдары денсаулық сақтау жүйесін жоғарыда айтылған басымдықтарға назар қоя отырып, жаңғырту жүзеге асырылады. Меніңше, жаңа бағдарлама бұған дейін іске асырылған мемлекеттік бағдарламалардың логикалық жалғасы әрі еліміздегі денсаулық сақтау саясатының сабақтастығы болып табылады. Және ол денсаулық сақтаудың халықаралық саясатының дамуымен толық сәйкестікке қарай келе жатыр.
– Айқан Ақанұлы, жаңа бағдарламаны сауатты, сапалы іске асыратын бүгінгі таңдағы кадр мәселесінің жай-күйі қалай?
– Кадрлар бізде жеткілікті. Ең бастысы – оларды тиімді пайдалана білу. Қазір біз медициналық білімді Болон үдерісінің қағидалары бойынша дамытып жатырмыз. Бізде медицина қызметкерлерін дайындаудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді – бакалавриат, магистратура, резидентура. Бұл жүйе PhD-мен, яғни докторантурада дайындықпен аяқталады. Мәселенің бәрі оны өңдеп, халықаралық стандартқа сай етуге келіп тіреледі. Бұл қолымыздан келеді деп ойлаймын. Мәселен, тек соңғы 3 жыл ішінде біз университетке 400-ден астам визитинг-профессорды әлемнің 40 елінен шақырттық. Шамамен 200 студентіміз шетелге оқуға жіберіледі. Ендігі алдымызда тұрған міндет – медицина қызметкерінің заманауи кәсіби тілі – ағылшын тіліне көшу. Биыл 10-11 мың студенттің 10 пайызы ағылшын тілінде білім алады деп жоспарлап отырмыз. Мұнда денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамытуға деген күшті ынта-жігер – медицина қызметкерлерін іріктеу мен қабылдау саясатын жетілдіруді қарастыратын, түлектер мен жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілік деңгейлерін реттейтін Ұлттық біліктілік шеңбері болмақ. Қазірдің өзінде түлектердің білімін тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілген, оқу үдерісі ғылым, білім және клиникалық тәжірибенің бірлесуі негізінде жүзеге асырылады. Әлемдік білім беру кеңістігіне дендеп ену үшін үлкен, бірақ қажетті қайта құру жүруі тиіс.
– Бағдарлама жобасында дәрі-дәрмек саясатына ерекше назар аударылған. Осы жөнінде қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Екінші сатыда бүкіл жүйе дәрілер өндірісінің, сатудың, таратудың және тағайындаудың бүкіл әлем қабылдаған стандарттарының негізінде жұмыс істеуі керек деген ой туындайды. Халықаралық деңгейдегі фармацевтикалық инспекторат енгізіледі. Жоғарыда аталғандардың барлығы көрсетілетін қызметтердің сапасын «бірінші сатының» деңгейіндегідей де, стационар, жоғары мамандандырылған орталықтар деңгейіне дейін арттыруға бағытталған. Әрі бұл дұрыс болып табылады. Егер біз денсаулық сақтау жүйеміз бәсекеге қабілетті болуын қаласақ, ол жоғары сапаны қамтамасыз етуі тиіс.
Бағдарламаның келесі қызықты бағыты болжау, тәуекелдер мен ауруларды басқару және жалпы өлім-жітімділіктегі тәуекел факторын төмендетуді болжау жүйесін енгізу болып табылады. Бұл созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алу. Және де еліміздің бұған дейінгі саламатты өмір салтын құру қызметін қалыптастыру мен дамыту жөніндегі барлық іс-әрекеттері практикалық жағынан қолданылуы тиіс. Мұндай сәтті бағдарламаларды әлемнің дамыған елдерінің барлығы бастан өткерген, оның ішінде ЭЫДҰ ХХ ғасырдың соңында және ХХІ ғасырдың басында. Біздің 15-20 жыл кейін келе жатқанымызды жоюымыз қажет, оның үстіне біздің технологияларымыз бен әдістеріміз әзір: мұндай бағдарламалар ХХ ғасырдың соңындағы Қазақстанның медициналық ғылымының пәні болған еді. Тағы бір қызықты заңдылық – профилактикалық, емдік, реабилитациялық, медициналық, әлеуметтік қызметтердің барлық циклі көрсетілген әрбір бағыт бойынша, жекелеген аурулар, мәселен жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша топталатынын бағамдайтын кластерлік тәсіл. Біздің елімізде бұл алғаш рет өткізілетін болады. Бағдарламаның тағы бірнеше ерекшелігі бар, олар шынайылыққа, тиімділікке және сәттілікке кепілдік береді деп ойлаймын. Біріншісі: бағдарламада Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінің стандарттарына бейімделуі тиіс деген тұжырым бар. Көптеген дүниелер зерттеліп-зерделеніп, қабылдап алынады, бейімделінеді, ЭЫДҰ тәжірибесіне қарай қолданылатын болады. Екінші ерекшелік – Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси жігері мен еліміздің саяси тұрақтылығы. Осы аталғандардан «Денсаулық-2020» бағдарламасы жаңа сападағы, келешекке бағытталған, жақын болашақта Қазақстанның әлемнің едәуір дамыған 30-дығына енуіне мүмкіндік жасайтын бағдарлама боларына көз жеткіземіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы.
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/09/09/75477