Асимов Марат Абубакриұлының 60 жылдық мерейтойын атап өтті
2014 жылдың қыркүйектің 29 жұлдызында Коммуникативтік дағдылар, психотерапия негіздері, жалпы және медициналық психология кафедрасының ұжымы мен Педиатрия департаменті университет көлемінде Асимов Марат Абубакариұлының 60 жылдық мерейтойын атап өтті.
Осыған орай, университетімізде «Международная школа болезни Паркинсона, двигательных и поведенческих расстройств» атты ғылыми-практикалық форум өткізілді.
Марат Абубакриұлы 1954 жылдың 29 қыркүйегінде зиялы отбасында дүниеге келді (әкесі Абубакри дәрігер-невропатолог, психиатр, нарколог).
1978 жылы Алматы Мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін тәмамдап, 1978-1980 жылдар аралығында Жамбыл қаласында облыстық психоневрология диспансерінде дәрігер-ординатор, 1980-1987 жылдары Алматы облысы психоневрология диспансерінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1987-1989 жылдары Ленинград қаласында В.М.Бехтерев атындағы ғылыми зерттеу институтында клиника ординаторы, 1989–1994жж. Алматы облысының психоневрология емханасында психиатрия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1994–1999 жж. Республикалық психиатрия емханасында психиатрия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол 1990 жылдан бері жоғары дәрежелі дәрігер.
1994 жылы В.М.Бехтерев атындағы ғылыми зерттеу институтында «Эндогендік депрессия және акупунктуралы психофармакологиялық кері әсерлерді емдеуде инеегуді психофармакотерапиямен біріктіріп қолдану» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1999 жылы Санкт-Петербург қаласындағы В.М.Бехтерев атындағы ғылыми зерттеу институтында «Эндогендік психозды дәрісіз терапиямен емдеу әдісін кешенді қолдану» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады.
1999 жылы ҚазММУ психиатрия кафедрасының ассистенті ретінде қызмет атқарып, 2000 жылы доцент қызметіне ауыстырылады. 2002 жылдан бері С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің психиатрия және наркология кафедрасының профессоры. 2008 жылдан бастап Коммуникативтік дағдылар, психотерапия негіздері, жалпы және медициналық психология кафедрасының меңгерушісі. Коммуникативтік дағдылар орталығының жетекшісі. Жалпы дәрігерлік еңбек өтілі – 36 жыл, педагогикалық еңбек өтілі – 15 жыл.
Ол университетімізде Мәжілістің және Кодекс анты этикалық кеңесінің мүшесі. Университетімізде Студенттердің ғылыми зерттеу жұмысы мен МСБ ұйымын басқарды. Республикалық медициналық білім және ғылым инновациялық технология орталығының тәуелсіз сарапшысы. 2006жылдан бері Орталық Азия қоғамының биологиялық психиатрия Президенті. Биологиялық психиатрия Халықаралық қоғамының мүшесі. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және университетіміздің бірқатар мақтау грамоталарымен марапатталды.
Ғылыми зерттеу жұмысында түрлі жетістіктерге жетіп, қазіргі кезде Берлин қаласының Chariteг клиникасымен бірлесіп қолға алынған ғылыми жобаның жетекшісі. Сонымен қатар, университет деңгейінде қартаю мәселелері бойынша ғылыми зерттеу жобасына жетекші. Ол 150-дей ғылыми жұмыстың, оның ішінде 3 монография, 3 әдістемелік нұсқау, 1 оқу құралы мен 1 оқулықтың авторы. Оның жетекшілігімен екі кандидаттық диссертация қорғалды.
Университетіміз бойынша білім беру үрдісіндегі инновациялық технологияларды енгізу шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда, атап айтар болсақ, «Коммуникативтік дағдылар», «Психология», «Педагогика», «Конфликтология» бойынша университетіміздің оқыту-шылары мен профессорлар құрамына біліктілік жетілдіру курстарынан дәріс жүргізеді.
Қазіргі кезде университет ректоратының қолдауымен БСЗБжМБРҒН Орталығы және Оқу депертаменттерімен бірлесіп, коммуникативтік біліктілікті дамыту бойынша семинарлар ұйымдастырып, әдістемелік жұмыстарын атқарып келеді.
ҚР бойынша дәрігерлерге, психолог мамандар мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған коммуникативтік біліктілікті жетілдіру бойынша Дипломнан кейінгі білім беру иститутымен бірлесіп білім жетілдіру циклдерін жүргізуде. 2014 жылдың өзінде ғана М.А. Асимовтен 90 дәрігер, 50 психолог маман, 52 әлеуметтік қызметкер білімдерін жетілдірді.
Құрметті Марат Абубакриұлы, кафедра ұжымы болашақ білікті дәрігерлер дайындаудағы кәсіби еңбегіңізді құрметтей отырып, Сізді адам өмірінің айтулы белесі – 60 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет Сізді қатардағы қызметкерден белгілі де беделді дәрігер, іскер басшы деңгейіне көтерді. Осындай еңбек пен жеке басыңыздың талапшылдығы отбасыңыз үшін ғана емес, өзіңізбен қанаттас жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін үлгі екендігі даусыз.
Сізге осындай мерейлі сәтте шын көңілімізбен зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Қоғамымыздың игілігі, адамдардың салауатты өмірі жолындағы күрделі де, жауапты қызметіңізде бұдан былай да абырой биігінен көріне беріңіз деген тілек білдіреміз!