«Сәкен мұрасы – сарқылмас қазына»
«Сәкен мұрасы – сарқылмас қазына»
Қазан айының 16-шы жұлдызында ұлтымыздың біртуар тұлғасы,әйгілі қаламгер Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойына орай,»Қазақстан тарихы және әлуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасы «Сәкен мұрасы –сарқылмас қазына» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл жиында доцент Рысалдина Ғанижамал Төлеуқызы, оқытушылар Исаева Мейрамгүл Ибадуллақызы, Таласбаева Ләззат Досымханқызы, Илгидаева Сымбат Мошынқызының жетекшіліктерімен Жалпы медицина факультетінің 2 курс, 4 және 6 топ студенттері белсене қатысып, өз білімдерін паш етті.
Кез келген шараны өзіндік харизмасы бар, шешен де өткір тілді жүргізушілер жүргізеді. Осындай қасиеттерімен ерекшеленген ЖМ13-004 тобының студенттері Бердуаш Бексұлтан мен Жаңбырбай Дана кештің мәнін, сәнін келтіре білді. Кеш барысында айтулы тұлғаның қиын да әділетсіз өмір жолына ЖМ13-004 тобының студенті Нарзулла Надир мен ЖМ13-006 тобының студенті Мұратхан Нұрдана тоқталып өтті. Сәкен Сейфуллиннің жанды тебірентетін, мұңға тартатын өлеңдері сансыз көп. Солардың бірі — «Сыр сандық» атты өлеңінің әсерлі мазмұнын ЖМ13-006 тобының студенті Абдуалиева Ақерке дүйім жұртқа көркем жеткізе білді. Біздің университетімізде үштілділік саясаты жүргізілетіндіктен, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндамалар тек ана тілімізде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де қорғалынды. ЖМ13-004 тобының студенттері Айдарбек Айдана мен Ануар Раушан ұлы қайраткер жайлы қызықты мәліметтерімен жиналған қауыммен ағылшын тілінде бөліссе, осы топтың студенті Маратова Анель Сәкен Сейфуллиннің қоршаған ортасы, достары туралы тапқан мағлұматтарын орыс тілінде қорғап шықты.
Қазақ — әнді, күйді сүйетін халық қой. Қандай кеш домбыраның әсем де сарынды үнімен өтпейді? ЖМ13-006 тобының студенті Исләмбеков Ерсұлтан «Адай» күйін орындап, көрермен қауымын домбыраның тебірентерлік үнімен жаулап алды. Жиынға ат салысқан студенттер әлі көп-ақ, тізе берсек, таусылмайды. Бұл, әрине,мақтарлық жайт.
Кеш соңында студенттер дана да дара тұлғаның «Жас қазақ марсельезасы» атты туындысын жалынды да жігерлі рухпен орындап шықты. Кеш қонақтары кафедра меңгерушісі, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Зейнегүл Ұбайдайқызы Бисенбаева мен доцент Рысалдина Ғанижамал Төлеуқызы студенттер көрсеткен дүниеге ризашылығын білдіріп, ізгі тілек-ниеттерін айтты.
Біз, қазақ халқы, Сәкен Сейфуллиндей ұлы жазушы, әдебиеттанушы, қаламгер, қоғам қайраткерімен мақтануымыз керек. Оның елге қосқан үлесі, еңбегі, ұлтымыздың асқақтауы үшін жүргізген күресі — жастарға үлкен өнеге, үлгі. Ұлы тұлғаның алтындай бағалы шығармалары жас ұрпаққа орны толмас қазына, байлық. Сондықтан да Сәкен Сейфуллин мұрасын қастерлейік, қадірлейік әрі құрметтейік!
ЖМ13-004 тобының студенті Тілеуқұл Нұрлыайна