Ташкентте қазақтан шыққан тұңғыш әйел-дәрігер Гүлсім Асфендиярованың мемориалдық кешені ашылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді әйел-дәрігер Гүлсім Асфендиярованың жерленген жері — Ташкентте мемориалдық кешен ашылып, құлпытасы жаңартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы қараша айында Шымкентте туған. 1901-1908 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі әйелдер медицина институтында білім алған.
Ғалымдардың айтуынша, қазақ қызы Орталық Азиядағы медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Атап айтқанда, дәрігерлер мен мейірбекелерді даярлайтын курс ашты, аурухана және емханаларды құруға ықпал етті.
Сонымен қатар ол 1900 жылдардың бас кезінде Орталық Азияда тұңғыш рет кесір тілігі отасын жасап, әйелдерді босандырған, тұңғыш жекеменшік перзентхана ашқан адам.
Гүлсім Асфендиярова белгілі дәрігер Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Зерттеушілер атап өткендей, олар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін құруға негіз болған ілкімді жобалар мен бастамаларды әзірлеген.
Бірнеше жылға дейін көпшілікке қазақ қызының мәңгілік тыныш тапқан мекені беймәлім болып келген еді. Кейін Асфендияровтар әулетін зерттеушілер және қайраткерлердің еңбегіне бей-жай қарамайтын өзбекстандықтардың көмегімен Гүлсімнің Ташкент қаласындағы Боткин бейітінде жерленгені анықталды.