Қазақ медицинасының майталманы
Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұйымдастыруымен еліміздің мақтанышы, отандық медицинаның дамуына өзіндік үлес қосқан көрнекті ғалым, академик, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы ең жоғары марапаттың, Мемлекеттік сыйлықтың, І дәрежелі «Достық» орденінің иегері, Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шармановтың 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Отандық медицина саласының ардагерлері, медицина саласындағы халықаралық ұйымдар өкілдері, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысқан кешті С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Айқан Ақанов жүргізіп отырды.
Аталмыш университеттің 1200 орындық «Конкордия» театрында өткен алқалы жиынның беташары Мемлекет басшысының мерейтой иесіне жолдаған құттықтауымен ашылды. Елбасының сәлемін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова жеткізді.
«Құрметті Төрегелді Шарманұлы! Сексен бестің төріне сергек қалпыңызда келіп отырған мерейжасыңыз құтты болсын! Сіз дәрігер маманы ретінде үзбей ізденудің, халыққа адал да абыройлы еңбек етудің нәтижесінде кәсіби біліктіліктің биік шыңына шығып, қоғамда бұлжымас беделге ие болдыңыз. Жоғары адамгершілік қасиеттеріңізбен, зор ұйымдастырушылық қабілетіңіздің арқасында республикамыздың денсаулық сақтау министрлігіне жетекшілік жасап, осы салада ауқымды істер тындырып, лайықты қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ғылыми ізденістеріңіз де жемісті болып, КСРО Медицина ғылымы академиясының академигі атандыңыз. Әлемдік денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы сыйлығымен марапатталдыңыз. Осы уақытқа дейін белсене еңбектен қол үзбей, әлемдегі ең озық медицина жетістіктерін өз елімізде қолдануға, халқымыздың денсаулық сақтау мәдениетін арттыруға атсалысып келесіз. Сіздің өнегелі өміріңіз бен жемісті еңбек жолыңыз жастарымызға жақсы үлгі. Осы еңбегіңіздің зейнетін ұзағынан көре беріңіз. Зор денсаулық, баянды бақыт, әулетіңізге амандық пен игіліктер тілеймін», – делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың да ізгі тілектері мен ғалымның туған жері Жезқазғаннан жолдаған жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізді.
Төрегелді Шарманұлы еңбек жолын ауыл дәрігері болып бастап, отандық медицина саласында жауапты қызметтер атқарып, әлі де аттан түспей жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келеді. Ол қашанда өзін кәсіби маман, асқан ұйымдастырушы, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын айтулы тұлға ретінде таныта білді. Ғылым жолындағы жемісті қызметі, халық денсаулығын нығайту мен жақсартуға сіңірген орасан зор еңбегі Қазақстан медицинасы тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз.
Т.Шармановтың есімі Қазақстан медицинасымен тығыз байланысты. Әсіресе, оның білікті ұйымдастырушы ретінде 1978 жылы Алматыда 146 мемлекет делегациясы қатысқан атақты Адамзат денсаулығының ХХ ғасырдағы ұлы хартиясы атанған құжатты қабылдаған ДДҰ-ның халықаралық конференциясын өз дәрежесінде өткізуі, 1988 жылдан өзі негізін қалаған Тағамтану ғылыми-зерттеу институтын бүгінде халықаралық дәрежедегі ұлттық академияға айналдыруы, Үкімет алдына азық-түлікте темір, йодтың жетіспеуін жою үшін ұнды микроэлементтермен байыту туралы ұсыныстар қойып, сол жөнінде Елбасына арнайы кіріп, соның негізінде Президент Үкіметке саламатты тамақтанудың мемлекеттік саясаты жөнінде доктрина жасауды тапсыруы, сондай-ақ, ғалымның тек денсаулық сақтау саласында емес, қоғамдағы қайраткерлігі өз алдына бір төбе.
Бір айта кетерлігі, әрі кештің ерекшелігі десек те болады, модератор Айқан Ақанұлы баяндама орнына мерейтой иесіне орысша, қазақша, ең соңында ағылшынша сауал қойып, сұхбат жүргізе отырып, жиынды қызықтыра түсті.
Өз кезегінде мерейтой иесі сонау балалық шағына, азамат болып ер жеткен тағылымды өміріне саяхат жасап, көрікті ойымен, өмірден түйген пәлсапасынан сыр ақтарып, еркін әңгіме-дүкен құрды. Сонымен қатар, Төрегелді Шарманұлының үзеңгілес достары – академик Камал Ормантаев, бұрынғы Денсаулық сақтау саласын әр жылдарда басқарған Василий Девятко, Төлебай Рақыпбеков, т.б. қызметтес болған әріптестері, шәкірттері мерейтой иесі жайлы қызықты естеліктер, жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында айтулы тұлға жайлы деректі фильм, 200-ге жуық слайд-шоу көрсетіліп, әннен шашу шашылды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,