ҚазҰМУ-да өткен «Поэзия! Менімен егізбе едің…» атты әдеби-музыкалық кеш
Үстіміздегі 2019 жылдың 07 ақпан күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ- да қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Поэзия! Менімен егізбе едің…» атты әдеби-музыкалық кеші өткізілді.
Ақынмен деп мен қалай айта аламын,
Бұрынғы ақындарды қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,- деген өлеңінде айтқандай, өзіне дейінгі өлең сомдаудағы қазақ поэзиясының ұлттық мектебі мен дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан Мұқағали Мақатаев – ХХ ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі. Мұқағали сонау ақындық жолын бастаған уақыттан бастап-ақ, халықтың жүрегін өз поязиясымен жаулап алды.
ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- деген болатын.
Болашақ дәрігерлер адам тәнін ғана емдеп қоймайды, оның жанының да арашасы болуы керек, сондықтан жүрек қылын шертетін поэзия дәрігерлер үшін де жат емес. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық поэзияны, ұлттық тілдің қадір-қасиетін түсініп, қазақ сөзінің інжу-маржанын терген Мұқағали Мақатаевтың жырымен танысу – жас ұрпаққа парыз.
Ақынның өлеңдерінің өміршеңдігі неде?-деген сұраққа былай жауап беруге болады. Мұқағали поэзиясы лирикаға, түрлі сезімдерге, жалпы адамзатқа, табиғатқа, досқа, туған жерге деген махаббаттың үлкен сезімінен туғандықтан оқырманның жүрегін жаулап алған. Өмірдің кез келген жағдайында да оқырмандар жатқа айтып жатады.
Кештің ұйымдастырушылары Жастар саясаты басқармасы, Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, Тілдік пәндер кафедрасы және Жалпы медицина, Фармация, Стоматология мектептерінің 1 курс студенттері сондай-ақ, студенттік театр үйірмесінің мүшелері қатысты.
Мереке барысында студенттер қазақ радиосының алтын қорында сақталған, М.Мақатаевтың өз дауысымен оқылған өлеңдерін тыңдады. Студенттер ақынның өлеңдері мен өлең сөздеріне жазылған әндерін орындады.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада көрермен студенттер арасында Мұқағали өлеңдерін оқудан жарыс ұйымдастырылды. Студенттер арасынан ақынның өлеңдерін жатқа білетіндер жарыса шығып оқыды. Мұның өзі ақынның поэзиясымен университет студенттерінің жете таныс екенін байқатты. Әндерін де бірге қосыла шырқады. Кеш соңында өнерпаз студенттерге алғыс хаттар табысталды.
Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.Апсаттарова
Тілдік пәндер кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев