Академик Александр Анисимович Скоромецтің актілік дәрісі ҚазҰМУ-да өтті
2025 жылдың 9 қыркүйегінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде академик Александр Анисимович Скоромецтің салтанатты актілік дәрісі өтті. Ол – көрнекті ғалым-невролог, Кеңес және Ресей неврология мектебінің мэтрі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ресейдің жоғары мектептің еңбек сіңірген қызметкері, «Денсаулық сақтау үздігі», Ресей Федерациясының еңбек ардагері, Ресей мен Украинаның бірқатар медициналық жоғары оқу орындарының құрметті докторы, Ұлыбританияның Корольдік медициналық қоғамының мүшесі.
Актілік дәріс – бұл жай ғана ғылыми баяндама емес. Мұндай іс-шара біздің қауымдастықтың ғылыми және мәдени өмірінде ерекше орын алады. Ол терең ойларға, тарихи белестерге үңілуге, ғылым, қоғам мен білімнің болашағы жайлы толғаныстарды естуге мүмкіндік береді. Бұл – шабыт пен ойлану сәті, әсіресе қарқынды өзгерістер заманында аса маңызды.
Іс-шараны ЖММ-2 деканы Г.А.Шопаева құттықтау сөзімен ашты: «Бүгін біз өзіміздің сүйікті университетіміздің қабырғасында академик А.А.Скоромец сияқты көрнекті ғалымды, неврология саласында танылған көшбасшыны қабылдап отырмыз. Оның қызметі ұзақ жылдар бойы ғылым мен ағартуға шынайы қызмет етудің үлгісі болып келеді. Студенттер мен жас зерттеушілер үшін мұндай деңгейдегі тұлғамен кездесу – сұрақтар қоюға, көкжиегін кеңейтуге және, мүмкін, ғылыми ізденістің жаңа жолдарын белгілеуге берілген бірегей мүмкіндік».
Академик А.А.Скоромец жарты ғасырға жуық өзі негізін қалаған И.П.Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің неврология кафедрасын басқарып келеді. Ол жоғары халықаралық беделге ие, неврологияның іргелі және қолданбалы аспектілерін зерттеп, ми мен жұлынның тамыр аурулары, демиелинизациялық және спондилогендік жүйке жүйесі аурулары, мануалдық терапия саласында ірі ғылыми еңбектер жасады.
Ол шәкірттерімен бірге клиникалық неврологияда жаңа бағыт – жұлынның тамыр ауруларын қалыптастырды. Жұлынның қанмен қамтамасыз етілу ерекшеліктерін ашты, алғаш рет жұлынды қоректендіретін радикуло-медуллярлық артериялардың магистральдық және шашыраңқы құрылымдық нұсқаларының бар екенін және олардың клиникалық маңызын көрсетті. Жұлын ишемиясына және геморрагиялық инсульттерге әкелетін патогенетикалық факторларды жүйеледі. Оның еңбектері неврологияның дамуына зор ықпал етті, ал ғылыми және педагогикалық қызметі жаңа буын зерттеушілерін дайындауға үлкен үлес қосты.
Ғалым 1000-нан астам ғылыми еңбек жариялаған, олардың ішінде 40 монография, оқулықтар мен оқу құралдары бар. Невролог дәрігерлерге арналған «Жүйке жүйесі ауруларының топикалық диагностикасы» атты еңбегі студенттердің ғана емес, практик-неврологтар мен нейрохирургтердің, сондай-ақ медицина жоғары оқу орындарының оқытушыларының да үстелдік кітабына айналды. Бұл еңбек кейіннен 17 рет қайта басылып шыққан! Александр Анисимович университет кітапханасына Жұлынның тамыр аурулары, Туннельдік компрессиялық-ишемиялық моно- және мультинейропатиялар атты басшылықтарды, сондай-ақ Церебралдық ангионеврологияның 2 томын сыйға тартты.
Дәріс фотосессиямен және жүйке аурулары оқулығына естелік қолтаңба беруімен аяқталды! Кездесуге қатысушылардың әрқайсысы алған әсерін, жаңа идеяларын есте сақтап қалғысы келді.
Жүйке аурулары кафедрасы академик А.А.Скоромецке біздің шақыруымызды қабыл алып, ойларымен, тәжірибесімен және ғылыми көзқарасымен бөліскені үшін шынайы алғысын білдіреді.