Алматыда деменциясы бар науқастардың туыстарына арналған дөңгелек үстел өтті
Алматы қаласындағы №1 Қалалық клиникалық ауруханада Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен №1 ҚКА қолдауымен Kazakhstan Alzheimer & Dementia Alliance (KA&DA) ұйымы ұйымдастырған деменциямен ауыратын науқастардың туыстарына арналған Қазақстандағы алғашқы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты — деменция мен Альцгеймер ауруы туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру ғана емес, сонымен қатар күн сайын осы дерттің ауыр эмоционалдық, әлеуметтік және медициналық салдарымен бетпе-бет келетін отбасыларға қолдау көрсету алаңын құру болды.
Дөңгелек үстелді невролог-дәрігер, PhD, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры, когнитивтік бұзылыстар мен Альцгеймер ауруы саласының маманы Цой Радмила Тимсоновна жүргізді.
Кездесу барысында деменцияны ерте анықтау мәселелері, пациенттермен қарым-қатынас ерекшеліктері, туыстардың эмоционалдық күйзелісі және күтім жасаудың заманауи тәсілдері талқыланды. Қатысушылар өздерінің жеке оқиғаларымен ашық бөлісіп, диагноз қойылғаннан кейін отбасылар тап болатын дәрменсіздік сезімі, қорқыныш және ақпараттың жетіспеушілігі туралы айтты.
Туыстарға деменциямен өмір сүретін адамдармен қарым-қатынас жасау және күтім көрсету ережелері туралы ақпараттық материалдар мен жадынамалар таратылды. Отбасына қолдау көрсету пациентті медициналық емдеумен қатар маңызды көмек түрі екеніне ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырушылар өмір сүру ұзақтығының артуы мен халықтың қартаюы деменция мәселесін Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің біріне айналдырып отырғанын атап өтті. Осындай іс-шараларды өткізу — стигманы азайтуға, отбасыларды қолдау жүйесін дамытуға және деменциямен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.







