Алматыда «Мейірбике ісі бойынша білім берудің жағдайы мен болашағы: Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
2025 жылғы 27-28 қарашада Әзербайжан Республикасынан үлкен делегация мейірбикелік білім беруді дамыту және екі елдің медициналық оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға Алматыға келді. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Алматы және Республикалық жоғары медициналық колледждерінде өткен шара денсаулық сақтау саласының жетекшілері мен сарапшыларын, сондай-ақ екі елдің медициналық университеттері мен колледждерінің өкілдерін жинады.
Шара басында конференция қонақтары университет басшылығымен, Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканатымен, халықаралық бөліммен және мейірбике ісі кафедрасы мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ олар ҚазҰМУ-дың бірнеше объектілерін, соның ішінде мұражай, студенттерге қызмет көрсету орталығы, тестілеу орталығы, симуляциялық орталықтарды аралап, жұмысымен танысты. Кейінірек «Мейірбике ісі бойынша білім берудің жағдайы мен келешегі: Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының тәжірибесі» атты конференция барысында мейірбикелерді даярлаудағы қазіргі тенденциялар, білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, халықаралық стандарттар, достас елдерде үздіксіз кәсіби білім беруді дамыту мәселелері бойынша баяндамалар жасалды.
Екінші күні әзірбайжандық делегация Алматының денсаулық сақтау жүйесімен таныстыруды жалғастырып, қаладағы бірнеше медициналық мекемелерді аралады: Жедел жәрдем ауруханасы, №5 қалалық емхана және Республикалық жоғары медициналық колледж. Қонақтар жұмыстың ұйымдастырылуы, инфрақұрылымы және мамандарды оқыту үшін тәжірибелік құралдарды пайдалану және оқытудың ерекшеліктерімен танысты. Шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған замануи мейірбикелерді (қолданбалы және академиялық бакалаврлар) даярлау жүйесі, олардың Қазақстандағы практикалық денсаулық сақтаудағы орны мен рөлі болды.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжанның оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы оншақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар мейірбикелік білім беру саласындағы серіктестікті дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен жобаларды үйлестіру, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандарды даярлау сапасын арттыру бойынша өзара міндеттемелерді нығайтады. Барлық қатысушылар сертификат алды. Конференция екі ел арасындағы кәсіби диалог пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болды. Өткен сапар халықаралық байланыстарды нығайтуға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға және мейірбикелік білім беруді одан әрі дамыту үшін берік негіз құруға ықпал етті.



















