Алматыда Республикалық эндокринология және диабет орталығы ашылды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрамындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты базасында Республикалық эндокринология және диабет орталығы өз есігін айқара ашты.
Салтанатты рәсімге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов және жетекші мамандар қатысты.
Орталықтың ерекшеліктері
Жаңа орталық эндокриндік аурулары бар науқастарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған:
-
эндокринолог кабинеті – эндокриндік патологияларды анықтау және емдеу;
-
«диабеттік аяқ» кабинеті – ерте диагностика мен асқынулардың алдын алу;
-
офтальмолог кабинеті – көру қабілетін бақылау және алдын алу;
-
қант диабетін бақылауға арналған жаңа құрылғылар мен помпалық инсулинотерапияны үйрету;
-
пациенттер мен олардың отбасыларына арналған «Диабет мектептері».
Орталықтың басты артықшылығы – пәнаралық тәсіл. Мұнда эндокринологтармен қатар кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог және невропатолог кеңестері қолжетімді. Бұл науқастарды жан-жақты бақылауға, асқынулардың алдын алуға және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова орталықтың ашылуын айрықша атап өтіп:
«Қазақстанда эндокринология қызметін күшейту – денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі. Жаңа орталықта қолданылатын заманауи диагностика мен емдеу әдістері науқастардың жағдайын жақсартуға, асқынулардың алдын алуға және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді.
Орталық жетекшісі Лаура Даньярова да бұл бастаманың маңызын бөлісті:
«Біздің ұжымда эндокринологтармен қатар офтальмолог, хирург-подолог жұмыс істейді. Институттағы кардиолог, нефролог, гастроэнтеролог, невропатолог мамандарымен бірге кешенді көмек көрсетеміз. Осындай тәсіл науқастарды жан-жақты бақылап, уақытылы көмек алуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, заманауи құрылғыларды қолдана отырып, «Диабет мектептері» арқылы пациенттер дертін басқаруды үйреніп, өз денсаулығын бақылауды меңгереді», – деді орталық жетекшісі.
Айта кетейік, орталықтағы диабеттік табан кабинетінде ерте кезеңдегі өзгерістерді анықтауға арналған заманауи диагностикалық әдістер енгізілген. Бұл аяқ-қолдың саулығын сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың ашылуы еліміздегі эндокринология саласының дамуына жасалған маңызды қадам болып отыр. Өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен институт мамандары Копенгагендегі әйгілі Steno Diabetes Center клиникасында тәжірибе алмасып, Еуропадағы озық тәжірибелерді меңгеріп қайтқан еді.