Алматыда Шарманов атындағы халықаралық сыйлық табысталды – фото
Қордың мақсаты – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобасын қолдау
АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Алматыда Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық сыйлық табысталды. Алғаш рет табысталған медаль екі шетелдік ғалым мен екі қазақстандық дәрігерге берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанда Төрегелді Шармановтың қоры 2021 жылдың ақпанында құрылды. Қордың мақсаты – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобасын қолдау.
Қор қызметі аясында Шарманов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаттары анықталды – марапатқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Джонс Хопкинс университетінің шетелдік ғалымдары Дэвид Бишай мен Майк Шлайф, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер, COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші инфекционистер Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова ие болды.
Лауреаттарды марапаттау рәсіміне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты.
«Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев профессор Төрегелді Шармановты туған күнімен құттықтап, оның отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Төрегелді Шарманов 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бүгін 91 жасқа толды.
Төрегелді Шарманов қазір Қазақ тағамтану академиясының президенті қызметін атқарады. Ол Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы. 1996 жылы «Парасат» орденімен, 2010 жылы жоғары І дәрежедегі «Достық» орденімен, 2016 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Әрі қарай оқу: https://sputnik.kz/society/20211019/18452176/Almaty-Sharmanov-syylyk.html