Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті мен «Anadel» ЖШС-ның қатысуымен функционалды қышқыл сүт өнімдерінің жергілікті өндірісі іске қосылды.
Жобаның ғылыми мақсаты – төмен этерификацияланған пектинді қолдануға негізделген технология. Өнімдер клиникаға дейінгі зерттеулерден өтіп, өнеркәсіптік өндіріске көшу сатысына жетті, детоксикациялық қасиеттерге ие және қолжетімді бағада ұсынылады. Қазіргі таңда өнім желісінде айран, кефир, йогурт және сүзбелі өнімдер шығарылады, ал алдағы уақытта балқытылған ірімшіктер мен функционалды десерттерді өндіру жоспарлануда.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жобаның негізгі ғылыми серіктесі ретінде технологиялық негізді әзірлеуді, клиникаға дейінгі бағалауды және ғылыми нәтижелерді өнеркәсіптік өндіріске енгізуді ғылыми тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз етті. Алматы қаласында «Anadel» ЖШС-мен бірлесіп функционалды қышқыл сүт өнімдерінің жергілікті өндірісін іске қосу импортты алмастыру, сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайту, сапаны бақылаудың ашықтығын арттыру және ішкі нарықта бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда және Мемлекет басшысының қолданбалы ғылымды дамыту, ғылым мен өндіріс кооперациясын күшейту, ғылыми әзірлемелерді нақты практикалық нәтижеге жеткізу жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді.





























