Алматы қаласының медициналық жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының қатысуымен «Латын әліпбиі – жастар болашағы» атты дөңгелек үстел
2019 жылы 28 ақпан күні Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Жастар саясаты басқармасының тәрбие жұмысы және білім алушыларды әлеуметтік қолдау бөлімі, Халықаралық медицина факультеті және «Тілдік пәндер» кафедрасы ұйымдастырған «Латын әліпбиі – жастар болашағы» атты дөңгелек үстелге Алматы қаласындағы медициналық жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Алматы қаласындағы медициналық оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстырғанда кездесетін қиындықтар мен медициналық терминдерді латын әрпімен жазу мәселелерін талқылау.
Тәрбие жұмысы және білім алушыларды әлеуметтік қолдау бөлімінің бас маманы Жармағанбет Рымкеш Уақитқызы медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына медициналық оқу орындары арасындағы мұндай байланыстардың аса қажет екеніне тоқтала келіп, бүгінгі дөңгелек үстелдің жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара алдында студенттерді серпілтіп алу мақсатында қазақ жазуы тарихы және қазақ тілі бойынша викториналық сұрақтарға жауап беруден және қазақтың танымал ақындарының латын әліпбиімен жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқудан командалық жарыс өтті. Бұл жарыста С.Ж. Асфендияров ат. ҰМУ студенттері бірінші орын алса, екінші, үшінші орынды Қазақстан-Ресей медицина университеті мен Білім беру мекемесі «Аяжан» колледжінің студенттері бөлісті.
Пікір алмасуда С.Ж.Асфендияров ат. ҰМУ, жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті Мұхамеджан Амангелді медициналық терминдерді қалыптастырудағы латын әліпбиінің маңызы туралы өз ойын ортаға салды. Қазақстан-Ресей медициналық университетінің оқытушысы Құлабаева Римма Тұрсынқызы латын әліпбиіне ауысқан түркі тілдес мемлекеттерде кездескен қиындықтарға, оларда кеткен қателіктерге, сондай-ақ, жеткен жетістіктерге жан-жақты тоқталды. Республикалық жоғары медицина колледжінің оқытушысы Мақбалбаева Рахат Бағланқызы медицина ғылымында латын тілі мен латын әліпбиінің алатын орны туралы өте тұщымды ой айтты. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың доценті, ф.ғ.к. Шыныбекова Айгүл Күлшайқызы университеттерінде биыл ғана ашылған медицина факультетіндегі мәселелерге тоқтала келіп, халықаралық медициналық терминдерді қазақ тіліне бейімдеу жолдарын көрсетті. Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлының термин жасаудағы тілдік амал-тәсілдерді кеңінен қолдану туралы пікірі жұртшылықтың көңілінен шықты.
Дөңгелек үстелге қатысқан университетіміздің «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы, профессор Құлмамбет Исатай Әзімұлы көнерген сөздерге үстеме мағына беру арқылы жасалған бірнеше медициналық терминдерді мысалға келтірді. Сондай-ақ ол Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу саясатын жүзеге асыру барысында университетіміздегі «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының атқарып жатқан істері туралы да айтып өтті.
Университетте өтетін іс-шараларға әрқашан белсене атсалысатын кітапхана ұжымының еңбегіне де ерекше тоқтала кеткен жөн. Кітапхана қызметкері Елеукенова Салтанат дайындағын қазақ жазуының тарихынан сыр шертетін кітап көрмесін студенттер мен оқытушылар қызыға тамашалады.
«Латын әліпбиі – жастар болашағы» атты дөңгелек үстелді қорытындылаған Тәрбие жұмысы және білім алушыларды әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Бекжанов Аян дөңгелек үстелге қатысушы оқытушылар мен студенттерге алғыс білдіріп, оларға алғыс хаттар, дипломдар мен сертификаттар табыстады. Медицина ғылымының мемлекеттік тілде дамуына бірлесіп өткізілген іс-шаралардың алатын маңызы зор деп есептейміз.
Тәрбие жұмысы және
білім алушыларды әлеуметтік қолдау бөлімі,
Тілдік пәндер кафедрасы