«Балалардың денсаулығы ең маңызды!» Алматыда өткен «Барлыбаева оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясында Қазақстанның және шет елдердің үздік педиатрлары бала денсаулығының негізгі мәселелерін талқылады
Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында халықаралық қатысуымен «Барлыбаева оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстанның әртүрлі қалаларынан және басқа елдерден келген жетекші педиатрлар мен басқа да медицина мамандары балалар денсаулығының негізгі мәселелерін талқылады.
Конференцияның негізгі ғылыми бағыттары балалар жасындағы патологиялардың клиникалық аспектілері, педиатриялық тәжірибеде сирек кездесетін аурулар, педиатриялық тәжірибедегі әлеуметтік маңызды аурулар, педиатриядағы вакцинаның алдын алу, педиатриялық тәжірибеде медициналық оңалту, дені сау және науқас баланың тамақтануы, педиатриядағы және балалар хирургиясындағы шұғыл жағдайларды қамтиды.
Конференция Педиатрия мектебі мен Қазақ ұлттық медицина университетінің профессор Н.А. Барлыбаева атындағы балалар аурулары кафедрасы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымен ұйымдастырылды. Конференция ұлттық педиатриялық мектеп пен ғылымның негізін қалаушы, көрнекті педиатр, ғалым, медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған тұңғыш қазақ әйелі – Барлыбаева Нина Ахметқызының 100 жылдығына, Қазақ ұлттық медицина университетінің алғашқы ректоры – Санжар Асфендияровтың 135 жылдығына арналды.
«Барлық педиатрларға өте ауыр, бірақ маңызы зор еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Нина Барлыбаеваның құрметіне осы конференцияны ұйымдастыруға бастамашы болған кафедраға алғыс білдіреміз. «Өткенді біл, бүгінмен өмір сүр және болашақты ойла» деген жақсы сөз бар. Ол осы іс-шараны айғақтайды – деді ҚазҰМУ проректоры Жанна Қалматаева.
Барлыбаева Нина (Нағима) Ахметқызы 1924 жылы дүниеге келген. Ол өмірінің көп бөлігін кішкентай науқастарға көмектесуге және болашақ мамандарды дайындауға арнады. Жергілікті дәрігерден профессорға дейінгі 60 жылдық тамаша еңбек жолын өткерген ол Қазақстан педиатрия мектебінің негізін қалаушы, Қазақстандағы жоғары білікті ұлттық ғылыми кадрлардың алғашқы өкілі болды.
1952-1965 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының емдеу және профилактика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1965-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтында қызмет атқарды, 1971-1991 жылдары бір мезгілде факультет, содан кейін госпитальдық педиатрия кафедрасын басқарды, әрі 1968-1979 жылдары педиатрия факультетінің деканы болды.
1970 жылы Нина Барлыбаева «Педиатрия» мамандығы бойынша ғылыми дәрежесін – медицина ғылымдарының докторын және КСРО Академиясының Педиатрия ғылыми-зерттеу институтында докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін берілген профессор ғылыми атағын алған тұңғыш қазақ әйелі болды.
Негізгі ғылыми зерттеулері профессор Н.А.Барлыбаеваның балалардағы жүрек-қантамыр ауруларының диагностикалауға, клиникалық көрінісіне және емдеуге арналды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының экологиялық ортасын ескере отырып, осы патологияның алдын алу және оған қарсы күресті ұйымдастыру әдістерін әзірлеумен ұзақ мерзімді зерттеулерді атап өтуге болады. Бұл зерттеулердің нәтижелері екі монографияда жинақталған: «Қазіргі кезеңдегі балалар ревматизмі», «Балалардағы ревматизмнің клиникасы, емдеу және алдын алу».
Конференцияда Нина Барлыбаеваның ұлы, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры Нұрғожаев Еркін Смағұлұлы сөз сөйледі.
«Мен педиатрияның өзекті мәселелеріне арналған осы конференцияға, жан-жақты, халықаралық конференцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл конференцияның анамды еске алуға арналғаны үшін ерекше алғыс айтамын», – деді Еркін Нұрғожаев.
«Барлыбаев оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция бірнеше елдің педиатр мамандарының басын қосты. Конференцияға Украина Денсаулық сақтау министрлігінің (Киев) «Охматдит» Ұлттық мамандандырылған балалар ауруханасының директоры, балалар реаниматологы Жовнир Владимир Аполлинариевич белсене қатысты, ол сонымен қатар «ЭКГ бойынша – балалардағы жүрек ырғағының бұзылысы» тақырыбында тәжірибелік шеберлік сабағын өткізеді.
«Баршаңызды педиатрлар қауымы, өткенді, бүгінді біріктіретін, болашаққа бағдар беретін осындай іс-шарада көргеніме қуаныштымын. Расымен Гиппократ ұстазын сыйламаған адам дәрігер бола алмайды деген. Бұл тұрғыда педиатрлардың педиатрияны біліп, құрметтеп, дамытатыны қуантады», – деп атап өтті Владимир Жовнир.
Конференция барысында Қазақстандағы үздік педиатрлардың бірі, балалар аурулары кафедрасында ұзақ уақыт қызмет етіп келе жатқан, ғылыми қызметпен және болашақ медицина мамандарын даярлаумен айналысқан Құрманбекова Сәуле Қаспаққызының педиатриялық қызметке қызметі ерекше атап өтілді. Ол Қазақстандағы педиатрияның дамуына орасан зор үлес қосты және ондаған балалардың өмірін сақтап қалды. Сонымен қатар Сәуле Қаспаққызы ұзақ уақыт бойы университеттің қабылдау комиссиясын басқарды және қазір де педиатрияның игілігі үшін жас педиатриялық қызмет мамандарын даярлау жұмысын жалғастыруда. ҚазҰМУ ректоры атынан Сәуле Қаспаққызының 75 жасқа толған мерейтойына арналған лебізді құттықтау оқылды.
«Дара дәрігер, жаңашыл, медицинаның көрнекті тұлғасы, профессор және С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ түлектерінің бірі де бірегейі – Сіздің есіміңіз қазақ медицинасының тарихында әлдеқашан алтын әріптермен жазылған, сіздің денсаулық сақтау саласын дамытудағы еңбегіңізді асыра бағалау мүмкін емес. Сіздің басшылығыңыз бен қамқорлығыңыз бір кездері өлім мен өмірдің арасында болған бүлдіршіндерді қайта күлімсіретіп, ойнауға жетеледі. Сіздің жүрегіңіз көп отбасыға үміт, қолдарыңыз ем сыйлады», – деп құттықтауын ҚазҰМУ проректоры Жанна Қалматаева оқып берді.
«Көрсеткен ілтипаттарыңызға толқып тұрмын, өйткені менің бүкіл өмірім педиатрия болды. Мен С.Ж. Асфендияров университетінің түлегімін, мамандығыма сенім артып, ақиқатпен қызмет етіп келемін. Мен таңдаған жолыма ешқашан өкінген емеспін, егер мен бәрін жаңадан бастағанда, мен педиатриядан бастар едім, Сіздерге алғыс айтамын және ұстазымыз Нина Барлыбаеваны еске алу күні мені де құттықтағандарыңыз мен үшін зор құрмет. Баршаңызға бақ-береке, ашық аспан, дені сау ұрпақ тілеймін», – деді Сәуле Құрманбекова конференцияға қатысушыларына.
Конференцияның өзі балалардың денсаулығын сақтау мәселелерінің кең ауқымын қамтиды. Ең бастысы – Қазақстанда педиатрларға сұраныстың жоғары болуы. Өздеріңіз білетіндей, педиатрия факультеті 2008 жылы жабылып, тек 2017 жылы ғана жұмысын қайта бастады. Биыл ҚазҰМУ-да 140-қа жуық педиатр-интерндер оқуын тәмамдайды.
«Биыл бізде педиатрия факультетін 140-қа жуық түлек бітіріп жатыр. Олар бізге практикалық денсаулық сақтауда үлкен көмек болады деп сенеміз. Өздеріңіз білетіндей, бізде денсаулық сақтау жүйесінде өзгерістер орын алды және педиатрлардың орнын педиатрия және бала денсаулығы бойынша жеткілікті білімі жоқ отбасылық жалпы тәжірибелік дәрігерлер алмастырды. Сондықтан біз барлық балаларды тексеруді қамтамасыз ете алмадық, педиатрлар жеткіліксіз болды. 2008 жылы педиатриялық факультет жабылды, енді 15 жыл өтсе де тапшылық көріп отырмыз. Ал биыл соңғы 15 жылдағы алғашқы педиатрлар оқуын аяқтайды», – деді С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Н.А. Барлыбаева атындағы балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс педиатры Ташенова Гүлнар Тәліпқызы.
Айта кеткен жөн, ҚазҰМУ-дан кейін Қазақстанның басқа да медициналық университеттері педиатрларды даярлауды қайта бастады, бірақ олар болашақ педиатрларды 5-6 жылдан кейін ғана еңбек жолына жібереді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, бұл қазірдің өзінде педиатриядағы кадр тапшылығын толтырудағы оң үрдіс. Ал болашақ және қазіргі педиатрлар үшін мұндай конференцияларды өткізу олардың теориялық және практикалық білімдері мен дағдыларын толықтыруға тамаша мүмкіндік.