Балалар үйлері арасындағы І-ші қайырымдылық «Per aspera ad astra» шаxмат фестивалі
1 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Жалпы медицина» факультеті студенттерінің ұйымдастырылуымен балалар үйлері арасындағы І-ші қайырымдылық «Per aspera ad astra» шаxмат фестивалі болып өтті.
Бірнеше шараны бір күнде жоғары деңгейде өткізу үшін үлкен маxаббат, үлкен күш, үлкен мейірімділік жұмсалғандығы көрініп-ақ тұр.
Фестиваль 25-30 қыркүйек аралығында әр балалар үйінде өзара шаxматтан 1 тур өткізілуімен өз бастамасын бастады.
Іс-шараға Алматы қаласы, Алматы облысы бойынша 6 балалар үйі, атап айтқанда:
№1 қалалық балалар үйі, №1 облыстық балалар үйі, «Нұр» балалар үйі, «Ақ үміт» балалар үйі, «Ковчег» балалар үйі, «SOS Детская деревня» балалар үйі қатысты.
І-ші қайырымдылық «Per aspera ad astra» шаxмат фестиваліне
Халықаралық Гроссмейстер А.Филиппов атындағы «Мир шаxмат» мектебі және оның басшысы Филиппов Антон Вальериевич қолдау көрсетті. Шаxмат турнирі швейцариялық жүйеде өткізілді.
Шахмат сайысының қорытындысы бойынша:
І орын – Гайнулин Ринат («SOS Детская деревня» балалар үйі) – арнайы «Мир шаxмат» мектебінің кубогі және медалімен марапатталып, жеңісі үшін «Gyroscooter»-ды тізгіндеді.
ІІ орын – Сансызбаев Ерболат («SOS Детская деревня» балалар үйі) – арнайы «Мир шаxмат» мектебінің кубогі және медалімен марапатталып, жеңісі үшін «РocketВook»-ты қанжығасына байлады.
ІІІ орын – Жолдашалиев Әділет («Ақ үміт» балалар үйі) – арнайы «Мир шаxмат» мектебінің кубогі және медалімен марапатталып, жеңісі үшін «Үстел футбол ойынын» ұтып алды.
Жүлделі орындардан бөлек, «Ең жас ойыншы», «Ең әдемі ойын үшін», «Ең әділетті ойын көрсеткені үшін», «Жеңіске деген талпынысы үшін», «Көрермен көайымы» сияқты номинациялар анықталып, сый-сыяпаттармен марапатталды.
Сайысқа қатысқан әрбір бала өзінің ой ұшқырлығымен көзге түсе білді. Сондықтан ұйымдастырушылар тарапынан әрбір балаға жеке жеке сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Басты сайыс аяқталғаннан соң, балалардың түскі ас мәзірі «Тағам» асxаналар желісінде жалғасын тапты.
22 балаға тегін кіру билеттерін ұсынған «EVRICUM» ғажайыптар паркінде (MegaPark Almaty) нағыз ғажайыпты көруге мүмкіндік болып, фестиваль әрі қарай көңілді де, қызықты бола түсті.
Сонымен қоса, ҚазҰМУ «Мейірімді жүрек» еріктілер тобы, «ҚазҰУ Көмек» қоғамдық қоры, , «KazMSA KazNMU», «Alma Mater»LDC, жалпы медицина факультеті студенттік деканаты, «Center print» жарнама агенттігі шараның жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің үздіктерін жинап, өзара сынға түсетін күні – «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» демекші, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы координаторларға, төреші болған қыз-жігіттерге, жобаның бас аяғында жүгіріп жүрген достарымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз! Көзге көрінген де, көрінбей жанын салып аянбаған жандарға, көмек көрсеткен барша қауымға алғыс білдіреміз!
Біз балалардың болашағына сенеміз!
«Жалпы медицина» факультеті
5 курс студенттері