Білім беру деңгейлері бойынша «Фармация» бағдарламасының сабақтастығы
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінде 2025 жылғы 28 наурызда университет қызметкерлері, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті, Қазақстан Республикасындағы медициналық колледждердің қатысуымен «Фармациядағы білім, ғылым және практика интеграциясы. «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуда білім беру бағдарламаларын сабақтастыру арқылы фармацевтикалық білім беру сапасын арттыру:
Дөңгелек үстел Қазақ Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің бас сарапшысы Наурузбаева А.С., білім беру бағдарламалары комитетінің төрағалары мен сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағалары, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінің профессор-оқытушылық құрамының және 35 медициналық колледждің өкілдері қолдауымен ұйымдастырылды.
Фармацевтикалық білім беру денсаулық сақтау саласында тиімді жұмыс істей алатын кәсіби мамандарды дайындауда басты рөл атқарады. Фармацевтикалық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз ететін білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастық пен кәсіби ынтымақтастықты дамыту маңызды аспект болып табылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің бас сарапшысы А.С. Наурузбаева қазіргі уақытта елімізде медициналық қызметкерлерді даярлайтын 94 медициналық колледждің бар екенін, олардың 24-і мемлекеттік, 70-і жекеменшік екенін атап өтті.
Қазіргі таңда 66 медициналық колледжде 7 000-нан астам студент «Фармация» мамандығы бойынша білім алуда. Оның ішінде 1 200 студент бюджеттік негізде, ал қалған 6 206 студент ақылы негізде оқиды. 2023-2024 оқу жылында 2 758 жас маман бітіріп шықты.
Фармация мектебінің деканы, профессор Сакипова З.Б. «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша деңгейлердің сабақтастығы, оны дамыту жоспарлары мен перспективалары туралы презентация жасады. Бұл жоспар интеграцияланған тәсілге негізделген: техникалық және кәсіптік білім – жоғары білім – магистратура.
Фармакогнозия және ботаника кафедрасының оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ан В.С. алғаш рет медициналық колледждердің студенттері үшін «Фармакогнозия» оқулығын ұсынды. Фармация мектебінің бас маманы Байтаева А.К. медициналық колледждердің түлектерін кәсіби бағдарлау, бакалавриатқа қабылдау және оқыту шарттары туралы айтып берді.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары «Фармация» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын, оны дамыту жоспарларын, яғни интеграцияланған тәсілге негізделген: техникалық және кәсіптік білім – жоғары білім – магистратура жоспарлары және перспективаларын талқылады.
Фармацевттердің кәсіби қызметі кең ауқымды: медициналық және фармацевтикалық кәсіпорындар, фармацевтикалық қызметті реттейтін ұйымдар, фармацевтикалық бақылау; сынақ орталықтары; сапа бақылау, стандарттау және сертификаттау зертханалары; сот медицинасы орталығының химиялық-токсикологиялық бөлімдері (зертханалар); жедел медициналық көмек ауруханаларындағы токсикологиялық орталықтар; анықтамалық-ақпараттық орталықтар; ақпараттық-аналитикалық орталықтар; білім беру, ғылым, әлеуметтік қорғау және фармацевтикамен байланысты басқа да салалар.
Білім беру бағдарламалары оқу жылдарының басында жұмыс берушілердің өзгеретін талаптары мен кәсіби стандарттарға сәйкес ұйымдастырулар шешімімен өзектендіріліп отырады.
С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да орта фармацевтикалық білім (медициналық колледжден кейін) және басқа мамандық бойынша жоғары білім алған мамандар бірнеше рет бітіріп шықты. Бұл түлектер – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім беру» бойынша жарқын мысал. Бұл мақсаттың мәні – «Барлығы үшін сапалы білімді қамтуды қамтамасыз ету және өмір бойы оқуға мүмкіндік беру».
Дөңгелек үстелге қатысқан Қазақстан медициналық колледждерінің өкілдері білім, ғылым және практика интеграциясының маңыздылығын растады, ұсынылған презентацияларды қызығушылықпен тыңдады, бірқатар ұсыныстар енгізді.
Іс-шара нәтижесінде қатысушылар дөңгелек үстелдің резолюциясын қабылдады, онда мыналар атап өтілді:
- С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Қазақстан медициналық колледждерінің республикадағы медициналық және фармацевтикалық білім беру саласында, сондай-ақ медбике ісін дамыту және денсаулық сақтау саласында ғылыми және инновациялық қызметті дамыту бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда бірлескен қызметті жалғастыру.
- Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, конкурстық іріктеуден өткен және оқуды жалғастыруға ниет білдіргендер үшін (Фармация мектебінің тәжірибелік дағдылар орталығы мен зертханаларында өндірістік тәжірибеден өту).
- Фармация бойынша жоғары кәсіби кадрлар даярлау мақсатында «Фармация» білім беру бағдарламасын жетілдіру, өзектендіру және келісу үшін тұрақты негізде медициналық колледждердің өкілдерімен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру.
- Медициналық колледждердің оқытушылары үшін инновациялық оқыту әдістері бойынша біліктілікті арттыру курстарын, химия, биотехнология және инженерлік пәндер салаларындағы білім мен тәжірибелік дағдыларды кеңейту мақсатында мамандармен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру; университет пен колледждердің студенттері мен профессор-оқытушылық құрамына арналған жазғы және қысқы мектептерді ұйымдастыру.
- Университет пен медициналық колледждердің профессор-оқытушылық құрамынан жұмыс тобын құрып, оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік әзірлемелерді қазақ және орыс тілдерінде бірлесіп жазу және жариялау.