Дипломмен ауылға!
Университетіміздің 2018 жылдың түлегі Қыдырбаева Гүлбану Қостанай облыстық орталық ауруханасында дәрігерлік қызметін атқарып жүр. Гүлбану «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша, ал оның жолдасы «Хирургия» мамандығы бойынша оқуларын тамамдаған болатын.
«Бізге еліміздің барлық өңірлерінен көптеген ұсыныстар түскен еді, бірақ бізге Қостанай өңірі өте ұнады. Бастапқыда біржолғы көтермеақы ретінде 176 750 теңге алдық. Сондай-ақ баспана алуға жеңілдетілген несие берілді. Бұл аймақтың адамдары бізді өте жылы қарсы алды, жұмысымызға барлық жағдайлар жасалды. Жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби дамуына атсалысу әлі де сезіледі. Мен студенттерге қорықпауға кеңес бергім келеді. Резидентураға түсуге асықпаңыздар. Оның орнына үш жыл ішінде жақсы тәжірибе алып, жеті жыл бойы жинап-терген біліміңізді шындаңыз. Кейін бұл резидентурада оқығанда сізге өз пайдасын әкеледі. Аймақтарда жүріп жақсы тәжірибе жинақтауға болады», – дейді ол.