Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «ЖИТС: Кеше, Бүгін, Ертең» конференциясы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 3 және 4 курс студенттерінің ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Барлық жастағы адамдардың салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету және олардың игілігін қолдау» аясында 2025 жылғы 1 желтоқсанда Алматы медициналық колледжінің базасында 150 студенттің қатысуымен «ЖИТС: Кеше, Бүгін, Ертең» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің аға кураторы Бейсенбинова Ж.Б. алғы сөзінде, АИТВ инфекциясының алғашқы кезеңдердегі белгісіздік пен ғылыми ізденістерден бастап, бүгінгі таңда тиімді терапияның, ерте диагностика жүргізудің және сенімді ақпаратқа қолжетімділіктің арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың толыққанды әрі өнімді өмір сүру мүмкіндігіне ие болғанына дейінгі жолын атап өтті. Сонымен қатар ол алдағы нәтижелер жастардың білім деңгейіне, саналы таңдауы мен денсаулығына деген жауапкершілігіне, сондай-ақ стигмаға қарсы тұру қабілетіне тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
Конференция барысында ассистент профессор Нугуманова Г.С. «АИТВ/ЖИТС: қазіргі жағдай және алдын алу» атты мазмұнды әрі ғылыми тұрғыдан негізделген баяндамасын ұсынды. Өз сөзінде ол жаһандық және ұлттық эпидемиологиялық үрдістерді, заманауи емдеу және профилактикалық тәсілдерді, ерте анықтау мен пациенттерді дұрыс бағыттаудың маңыздылығын жан-жақты талдады. Баяндамада PrEP және PEP сияқты жаңа стратегиялар, цифрлық технологиялардың эпидемиологиялық бақылаудағы рөлі, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен дискриминацияны төмендету мәселелері кеңінен қамтылды. Баяндама студенттерге ғылыми негізделген өзекті мәліметтерді ұсынып, ВИЧ/ЖИТС-пен күрестегі қазіргі сын-қатерлер мен болашақ перспективалар жөнінде толыққанды түсінік қалыптастырды.
4 курс студенттері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен дискриминацияға қарсы бейнероликтерін таныстырды.
3 курс студенттері Нұрқаим Амина мен Орынбас Елдана өздері әзірлеген электрондық білім беру платформасы мен подкасттарын ұсына отырып, жастар арасында ақпараттық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық контент тарату бағытындағы жұмыстарымен бөлісті.
Конференция студенттердің білімін арттыруға, АИТВ инфекциясының таралу жолдарын, алдын алу әдістерін және емдеу мүмкіндіктерін терең түсінуге ықпал етті. Сонымен қатар денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдағы стигма мен жалған түсініктерді азайтуға бағытталған тиімді алаң болды.
Конференцияны дайындау мен өткізуге эпидемиология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы – Нугуманова Г.С., Бейсенбинова Ж.Б., Алимханова Қ.Н., Алекешева Л.Ж., Темирбаева Л.Ж., сондай-ақ Алматы медициналық колледжінің өкілдері – Алибекова Л. Д., Тажиева У. А. қатысты

















