Дәрігерлер жауапкершілігін арттыру керек
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2014 жылды қорытындылаған және 2015 жылға міндеттер жүктеген алқа мәжілісін өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр ӨНЕРБАЕВ қатысты.
Басқосуды басқарма басшысының міндетін атқарушы Майра Егембердиева ашып, өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылы алға қойған мақсаттарды пысықтады.
Баяндамашы елдің денсаулығын түзету барысындағы жасалып жатқан жанды көмектерге тоқталды. Облыс тұрғындарына барлығы 935 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Олардың 777-сі мемлекеттік, 158-і жекеменшік.
Бір сырқаттың ауруханада жатып, емделіп шығуы үшін бөлінетін қаржы 77 250 теңгені құрайды. Облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 2013 жылы 70,7-ні құраған болса, 2014 жылы 71,6-ға дейін ұзарды,– деді облыстың бас дәрігерінің міндетін атқарушы. Соңғы жылдары ауыл халқының денсаулығын қадағалауға да ерекше мән берілуде. Осының нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар сырқаттардың деңгейі төмендеді. Мысалы, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Іле, Көксу және Панфилов аудандарында бес жылжымалы медициналық кешен шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына арнайы барып, медициналық көмек көрсетуде. Ана мен балаға ерекше күтім жасалуда. Осының нәтижесінде демографиялық өсім ауыз толтырып айтарлық.
Мысалы, 2013 жылы дүниеге 38408 бала келсе, 2014 жылы туған сәби саны 41 400-ге жеткен. Ана мен бала денсаулығын қадағалайтын және кеңес беретін 48 орталық бар.
Алқада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мақсұт Қалажанов медицинаға бөлінген қаржыны тиімді пайдалану, ем-домды дұрыс жасау жайында көптің көңіліндегі түйткілді ойды қозғады. Бас дәрігерлердің мемлекет қалтасы мен өз қалтасын шатастырып алмауын салмақтады.
Жиында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов сөз алды. Дәрігерлер даярлайтын қара шаңырақтың бүгінгі басшысы әңгімені медицина саласындағы олқылықтардан бастады. Ол: «Қазіргі таңда медицина саласына көптеген жаңалық енгізілуде. Заманауи құрал-жабдықтар керегінше сатып алынуда. Осынша жағдай жасалып жатқанына қарамастан халыққа қызмет көрсету өз дәрежесінде емес. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері Гиппократ антын қабылдағанымен, орындауға келгенде салғырт. Медицина мекемелерінің бас дәрігерлері өздерін қарапайым халықтың қолы жетпес дөкейі сезінеді. Сондықтан біз болашақта «Бас дәрігерлер мектебін» ашпақпыз. Онда бас дәрігерлер мен сол лауазымға үміткерлерге жұмысты қалай ұйымдастыруды үйретпекшіміз. Медицина мекемелерінде тұрғындарға қызмет көрсетуді жандандырудың бір жолы – бәсекелестікті арттыру. Яғни, жекеменшік мекемелердің сапалы жұмыс істеуіне көңіл бөлу керек. Мысалы, облысымызда «Ақбұлақ» атты шипажай бар. Әзірге оны мүмкіндігіне сай пайдаланбай келеміз. Тек жеке адамдар баратын демалыс орны іспетті. Ал оны болашақта инфаркт, инсульт алған сырқаттардың денсаулығын қалпына келтіру мекемесіне айналдырсақ, құба-құп болар еді. Облыста оңалту орталықтары аз. Ауруханадан шыққаннан кейін де ағзадағы кем-кетікті дәрігерлер қадағалап, қалпына келгенше ем-дом жасауы тиіс. Сондықтан «Ақбұлақты» оңалту орталығына айналдыру кезек күттірмес шара. Диабет орталығын ашу да өзекті мәселе. Осы сырқаттың салдарынан жылына бірнеше мыңдаған адам қан айналымы жүйесі бұзылғандықтан қол-аяғынан айырылады. Ем дұрыс жүргізілмейді. Білікті мамандар қат. Сусамырмен сырқаттанушылар қатары өсіп барады. Керек десеңіз, осы дертке анасының құрсағында жатып шалдыққандар қатарының көбейіп келе жатқаны алаңдатарлық жағдай. Егер арнайы орталық ашылса, дерттің алдын алар едік. Сіздердің облысқа қызметке келген кардиохирургтер қайта кетіп қалып жатыр. Оның себебі не? Келген маманды қалай да жібермей ұстап қалу керек емес пе?
Біз интерн-мамандарды облысқа жібергенде әлеуметтік қызметтерді атқартуға, шалғай ауыл халқының денсаулығын қадағалатуға пайдаланып алмайсыздар ма? Олар деген тегін күш қой. Мен жас мамандарды «табанын тіліп» жұмыс істеткенді жақсы көрем. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады», – дейді дәрігерлер даярлайтын білім ордасының басшысы.
Алқада медицина саласының көптеген өзекті мәселесі әңгіме арқауына айналды. Мамандардың біліктілігі мен қызмет сапасын арттыру жайы басқосудың жүгін көтерді.
Гүлжан ТҰРСЫН