«Ең үздік вокал» номинациясы – С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ -дың білім мен тәрбие сапасының айқын дәлелі
2025 жылғы 12 қыркүйекте Алматы қаласында ЖОО студенттері арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының» КММ қолдауымен түркі халықтарының мәдени мұрасына арналған «Turki Fest Almaty» атты тұңғыш қалалық студенттік фестивалі өткізілді.
Аталған фестивальге С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің шығармашылық орталығынан вокал үйірмесінің студенттері қатысты.
Атап айтқанда: Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 2 курс студенті А. Калиахмет пен Фармация мектебінің 4 курс студенті А. Сағымжан дуэттік орындауында өнер көрсетті. Сондай-ақ, жеке орындауда Фармация мектебінің 3-4 курс студенттері Ұ. Қалыбай және У. Калдибаева өз шеберліктерін паш етті. Фестиваль алдындағы 11 қыркүйекте өткен іріктеу кезеңінде біздің студенттеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, лайықты бағасын алды.
Фестиваль күні университетімізден бір ғана орындаушысы Ұлжалғас Қалыбай таңдалып, «Самалтау» әнін жоғары кәсіби деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Осы нәтижелердің арқасында университетіміз «Ең үздік вокал» номинациясын жеңіп алды. Бұл жеңіс студенттердің тәрбие жұмысына, мәдени-рухани және шығармашылығының дамуына университетіміздің қосып жатқан зор үлесінің айқын дәлелі болды.
Фестиваль аясында әр ұлттың бірегей дәстүрлері, өнер түрлері кеңінен көрсетілді. Бұл шара жастардың шығармашылығын дамытуға және олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
«Turki Fest Almaty» фестивалі түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтап, дамытуға арналған маңызды платформа болып, қатысушылар мен көрермендерге рухани байлық сыйлады.