Жалпы практика дәрігерінің қызметіндегі қауіпсіздік пен сапаның заманауи стандарттары
«Жалпы медицина» және «Медицина» мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес университеттің басым миссияларының бірі – қарқынды дамып келе жатқан денсаулық сақтау жүйесі жағдайында кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыра алатын құзыретті, бәсекеге қабілетті және кәсіби бағдарланған түлектерді даярлау болып табылады.
Қазіргі медициналық ғылым үздіксіз даму және жетілдірілуімен сипатталады, бұл білімді тұрақты түрде жаңартуды, медициналық көмекті ұйымдастырудың инновациялық тәсілдерін енгізуді және пациенттердің қауіпсіздігі мен медициналық көмектің сапасының халықаралық стандарттарын қатаң сақтауды талап етеді. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау жағдайында медициналық көмектің сапасы, пациентке бағдарлану және медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі мәселелері ерекше маңызға ие болуда.
Осы міндеттерді іске асыру мақсатында №1 анестезиология және реаниматология кафедрасы 10.02.2026 ж. мен 16.02.2026 ж. аралығында «Жалпы дәрігерлік практика» мамандығы бойынша 2-курс интерндарына арналған дәрістер циклін ұйымдастырды. Аталған цикл болашақ дәрігерлерде пациенттердің қауіпсіздігі қағидаттарын, медициналық көмектің сапа стандарттарын және жалпы практика дәрігерінің жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін жүйелі түсінуді қалыптастыруға бағытталды.
Цикл аясында келесі тақырыптар қарастырылды:
• «Дәрігер тәжірибесіндегі қауіпсіздік пен сапа. Денсаулық сақтаудағы сапа стандарттары: теориядан практикаға»;
• «Пациентке бағдарлану және кәсіби өзара іс-қимыл мәдениеті – тиімді әрі қолжетімді медициналық көмектің негізі».
Дәрістер мазмұнында пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Пациент қауіпсіздігінің алты халықаралық мақсаты жан-жақты қарастырылды:
– пациентті дұрыс сәйкестендіру;
– ауызша ақпаратты тиімді жеткізуді қамтамасыз ету;
– жоғары қауіп тобына жататын дәрілік заттармен қауіпсіз жұмыс істеу;
– операция алдындағы верификация және «тайм-аут» рәсімін жүргізу;
– қол гигиенасын сақтау;
– пациенттердің құлауын алдын алу.
Интерндерге аталған мақсаттарды жалпы практика дәрігерінің күнделікті клиникалық қызметіне практикалық түрде енгізу қағидаттары түсіндірілді. Медициналық қателіктердің алдын алуды бүкіл команда үшін жүйелі міндет ретінде қарастыратын қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілді.
Сонымен қатар дәрістер барысында пациенттің медициналық араласуға ақпараттандырылған ерікті келісімі, емдеуден бас тартудың құқықтық және этикалық аспектілері, сондай-ақ дәрігер қызметіндегі коммуникативтік, ұйымдастырушылық және психологиялық кәсіби кедергілер мәселелері қарастырылды. Медицина қызметкерлері мен пациенттер арасындағы өзара іс-қимыл мәдениетін дамытуға, командалық жұмыс қағидаттарына және пәнаралық ынтымақтастыққа арналған жеке бөлім ұсынылды.
Интеграцияланған медициналық көмекті ұйымдастыру, медициналық қызмет көрсетудің әртүрлі деңгейлерінде сабақтастықты қамтамасыз ету, сондай-ақ пациенттерді сұрыптау мен ресурстарды ұтымды бөлудің тиімді құралы ретінде триаж жүйесін енгізу мәселелеріне айтарлықтай назар аударылды.
Дәрістерді №1 анестезиология және реаниматология кафедрасының ассистенті, Ұлттық аккредитация бойынша сарапшы Ермекбай Айбек Аманжолұлы жүргізді. Сабақ барысында Ермекбай Айбек Аманжолұлы қарастырылған мәселелердің практикалық маңыздылығына бірнеше рет тоқталып, нақты клиникалық мысалдар келтірді, жиі кездесетін қателіктерді талдап, олардың алдын алу алгоритмдерін көрсетті. Ол қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру сапалы денсаулық сақтаудың негізі екенін ерекше атап өтті.
Өткізілген сабақтар интерндердің зор қызығушылығын тудырды. Талқылау барысында білім алушылар белсенді түрде диалогқа қатысып, сұрақтар қойды, клиникалық жағдайларды талдап, өз шешімдерін ұсынды. Мұндай өзара әрекеттесу форматы теориялық білімді тереңдетіп қана қоймай, клиникалық ойлауын, коммуникативтік дағдыларын және кәсіби жауапкершілігін дамытуға ықпал етті.
Аталған дәрістер циклі қазіргі практикалық денсаулық сақтау жағдайында ерекше өзекті болып табылады, өйткені медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар үнемі артып келеді. Алынған білім мен дағдылар болашақ жалпы практика дәрігерлерінде тиімді, қауіпсіз және пациентке бағдарланған медициналық көмек көрсетуге қажетті тұрақты құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.












