Жастар форумы – елдік сананың айғағы
Ел ертеңі – жалынды жастардың жүрегінде. Ал сол жүректе елге деген адалдық, халыққа қызмет ету мұраты, Отан алдындағы жауапкершілік қатар соқса – мемлекеттің ертеңі де еңселі болмақ. Әсіресе, адам жанына араша түсетін, ұлт саулығын сақтайтын медицина саласындағы жастардың танымы мен ұстанымы – қоғам үшін айрықша маңызды. Бүгінде еліміз – жаңғыру мен жаңарудың жаңа белесіне көтерілген ел. Бұл жолда ел тағдырын айқындайтын әрбір бастама мен өзгеріс жас буынның санасында терең орнығуы тиіс. Себебі, ертең осы елдің денсаулығын күзететін, ғылымын дамытатын, адам өміріне араша болатын бүгінгі студент жастар. Сондықтан, олардың азаматтық көзқарасы, құқықтық сауаты, қоғамдық белсенділігі мен патриоттық рухы – мемлекет келешегінің өлшеміне айналып отыр.
Осындай елдік мүдде мен жас буын жауапкершілігін тоғыстырған тағылымды басқосу Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еліміздің медицина жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Референдум қорытындысы бойынша» жастар форумы өтті. Бұл – жай ғана форум емес, болашаққа серт, елдік санаға үндеу, ұлтқа қызмет етудің биік мұратын жастар жүрегіне сіңірген маңызды алаң болды.
Форум ҚазҰМУ-дың «Concordia» студенттік театрында ұйымдастырылып, оған Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарынан келген жастар ұйымдарының өкілдері мен көшбасшылары, профессорлық-оқытушылық құрам, білім алушылар, студенттік бірлестіктер мүшелері, ғылыми қызметкерлер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – референдум нәтижелерінің мән-маңызын студент жастарға терең түсіндіру, олардың құқықтық және азаматтық мәдениетін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және патриоттық құндылықтарды нығайту болды. Кездесу барысында конституциялық өзгерістер, жастардың құқықтық сауаты, елде жүзеге асып жатқан реформалардың әлеуметтік және құқықтық сипаты кеңінен сөз болды. Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атынан құттықтау жолданып, жастардың ел дамуының жаңа қозғаушы күші екені ерекше атап өтілді. Құттықтау хатта медициналық жоғары оқу орындарының студенттері – ертеңгі білікті мамандар екені, олардың білімі мен жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы отандық денсаулық сақтау жүйесінің болашағына тікелей ықпал ететіні айтылды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан білім мен ғылымды, медицина саласын дамытуға, жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріліп отырғаны жеткізілді.
Форум барысында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, референдум қорытындылары елдің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезең болғанын атап өтті.
– Денсаулық сақтау жүйесі мен медицина ғылымы да қоғамдағы мұндай маңызды үдерістерден шет қалмауы тиіс. Бүгінгі студент жастар – еліміздің ертеңі, осы реформаларды жүзеге асыратын, жаңарған Конституция талаптарына сай өмір сүретін буын. Сондықтан, олардың бүгіннен бастап белсенділік танытып, жеке жауапкершілік қағидатын терең сезіне отырып, елдік бастамаларға үн қосуы аса маңызды, – деп пікір білдірді Марат Шоранов.
Ректор өз сөзінде жаңартылған Конституцияда ғылым мен білімді дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын ерекше атап өтті. Бұл – ҚазҰМУ үшін жаңа биіктерге бастайтын мүмкіндік. Бүгінде университеттің Ғылыми-технологиялық паркі медициналық инновациялардың нақты ортасына айналып келеді. Жасанды интеллектке арналған халықаралық форумдар мен клиникалық хакатондар студенттердің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін аңғартады. Алдағы уақытта университет инновациялық кластерді кеңейтуді, превентивті медицина саласындағы зерттеулерді тереңдетуді және білім беру үдерісін толық цифрландыруды көздеп отыр.
– Жаңартылған Конституцияда медицина саласына деген құрмет пен жауапкершілік бұрынғыдан да айқын көрініс тапты. Онда ақ халатты абзал жандардың құқығы қорғалып, кәсіби мәртебесін арттыруға, алаңсыз еңбек етуіне берік негіз қаланды. Бүгінде денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр. Себебі, адам денсаулығы – кез келген қоғамның тірегі, ал ұлт саулығы – мемлекеттің ең қымбат байлығы, – деді Қарағанды медицина университетінің студенті Сәкен Түбекбайұлы.
Іс-шара аясында медицина жоғары оқу орындарының қызметкерлері, оқытушылары мен білім алушылары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, Amanat партиясының өкілдері, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мамандары және жастар ұйымдарының жетекшілері баяндама жасап, өзекті мәселелер жөнінде ой бөлісті. Жиынды қорытындылаған Марат Шоранов жастарды 21-22 мамыр күндері ҚазҰМУ қабырғасында өтетін ANAMED FORUM халықаралық жастар форумына белсенді қатысуға шақырды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
ҚазҰМУ қабырғасында өткен ауқымды форум – ақ халат киюдің тек мамандық емес, халық алдындағы аманат екенін терең сезіндірген мазмұнды кездесу болды. Мұнда көтерілген ойлар мен айтылған пікірлер жастардың тек білім алып қана қоймай, ел тағдырына бейжай қарамайтын, мемлекет мүддесін жүрекпен түсінетін саналы азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Бүгінгі медицина студенті ертеңгі дәрігер ғана емес, ел саулығының сақшысы, ұлт болашағының жанашыры. Оның қолында – адам өмірі, оның жүрегінде – Отанға қызмет ету мұраты тұруы тиіс. Егер жастардың бойында осындай биік жауапкершілік, елдік сана мен отаншыл рух берік орнықса, Қазақстанның келешегі де кемел, денсаулық сақтау жүйесінің болашағы да нұрлы болмақ. Ел ертеңін емдейтін ұрпақ өсіп келе жатса – бұл Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен үміті, ең асыл жетістігі.
Дереккөз: https://qazaq1913.com/2026/03/31/zhastar-forumy-eldik-sanany-aj-a-y/







