Жеңіске жетуді және жеңіс шыңдарын бағындыру
Чемпион болудың қозғаушы күші мақсатқа ұмтылуда жатыр. ҚазҰМУ-дың Фармацевтиканы өндіру технологиясы мамандығының 2-курс студенті Жумагазеева Асель Жумагалеевна жайлы да жоғарыдағы сөздерді айтуға болады. Кейіпкеріміз бала кезінен таэквон-до секциясына қатысқан. Үнемі жеңіске жетуді және жеңіс шыңдарын бағындыруды жақсы көретін. Оны ешқашан қиындықтар, кедергілер тоқтата алмайтын еді. Ол алғашқы жеңісіне 2009 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында қол жеткізген еді. Ол кезде Асель 10 жаста ғана еді. Осыдан соң оның алдынан Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының есіктері ашылды. Асель еліміздің туын Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде және Қарақалпақстанда бәрінен де биікте желбіретті.
Оның жеңімпаз болуының құпиясы неде? Құпиясы – талмай еңбектену, мақсатына ұмтылу, жігерлілік және қайсарлық. Дегенмен жоғары жетістікке жету үшін тек қана адамның жеке басындағы қасиеттер аздық етеді. Ол үшін шәкіртін қызықтыра алатын, соңынан ерте алатын, білгенін үйрете алатын және керек жерде ақылы мен көмегін аямайтын жаттықтырушы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұстанымы жақсы ұстаз қажет. Мұндай жаттықтырушылар Асельде болмады емес, болған және біреу емес, бірнешеу. Алғашында Асель Сарыағаш қаласында Борисов Олег Викторовичтің жаттықтыруымен жасөспірімдер командасында жаттықты. Ал ұлттық құрамаға енген соң, болашақ СШҮ (спорт шеберлігіне үміткер) Владислав Валерьевич Барашкиннің қол астында жаттықты. Осы екі жаттықтырушы да өз шәкіртінің спорт шебері болатынына әбден сенімді болған. Ал Асель ұстаздарының үмітін ақтады! Кейіпкеріміз таэквон-доның ITF бағыты бойынша «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына ие болды.