Иммунолог вакцинадан кейін қандай шаралар қолдану керегін айтты
Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа екпе салуды жоспарлап отыр. Ал бүгінде елімізде 137 436 адамға Covid-19 қарсы вакцина егілді. Алайда халық арасында вакцинаға теріс көзқарас қалыптасып, қорқыныш туындап отыр.
HOLA News С.Ж. Аспандияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты Битанова Эльмира Жеңісқанқызымен сұқбаттасып, вакцинадан кейінгі емдеу шаралары мен оның тиімділігі жайлы сұрады.
Вакцинаның бірінші дозасынан кейін адам коронавирус жұқтырса қандай емдеу тактикаларын қолдану керек? Ондай адамдарға вакцинаның екінші дозадасын қабылдауға бола ма?
– Ондай жағдайда әрине алдын ала коронавирусқа қарсы ПТР диагностикасын жасау керек. Бірақ қалыпты жұмыс істейтін иммундық жүйесі бар адам вакцинаның алғашқы дозасын өзінің жұқтырғанын білмей қабылдаса, ешқандай жағымсыз салдар туғызбайды. Керісінше, вакцина инфекциямен бірге қажетті қорғаныс механизімін қалыптастыруға көмектеседі. Тек иммунитеті өте төмен адам (мысалы үшін антиретровирусты терапия, химиотерапия қабылдап жүрген пациентер) осындай жағдайға ұшыраса, аурудың ағымы күрделенуі мүмкін. Барлығы адамның иммундық жүйесінің күйіне байланысты.
Ал екінші дозаны нақты антиденелердің титрін білгеннен кейін міндетті түрде емдеуші дәрігердің шешімі бойынша қабылдай алады. Демек вакцинаның бірінші дозасынан кейін орын алған коронавирусты инфекция вакцинаның екінші дозасы ретінде жұмыс істей алады да, антиденелердің қажетті саны қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда екінші вакцинация қажет емес, бірақ салғызған жағдайда да зиян келтірмейді. Егер вакцинация мен инфекцияның арасы өте жақын — 1 аптадан аз болса, жеткілікті иммундық қорғаныс қалыптаспайды және вакцинаның екінші дозасын қабылдау міндетті түрде қажет болады.
Сонымен қатар, вакцинаның бірінші дозасын ғана салдырған адам вакцинамен еш байланыссыз басқа жедел жұқпаларды қабылдайды. Сондай-ақ, өзінде бұрыннан болған созылмалы аурулары әрине өршуі мүмкін. Егер бір мерзім бойынша бұл жағдайлар қабаттасса дегенім. Бұл жағдайда Мәскеудегі Гамалея ғылыми институты мамандары (Спутник V вакцинасының авторлары) вакцинаның екінші дозасын адам денсаулығы толық қайта қалпына келгеннен кейін немесе созылмалы аурудың ремиссиясына қол жеткізгеннен соң, егуге кеңес береді. Бірақ бірінші вакцинадан соң, 60 күннен кешікпей салдыру керек.
Егер вакцинациядан кейін адамның жағдайы нашарласа не істеу керек? Қандай емдік шараларын жасаған дұрыс?
– Вакцинадан кейін жарты сағат міндетті түрде екпе жасалған медицина мекемесінде мамандардың бақылауында болу керек. Жедел аллергиялық серпілістер осы мерзімде көрінеді. Ешқандай дәрі-дәрмек қабылдау керек емес. Үш күн ішінде иммунды жүйенің дамып жатқанының белгісі — грипп тәрізді симптомдар пайда болуы мүмкін — 38 градусқа дейін дене қызыуының көтерілуі, екпе орынында қызару байқалуы, қол-аяқ қақсау секілді. Бұл кері көріністер өте сирек байқалады және ешқандай емсіз 1-2 күн ішінде жоғалады. Сонымен қатар, екпеден кейін әдеттегідей күнделікті режимді сақтап, рационалды тамақтану керек.
Спирттік ішімдіктер вакцина құрамын бұза ма?
– Вакцинадан кейін алкогольді ішімдіктер ішуге болмайды. Өйткені ол иммундық жүйенің жасушаларына әсер етіп, олардың көбеюін тежейді. Яғни, алкоголь ішу вакцинацияның негізін – есте сақтау жасушаларының дамуын тоқтатады.
Қазіргі уақытта қазақстандықтарға салынып жатқан Спутник V мен әлі қорытынды тексерістен өтіп жатқан отандық QazCovid-in вакциналарының айырмашылығы неде?
– Спутник V вакцинасы — генді инженерлік вакцина. Демек оның құрамында қоздырғыштың антигендік ерекшелігі туралы мәлімет қана бар. Ал QazCovid-in өлтірілген тұтас вирустын өзі. Сонымен қатар, әр вакцина құрамына иммундық жүйені белсендіретін заттар қосылады. Негізі өлтірілген вакциналар — вакцинаның дәстүрлі, өте тиімді түрі.
Ал дәл осы Спутник V вирустың жаңа мутацияларына (британдық немесе оңтүстікафрикалық) штамдарына қарсы тұра ала ма?
– Мұндай мутациялар әр түрлі аймақтарда пайда болады, дәл қазіргі уақытта біздің елімізде де өз мутациямыз қалыптасып жатуы әбден мүмкін.
Спутник V вакцинасын жасаушылар тиісті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның «британдық» штаммға қарсы тиімді болатынына кепілдік беріп отыр. Және екі аптаның ішінде олар осы уақытқа дейін белгілі болған басқа мутацияланған штамдар туралы зерттеулерді аяқтауға уәде беруде. Негізінен, бұл вакцинаның құрамында COVID-19 қоздырғышының негізгі иммуногенді антигені S – ақуызы бар болғандықтан ол барлық мутацияларға қарсы иммунды жауап қалыптастыра алады.
Неліктен вакцина екі компонентке бөлінген? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?
– Адамның иммунитеті инфекция қоздырғышымен екінші кездесуден кейін ғана тиімді жұмыс жасай бастайды. Бірінші кездесу алғашқы иммундық жауап деп аталып, жеткілікті қорғанысты қамтамасыз етпеуі мүмкін. Бірақ вакцинаның бірінші компоненті — иммундық жасушалардың, лимфоциттердің бөлек түрінің, зерде жасушаларының (еске сақтау лимфоциттері) қалыптасуына алып келеді. Ал екінші кездесу кезінде еске сақтау жасушалары белсеніп қажетті иммунды жауапты қамтамасыз етеді. Соның арқасында адам денесінде қажетті антиденелер деңгейі де қалыптасады. Сондықтан вакцинаның екінші дозасы қорғаныш антиденелерінің кепілдендірілген табысты деңгейіне және есте сақтау жасушаларының қажетті санына жету үшін қажет.
Карантин жеңілдеуі немесе алынуы үшін халықтың неше пайызы вакцина салғызу керек?
– Әрине, коллективті иммунитет 100% қалыптасу үшін халықтың 90%-ында короновирусқа қарсы иммунитет болуы керек. Жұқпалы ауруға қарсы иммунитет екі-ақ жолмен қалыптаса алады: адам ауырып шығу керек немесе вакцина егу керек. Сол вакцина салдыра алмайтын, қарсы көрсеткіші бар адамдарды қорғау үшін халықтың шамамен 60-70% егілу керек. Сонда ғана коллективті иммунитет қалыптасады. Егер қазақстандықтардың осынша пайызы вакцина салғызатын болса, сонда ғана вирустың арамыздағы циркуляциясы тоқтайды.
Тағы да айтам, вирустан құтылудың ақылды бір-ақ жолы бар, ол гигиена шарттарын сақтау мен жаппай вакцинация салғызу. Жалғыз ғана санитарлық-гигиеналық шаралар жеткіліксіз екеніне пандемияның екінші жылында әбден көзіміз жеткен сияқты. Сондықтан вакцинациясыз тиімді жол жоқ.
Халық арасында вакцинаға қарсы неше түрлі пікірлер мен қауесеттер жүр. Адамдардың вакцинаға сенімсіздігіне қандай пікір айтасыз?
– Меніңше ол – ақпараттың жеткіліксіздігінен туындаған қате көзқарас. Балалардың барлығына гепатитке, көкжөтелге, туберкулезге, қызылшаға және тағы басқа жұқпаларға қарсы вакциналар салынады. Бұл аурулар елімізде басқа елдермен салыстырсақ өте сирек кездеседі. Себебі біздің мемлекетіміз вакцинацияға қомақты қаржы бөліп жеке назар аударады. Біздің вакциналық күнтізбеміз әлемдегі ең үздіктердің бірі деп айтсам қателеспеймін. Сондықтан балалар арасындағы жұқпалы аурулар деңгейі де төмен. Ал енді коронавируске келгенде, ауруға шалдықпау, алдын алу мүмкіншілігі бар болып тұрғанда неге вакцина салғызбаймыз. Коронавирус — өте қауіпті, экономикамыз бен денсаулығымызды төмендетіп отырған індет. Меніңше, тек осы жолмен ғана ауруды ауыздықтай аламыз.
Өзіңіз вакцина салғыздыңыз ба? Қандай вакцина қабылдайсыз?
– Жоқ, мен әзірге салғызған жоқпын. Жақында жедел вирусты жұқпаға шалдығып едім. Денсаулығыма байланысты кейінге қалдырылды. Университеттегі кезекке жазылып қойдым. Бұйырса, шамамен екі аптадан соң міндетті түрде Cпутник V вакцинасын қабылдаймын.