Комплементпен байланысты аурулар: пәнаралық диалогтар
Бақылағыштық пен дәлдік – кейбір мамандықтар үшін аса маңызды қасиеттер. Қазіргі тілмен айтқанда, бақылағыштық пен дәлдік – бірқатар мамандықтар үшін кәсіби жарамдылықтың басты критерийлері. Бұл қасиеттер невролог және нефролог дәрігерлерге де аса қажет екеніне күмән жоқ. С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы С.Д.Асфендияров атындағы даңқты университетіміздің 95 жылдығы мен профессор С.К.Қайшибаевтың 90 жылдық еске алуына арналған практикалық денсаулық сақтау саласына арналған білім беру іс-шаралар сериясын жалғастыруда.
2025 жылғы 23 қаңтардағы №03324 ҚР ДСМ-нің 2025-2027 жылдарға арналған ересек тұрғындарға медициналық неврологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында 18 маусымда практикалық денсаулық сақтау мамандарын каскадтық оқыту әдісі бойынша білім беру семинары өткізілді. Іс-шара ҚР «Неврологтар қауымдастығы» ҚБ, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың нефрология кафедрасы және үздіксіз кәсіби даму институтының қолдауымен өтті.
Комплементпен байланысты аурулар – комплемент жүйесінің жұмысындағы бұзылыстарға байланысты дамитын аурулар тобы. Комплемент жүйесі – иммундық жүйенің бір бөлігі және маңызды рөл атқарады. Комплемент жүйесінің дұрыс белсенбеуі немесе реттелуінің бұзылуы организмге патологиялық әсер етуі мүмкін. Бұл жүйе қатысатын аурулар көбінесе аутоиммунды және қабыну процестерімен сипатталады.
Семинар барысында миастения гравис мәселелері, балалардағы миастенияның клиникалық ерекшеліктері, миастения кезінде қолданылатын антикомплементтік терапияның әсер ету нүктелері мен дәлелді медицинаға негізделген базасы қарастырылды. Сондай-ақ пәнаралық диалог форматында тромботикалық микроангиопатиялар (ТМА) мәселелері талқыланды. Соңғы онжылдықта ТМА-ның әртүрлі түрлеріне жиі тап бола бастадық. Клиникалық түрде бұл ауыр симптомокомплексті анықтай білуге қарамастан, дифференциалды диагностикада күрделі мәселелер саны артып келеді.
Семинарды С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т., жүйке аурулары кафедрасының профессоры Мухамбетова Г.А., қауымдастырылған профессорлар Нуржанова Р.Б. (жүйке аурулары кафедрасы) және Нигматуллина Н.Б. (нефрология кафедрасы) өткізді.
Семинарда диагностикалау әдістері, емдеудің заманауи тәсілдері және генерализацияланған миастенияға жауапты анықтауға қатысты соңғы мәліметтер мен көзқарастар ұсынылды.
Сонымен қатар, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың нефрология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нигматуллина Н.Б. ТМА-ға қатысты клиникалық жағдайларды ұсынып, антикомплементтік терапияны қолданудағы бірегей тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында Алматы қаласының түрлі медициналық ұйымдарынан келген 25 невролог және нефролог маман білім алды. Қатысушылар спикерлердің кәсібилігі мен шеберлігін жоғары бағалады!
Іс-шараға ақпараттық қолдауды Қарағанды фармацевтикалық кешені көрсетті.