Медицина саласындағы академиялық ұтқырлық: инновациялар мен ынтымақтастық
2026 жылдың 16–27 ақпан аралығында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің микробиология, вирусология кафедрасында «Жеке микробиология, вирусология және паразитология» пәні бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаға ОҚМА микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.Т. Сейтханова қатысты.
Бағдарлама аясында медициналық университеттер арасындағы ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасу жүзеге асырылып, білім беру сапасын арттыру және студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы барысында 2 курс «Медицина» білім беру бағдарламасының студенттері үшін практикалық сабақтар өткізілді. Оқу процесі заманауи білім беру технологиялары негізінде жүргізіліп, студенттердің клиникалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды.
Сабақ барысында қолданылған әдістер:
* Мәселеге бағытталған тәсіл (Problem-Based Learning);
* Клиникалық кейстерді талдау (Case-Study);
* Лабораториялық әдістерді көрсету және интерпретациялау;
* Интерактивті сұрақ-жауап форматы;
* Топтық талқылаулар;
* Формативті бағалау әдістері.
Студенттер инфекциялық ауру қоздырғыштарын анықтау, лабораториялық диагностика әдістерін таңдау, нәтижелерді интерпретациялау және алдын алу шараларын негіздеу бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Практикалық дайындық микробиологиялық зертханада және виртуалды лабораториялар арқылы жүргізілді. Студенттер микроскопиялық препараттармен жұмыс жасау, қоректік орталардағы колонияларды талдау және клиникалық жағдайларға негізделген шешім қабылдау алгоритмдерін меңгерді.
Бағдарлама университеттер арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтып, медициналық білім сапасын арттыруға және кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Аталған академиялық ұтқырлық бағдарламасы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес жүзеге асырылды:
№3 ТДМ – Денсаулық және әл-ауқат: болашақ дәрігерлердің инфекциялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу саласындағы кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру; клиникалық шешімдер қабылдауға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығын нығайту.
№4 ТДМ – Сапалы білім: инновациялық білім беру технологияларын енгізу, практикалық бағытталған оқыту, клиникалық ойлау дағдыларын дамыту және заманауи цифрлық, виртуалды лабораториялық шешімдерді оқу процесіне интеграциялау арқылы медициналық білім сапасын арттыру.
№17 ТДМ – Мақсатты серіктестік: медициналық жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейту, кәсіби тәжірибе алмасу және біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыру арқылы бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау.
Болашақта осындай академиялық алмасу бағдарламалары ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіруге, заманауи педагогикалық әдістерді енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.







