Мәншүк Мәметова
Мәншүк Мәметова
«Ерлік ел жадында сақталады»!
Ұрпақтан ұрпаққа олардың ерліктері жайлы естеліктер жазылып, тарихи бағалары берілді, әлі де берілері хақ.
Айналдың мәңгі жалынға,
Даңқыңды тақты даламыз.
Жасқұста, сонау Нарында
Өмірге келген бала қыз.
Әлемге тарап атағың,
Құрбаны болдың ақ таңның
Мен бүгін «Мәншүк апаның
Еліненмін» деп мақтандым.
Лап етіп жанды жас шағың,
Селт ете қалды барша жан.
Сен жайлы ерлік дастанын,
Жазуға құмар қанша адам.
Өзіңмен алау сезімді,
Әкеттің ару қалпыңмен.
Жырласам ба деп өзіңді,
Ұстадым қалам бәлкім мен.
Кешпестің алау сезімді,
Өттің сол ару қалпыңмен.
Ұмытпау үшін өзіңді,
Атыңды жаздық алтынмен!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Екінші Дүниежүзілік соғыс – Адамзаттың тарихындағы ең алапат соғыс. Бұл соғыста 55 миллионнан астам адам құрбан болды.
Соның ішінде 28 миллионнан аса адам Совет Одағының азаматтары болатын.
Өмір мен өлім арбасқан сәтте елін қорғап қалған әр азамат – Батыр атағына лайық. Соғысқа қолына қару алып аттанған 1 млн 500 мың жауынгердің 611 мыңынан аса аталарымыз бен апаларымыз майдан даласынан оралмай қалы. Ал бүгінгі таңда небары 5115 ардагер ғана қалған екен. Біз, жастар, әр ардагерге құрмет көрсетіп, олардың өшпес ерлігінен үлгі алуымыз керек. Әр жауынгердің аты тарихта қалуы тиіс. Біз сіздердің ерліктеріңізге бас иіп, тағзым етеміз!
Бейбіт өмірдің тағы бір таңы атып келе жатқан болатын …
1941 жыл. 22 маусым. Таңғы сағат 4. Фашистік Германияның әскерлері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік шекарасынан өтті.
Ұлы Отан соғысы басталды.
Совет Одағының бүкіл көпұлттық халқы біріге Отанымызды қорғауға көтерілді.
Біздің байтақ Еліміздің жерінде барлық елді мекендерде Қызыл Әскердің қатарына жаппай шақыру басталды.
«…Жасқанып өскен жаумен жағаласа алмайды… Жастарды біз ержүрек етіп тәрбиелеуге міндеттіміз» -деп жазған екен Бауыржан Момышұлы . Қазақтың мақтанышына айналған хас батыр ғана осылай қасқайып тұрып айта алады. Бұл жай тілек емес, бұл – аманат , бұл – тағлым.
Мыңдаған жас ұлдар мен қыздар өз еріктерімен майданға жазылды. Олар болашаққа жарқын жоспарлар құрған болатын. Олардың көбісіне 17-21 жас болатын.
Қазақстан Совет халқының неміс-фашист басқыншыларымен күресіне ерен үлес қосты. Майданға аттанғандар аса ерлікпен соғыс қимылдарын жүргізді.
Жеңіс мерекесі – бұл біздің ата-бабаларымыздың батырлығы мен ержүректілігі, тыл жұмысшыларының төзімділігі мен ерлігі.
«Еңбек армиясы» – 1 000 000 аса адамнан тұрды, майданға және қорғаныс өндірісіне Республиканың әрбір 4-нші тұрғыны жіберілген болатын.
Қазақстан соғыстың 1-ші күнінен бастап ең басты «Қорлардың» біріне айналды. Майданға жіберілген қорғасын, мыс, көмір, молибден, полиметалл, астық, қант қызылшасы, ет, жылқы, қаржы, жылы заттар, сыйлықтардың көбі біздің Республикамыздан болатын.
Офицерлік кадрлар және әскер мен флотқа қорлар дайындауда Қазақстан ерекше үлес қосты.
1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан аса жас қазақстандықтар жіберілді, ал Республикадағы 27 әскери оқу орындары
16 мың офицер дайындады.
Қазақстанда 12 атқыш және 10 кавалериялық дивизиялар, 7 атқыш бригадалар, 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар құрылды.
Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының барлық ұрыстарына белсенді қатысты.
Жаудың алғашқы соққысын шекарашылар қабылдады, олардың қатарында 3 мыңға жуық Қазақстандықтар болды.
Брест қамалы қорғаушылары ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Мәскеу үшін шайқастарда генерал И.Панфилавтың бастауымен даңқты 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше орын алды.
28-Панфиловшылардың ерлігі дүние жүзіне әйгілі болды, олар Дубосеково разьезінің жанында жандарын пида етіп неміс танкілерін тоқтатты.
Ленинград, Сталинград қалалары үшін, Днепр өзенінен өткендегі ұрыстарда ерекше ерлік көрсетті.
Совет Одағының басқа халықтарымен бірге қазақстандықтар жаудың бетін тойтарып, өз жерлерімізді, бүкіл Еуропаны азат етуге қатысты.
Ерлік жасау үшін ержүрек қана болмай, елін, жерін сүйетін үлкен жүректі азамат болу керек. Батыр туған жерінің қасиетті топырағынан, суының тұнығынан, елінің парасаттылығынан жаралады екен.
Сол бір зұлмат соғыс – Ұлы Отан соғысында аталарымыз жеңіске жетті. Ұлы жеңіске оларды жетелеген – жасқанбайтын өр мінездері, жауына бітіспес өшпенділігі.
Соғыстың басталған жері фашистік Германияның бас қаласы Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен алғашқылардың бірі жаужүрек ұлымыз Рахымжан Қошқарбаев болатын.
1945 жыл. 9-шы мамыр. Мәскеу уақытымен 00 сағат 43 минут.
Берлиннің жанындағы Карлсхорст елді мекенінде « Германияның сөзсіз тізе бүгуі туралы «Актқа» қол қойылды. Фашистік Германия толық талқандалды.
Жеңіс!
Өр мінез қайсарлыққа, ерлікке жетелейді. Үлкен Отанын қорғаған Кеңестер Одағының әр азаматы Жеңіс күнін жақындатып, қасық қаны қалғанша күресті. Сұрапыл соғыстағы жеңіске биыл 77 жыл толды. Содан бері 77 рет жиде гүлдеп, 77 рет қайың бүр жарды…
Арысынан айрылған аналар, боздағынан айрылған сұлулар, әкесінен айырылған балалар сан мыңдаған рет терең күрсініп үнсіз көз жасын ағызды…Иә, 77 жыл аз уақыт емес… 77 жылда үш ұрпақ дүниеге келіп, өсіп-өнді.
Бірақ соғыс салған жүректегі іздер әлі жазылған жоқ. Жазылмақ емес, өйткені адамзат тарихындағы бейбіт жатқан елге жасалған жауыздық, көзден аққан қанды жас, дүниеге келмей жатып жетім атанған баланың көз жасы ешқашан ұмытылмайды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Отан қорғаушыларында Отанға деген ерекше сүйіспеншілік, берілгендік, нағыз патриоттық және жанқиярлық көрініс тапты.
Ерлермен қатар майдандарда апаларымыз және жалынды қыздарымыз да соғысты. Ұлы Отан соғысына 800 мыңнан аса әйелдер қатысты.
Жүз мыңдаған әйел-жауынгерлер ордендер және медальдермен марапатталған, 200-не Даңқ ордені берілген, 91 әйел әскери марапаттың ең жоғарғысы Совет Одағы Батырының Алтын Жұлдызымен құрметтелген.
Солардың ішінде Біздің Мәншүк Мәметовамыз да бар.
Батырларын ұлықтаған халық Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк, Әлия, Хиуаздай қыздары мен ұлдарының қайсарлығын, елі үшін жасаған ерлігін ешқашанда ұмытпақ емес!
Ел басына қиын-қыстау заман туған сын сағатта өлімге бас тігіп, қан майданға аттанған қазақ жастарының батырлық әрекетін көзсіз ерлікке баласақ артық емес. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыз бен апаларымыздың қамығып жеткен Жеңіс күнін тарих ешқашан ұмытпайды.
Мәншүк Мәметова 1922 жылы 2-ші қазанда Қазақстанымыздың Орал облысы Орда ауданының Жасқұс ауылында Жеңсікәлі мен Тойылшаның жанұясында дүниеге келген.
Мәншүктің шын есімі Мәнсия болған. Моншақтай мөлдіреген қарақаттай көзіне қарап «моншағым» деп Анасы еркелеткен екен. Әкесі Жәңсікәлі мен анасы Тойылшада үш перзент – Нағи, Қадыр және Мәнсия болған.
Мәншүкті қазақы дәстүр бойынша асырап алған Ахмет пен Әмина Мәметовтер қазақ еліне белгілі азаматтар болған. Ахмет дәрігер, ғалымдығымен қатар, алғашқы қазақ Үкіметінің негізін қалауға ат салысқан. Газет шығарып, өлең жазған көзі ашық, өз заманының қайраткері еді.
Ахметтің әйелі, Мәншүкті тәрбиелеген анасы, Әмина – атақты Әбілқайыр ханның ұрпағы, Сүлеймен қажының тұяғы. Көз көргендер Әмина апайды Мәншүктің бойына адалдық пен пәктікті, мейрімділік пен өжеттікті сіңіре білген деп бағалайды.
Сол кездегі жоғары білімді, танымы мен талғамы мол тектілер отбасынан тәлім алған Мәншүк ой-өрісі, тұрлауы биік азамат болып өскен. Ол, әсіресе, әкесі Ахметтің өмір жолын ту етіп ұстаған.
Мәншүктің өміріне үлгі болған әкесі Ахметті жанындай сыйлағаны мәлім.
Әкеге тартып білім алды, дәрігерлік мамандықты қалады. Ол ондай елін сүйген, жұрт сыйлаған адамның «халық жауы» деген жаласына сенбеді. Мәншүкте «соғысқа барып, ерлік көрсетсем әкем ақталады» деген ой болған. Сүйікті әкенің атын, есімін ақтау үшін соғысты.Ең бастысы, Отансүйгіштік рухта тәрбиелей білген ата-ананың алдында парызын өтегені анық.
1937-нің қызыл қырғыны Мәметовтер отбасын шарпып өтті. Халық жауы болып ұсталған Ахмет атылып кетті.
Әкесі ұсталған соң Мәншүк Алматы медицина институты жанындағы үш жылдық жұмысшы жастар факультетін екі жылда тәмәмдап, медицина институтында оқыған Мәншүктің жүрегіне мұң кіргені аңық.
Осы кезде басталған екінші дүниежүзілік соғыс қасіретімен ел басына күн туған сәтте Мәншүк алғашқылардың бірі болып майданға сұранған. Алты рет арыз жазған. Ақыры, соңғы арызы Сталинге жеткен соң ғана майданға жіберілген.
Майданға талмай сұрануының басты себебі, әрине, елді зарлатқан басқыншы жауды жою болса, екінші себебі әкесі Ахметтің халық жауы атағын жойып , ел азаматы атандыру болса керек.
Мәншүк соғысқа медицина институтының қабырғасынан 1942-ші жылы аттанды.
1942 жылы 13-ші тамызда Қазақстанның астанасы Алматыдан майданға, негізінде қазақ жауынгерлерінен тұратын, 100-ші атқыштар бригадасы аттанып бара жатты. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов есіне алады : «Біздің 100-ші бригаданың қатарында 4889 адам болатын, ал эшелон жүруге жақын қалғанда бізге жеке Жоғары Бас Қолбасшы И.Сталиннің бұйрығымен Мәншүк қосылды, біздің қатарымызда 4890 адам болды.
Мәншүкпен бірге соғысқа оның замандастарының ішінде Әзілхан Нұршайықов (халық жазушысы), Рымбек Байсеитов, Нуркен Хусаинов (Мәншүктің досы), пулеметші, Великие Лукидің түбінде қайтыс болған, Сұлтан Жиенбаев, Тахауи Ахтанов (халық жазушысы) аттанған. 100-ші бригаданың командалық құрамында командир ретінде Сақтаған Бәйішев, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин (Совет Одағының Батыры), Ыбырайым Сүлейменов, Әбілқайыр Баймолдин болған және тағы басқалар болған.
… Мәншүктің майдан отын кешкеніне жылдан асқан. Әуелдегі штабтағы көзі ерекше отты, қолаң шашты «кішкентай қарындастан» енді ұрыс алдында бригада басшыларына дейін түгендеп отыратын пулеметші қайсар қыз жігерін ел түгел мойындаған кез.
Сонау Алматыда соғыс алдында оқыған медицина институты студенті, санитар нұсқаушысы, спортшы, комсомол мүшесі енді фашистердің талай рет сазайын берген пулеметші.
Пулеметші ұрыс кезінде аса маңызды роль атқаратын, жау жағы қалайда көзін жоюды мақсат ететін станокты пулеметті меңгерген еді. Бұның өзі асай-мүсейлерін толық жинағанда 90 кг тартатын. Екі шақырымнан астам жерден жайрататын қару болатын. Ұрыс басталғанша тұрған жері кұпия атыс ұясына телефон тартылып, штабтың өзі «кішкентай қарындастың» аман-түгелін біліп алып, ұрысқа кірісетін.
Қазақстанда жасақталған 100-ші бригаданың командирлерінен қатардағы жауынгерлерге дейін «Мәншүкті қарап қойыңдар» деп жүретін.
Невель қаласын береміз деп ойламаған немістр қаланы бекініске айналдырып жіберген. Изоча станциясы аса маңызды стратегиялық бекініске айналды. Немістер Невельді қайтарып алмаққа жанталасып жатқанда, 100-ші бригада басшылығы Изоча станциясын алуды мақсат етті.
Мәншүк өмірді ерекше сүйетін еді! Ол өміршең болатын, болашақты ойлайтын, Жеңіспен Елге оралуды. Майданнан жазған хаттары – баға жетпес құжаттар, оларда Мәншүктің жанды дауысы, сол уақыттың дауысы естілетін.
1943 жылы 22 қыркүйекте Анасына жазған хатта: «Қазір пулеметіммен алғы шептемін, фрицтерді қадағалап отырмын, түнде тіпті мызғымаймыз да, ал күндіз демаламыз. Жалпы алғанда қазір өміріміз қызықтырақ бола бастады, немістермен қару арқылы ғана тіл қатысамыз, біресе олар атады, біресе біз… . Жалпы жеңіспен оралғанда айтар әңгіме көп… .
Сіздің қолыңызды қысамын, сағына-сағына сүйемін.
Қызыңыз Мәншүк.
Менің достарым мен майдандастарым сәлем айтуда».
Анасы Әминаға Мәншүктің жазған соңғы хаты 1943 жылдың 2-ші қазанында жазылған: «Қымбатты Апа! Сіздің хатыңызды ала салып жауап жазудамын. Мен қазір алғы шептемін. Бұдан кейін хат жаза аламын ба, білмеймін, сондықтан ашық хат жазып отырмын. Әзірге денсаулығым жақсы… . Қызыңыз Мәншүк.
1943 жылдың қазан айының 10-ның іңір қараңғылығымен шабуылға дайындалған жерлерге әскерлер шоғырландырылып, қару-жарақ дайындалып, оқ-дәрі тасыла бастады. Ұрыс шабуылдаушыларды қолдауға да, кейін шегінген кезде жаудың алдын тосуға станокты пулеметтердің атқаратын маңызы зор.
Сондықтан да алғы шепке келген бригада командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин мен бригада комиссары Сақтаған Бәйішев, аға сержант Мәншүк Мәметова басқаратын пулеметшілердің жаңа атыс ұясына ауысқан сәтінде келіп, хал-жағдайларын сұрауы ертеңгі күні аса ауыр шайқас болатынын байқатқаны еді.
Пулеметшілер взводы ұрыс шебінің оң жақ қанатын ала, Қаратай көлінің (Невель қаласынан 20 шақырымдай жерде орналасқан Заиванье деревнясы, Изочи станциясы,173,7 биіктігі) қамысты жағасынан орманды алқапқа ұласатын маңай мен Новонавозовка сайына дейінгі жерді түгел қамти алатын аралықтағы үш төбенің арасына орналасқан.
Қайтадан қозғала бастаған немістердің басынан жағы талмай атып тұрған Мәншүктің пулеметінен ұшқан қорғасындар толастамай жауып жатты. Анадай көз көрім жерде винтовкасын сипап қойып, талай немісті жаһаннамға жіберіп жатқан Сүлейменов Ыбрайымның құлағы Мәншүк пулеметінің дауысын танушы еді. Неміс командирлері минометшілерге қайыра белгі беріп, шабуылды пулеметшілер бағытындағы орманға бағыттады.
Ақыры, ішегін тартып меңіреген миналардың бірі Мәншүктің пулеметін істен шығарып, қайсар қызды жаңқадай лақтырып жіберді. Мәншүк көзін ашқанда, ауыр бұлттар аударыла көшіп бара жатқан аспанды көрді. Аяқ-қолын қимылдатып еді, жаны бар екен. Тек басы зеңіп, көзі қарауытып, құсқысы келді. Мина жарықшағы тиген басын таңып алып, пулеметке барса, ұңгысы қайырылып қалған екен…
Бір сәтте Мәншүк жатқан биіктікке (173,7 метр) қарай, бір топ дұшпанның жыраны жағалап жақындап қалғанын көріп, гранатасын ала ұмтылды. Қамыстар арасынан бір тобы шығып, алға ұмтылғындай болып еді. Пулемет қайта ата бастады. Олар енді алға жылжи алмай, кейін кетіп бара жатты. Ұрыс даласында жотадан өте алмай, жүз қаралы дұшпан етпеттен жатты.
1943 жылғы 15 қазанында Мәншүк пен Ыбырайым Сүлейменов екеуі есерлене шабуыл салған фашистердің нөпіріне қатарлас окоптарда тұрып, желді күнгі қоғадай немістерді қайта-қайта жапырды. Әлденеше сағаттар бойы күші басым жауды ілгері бастырмай қойды. Өздерінің жараланғанына қарамай, дұшпанның меселін қайтарып, сан мәрте кейін шегінуге мәжбүр етті.
Өлгені өліп, қалғандары кері лықсып барып арттарынан келіп қосылған күштермен толыққан соң фашистер бұлар жайғасқан жотаны үсті-үстіне шабуылдаумен болды. Минаметпен де тынымсыз атқылады.
Қанша ержүрек батыр, соғыс өнерінің шебері болғанмен оқ таусылған соң не шара! Діңкелері құрып, төтеп бере алмады. Әдепкіде Мәншүк пулеметінің үні өшті. Арқа сүйер ағасының: “Мәншүк! Мәншүк!” деп ақырғы сәтте арыстанша айбаттанған үніне қарындасы-қарлығашы жауап қатпады…
Нәзік саусақтары пулеметтің шүріппесін жіберместен намыстан жаралған найзағайдай қыршын ғұмыр үзіліп кетті.
Мәншүк басынан жарадар болып есінен танып жатса да қолынан «Максим» пулеметінің гашеткасын басып жауға оқ жаудырып жатты. Мәншүк Отаны үшін мәңгілікке ерлікпен жанын тапсырды.
Артынан алып батырдың өзі де оққа ұшты. Ең соңғы демдері біткенше екеуі сөйтіп қатар шайқасты. Өмірлері де бірге үзілді.
Ұрыстан кейін хат болған жоқ.
Батыр қыздың қазасына қайғырып, майдандастары ертесіне-ақ жауынгерлер арасында митингілер өткізді. Өшпес ерлігін өзгелерге үлгі етті. Батыр атағын беруге ұсынды. Арада екі ай жарым өткенде даңқты командир Ә. Баймолдиннің өзі жау оғынан қаза тапты.
Бір-бірін біліп құрметтеген патриоттар, халқымыздың қаһарман перзенттері бақилықта да рухтары үндесіп қатар жатыр. Бұл саябақта басқа да соғыс құрбандары-қазақстандықтар, қазақтар бар.
1944 жылы наурыз айында Мәншүк Мәметованың және басқалардың сүйектері Невель қаласының орталық саябағына ауыстырылып қайта жерленген. Сол жерде ескерткіш- тас белгі қойылған. Бетінде мынадай жазулар бар: «Герой Советского Союза Маншук Маметова 1922-1943гг.».
Невель қаласының орталық саябағында мәңгілік мекеніне жайғасқан жалғыз Мәншүк қана емес. Қазақстанда құрылған 100-ші дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары полковник павлодардық Әбілқайыр Баймолдиннің бейіті одан қол созым жерде ғана. Сәл әрі іргедегі бауырластар зиратында жамбылдық атақты мерген, бір өзі үш жүзге жуық фашистің көзін құртқан хас батыр Ыбырайым Сүлейменов жерленген.
Мәншүк ерлікпен біздің жерімізді қорғап қаза болды. 21 жасында жанын пида етті. Өмірі қысқа бірақ жарқын еді.
Мәншүктің есімі Халқының жүрегінде!!!
Мен соғыс жайлы көркем шығармалардан оқып және фильмдерден көргенім ғана болмаса, соғысты көрмеген бейбіт елдің бейбіт азаматы ретінде осы жаймашуақ күндерім үшін Отан үшін от кешкен боздақтарға шексіз ризамын.
Режиссер Мажит Бегалин – «Мәншүк туралы ән» атты көркемсуретті фильм түсірді.
Ақын Марьям Хакимжанова – «Мәншүк Мәметова» атты поэма жазды. Осы поэманың аясында режиссер Сейілхан Асқаров «Мәншүктің балалық шағы» атты телефильм жасады. Майдандас достары Александр және Акентай Хамидуллиндер «Мәншүктің жұлдызды сәті» атты кітап жазды.
Батыр қызды Невель жерінде де ерекше қадірлеп есте сақтайды.
Невельде (Ресей Федерациясы, Псков облысы, Невель ауданы) Мәншүк Мәметова атындағы көшеде скульптор Тулековтың Мәншүкке арнап жасаған ескерткіші тұр.Осы ескеркіштің артында Мәншүктің атындағы тігін фабрикасы орналасқан. Невель қаласының мұражайында үлкен орын берілген. Невель мектебінің Ұлы Отан соғысы мұражайында Мәншүкке арналған үлкен бөлім бар.
Халықтың бірлігі сын сағатта сынға түседі. Кеңес Үкіметінің құрамындағы 15 бауырлас република өкілдері өзінің ұлы Отанын сұм пиғылды жаудан қорғай білді.
Қазақтың қос шынары – Әлия мен Мәншүктің ерлігі жастарға үлгі-өнеге бола білді. Адамзаттың тарихында қызыл қанмен жазылған Ұлы Отан соғысының куәсі болған Невель қаласының жеріне тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде бізге тыныш ұйқы, бейбіт өмір сыйлап, жандарын пида етіп өмірлерін қиған жауынгерлердің ерлігіне тағзым ету үшін аяқ бастым. Ерлігіне бас идім, қазақтың қызы жасаған ерлікке өзге ұлт өкілдерінің жоғары баға бергеніне риза болып, кеудем мақтанышқа толды.
Қайтыс болған жерінде «Бауырлар» зираты, «Максим» пулеметінің қалқан-ескерткіші бар.
Мен өз көзіммен, кезінде адамның бойымен бірдей тереңдікке қазылған окоптарды, соғыс жылдарынан аман өткен ағаштарды, Мәншүктің қайтыс болған жерін көргенімде, соғыстың қаншалықты сұрапыл болғанын дәл сол мезетте түсінгендей болдым. Соғыс туралы кино, суреттерді көрген бір бөлек, батырлардың шайқасқан жерін көзіңмен көрген бір бөлек болады екен. Топыраққа толған, бетін шөп басып, арша-шыршалар мен ақ қайыңдар өскен окоп орындары өте көп.
«Максим» пулеметінің қалқанында мынадай сөздер жазылған:
«На этом месте в октябре 1943 года отражая яростные атаки немецко-фашистских захватчиков героически погибла дочь казахского народа Маншук Маметова»
Орал қаласында: М.Мәметова атындағы мұражай, оқыған мектебі, ескерткіші, көшесі, диорама («Мәншүктің мәңгілік ерлігі» – авторы –Мәскеу қаласының Греков атындағы әскери студияның суретшісі Ананьев Михаил Ананьевич) бар.
Алматыда оқыған №28-ші орта мектебінің сыныбында Мәншүк отырған партасы бар.
Өзі оқыған медицина институтында, осы уақытта С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде « Даңқ аллеясында» ескерткіші тұр. Университеттің мұражайында Мәншүкке байланысты барлық құжаттар жиналған.
Өздеріңізге белгілі Алматының төрінде Шығыстың қос жұлдызы, қазағымыздың батыр қыздары Әлия мен Мәншүгімізге арналған ескерткіш тұр. Біздің Әлия Молдағұловамыз сол Ресей Федерациясының Псков облысындағы Новосокольники қаласында мәңгілікке орналасқан. Қос Батыр қыздарымыздың топырағы бұйырған Невель, Новосокольники қалалары Бізге өте жақын. Бейбіт Өмір үшін арпалысқан Апаларымыздың әруақтары Біздерді қолдай жүрсін. Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыздың ерліктері жастарымызға үлгі, шамшырақ, абырой, мақтаныш, алға сүйрер ерлік-өнеге.
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің тобы Невель қаласындағы (Псков облысы, Ресей Федерациясы) Мәншүк Мәметова апамыздың ерлігіне, зиратына, тағдырына тағзым етіп, соңғы шайқасқан, қайтыс болған жерінде болып, зиратына « Даңқ гүлзарынан» топырақ салып, Невельдегі зиратынан топырақ алып, құран түсіріп, ерлік жолдарымен жүріп және туған жері Орал қаласында болып қайтты.
Топтың құрамы: Ұлттық медицина университетінің әскери кафедрасының аға оқытушысы медицина қызметінің подполковнигі Лесбаев Әлімхан Тазабекұлы, стоматология факультетінің 5 курс студенті Сметов Ғани Ғалымұлы, стоматология факультетінің 3 курс студенті Исабекова Самал Серікқызы және Алматы қаласының Ы.Алтынсарин атындағы
№ 159-шы мектеп-гимназиясының сол кездегі 9-шы «Ә» сыныбының оқушысы Лесбаева Бағдат Әлімханқызы
Іс-сапар мерзімі: 9.09.2012-18.09.2012жж.
Жүріп өткен жолымыз: Алматы-Мәскеу-Смоленск – Витебск (Белоруссия) – Невель (Псков облысы,РФ) – Санкт-Петербург – Мәскеу-Орал (Батыс Қазақстан облысы) -Алматы.
Мақсатымыз: Мәншүк Мәметова апамыздың туылғанына 90 жыл мерей тойына орай документальді фильм түсіру.
Бұл зерттеу жұмысы бізге көптеген естен кетпес әсерлер қалдырғаны сөзсіз. Өз басым, М.Мәметова апамызды тереңінен түсінуге мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Майданда жүріп, Әмина Мәметоваға жазған мына хат жолдары менің жадымда жатталып қалыпты, оның хатында: «Әпкетай, енді хат жазам ба, жазбаймын ба білмеймін. Егер өліп кетсем, әкем үшін, сіз үшін, Отан үшін…» – деп жазылған. Осы сөздері Мәншүк Мәметованың ержүрек, нағыз хас батыр, қайсар мінезді адам екенін айқындай түседі. Осы экспедициядан мен өзіме үлкен әсер алдым. Бұл жолда мен барлық жастар атынан ерлікке тағзым етіп, бас идім.
Әр заманның өз батыры болары рас. Бүгінгі ұрпақты, XXI ғасыр жастарын біреулер «қатігездеу» десе, біреулер «өзімшіл» дейді. Әйтеуір, бүгінгі ұрпақ көп адамның ойынан шыға бермейді. Мен бұл пікірмен келісе бермеймін, өйткені қиындық туса, олар да ерлік іске барады. Олар да мейірімді, өйткені бүгінгі жастар – сіздердің ұрпақтарыңыз, от пен оқтың ортасынан аман оралған майдангерлердің ұрпағы. Бабалары мықты елдің ұрпағы жасық болмақ емес!
Құжаттарды алған негізгі жерлер: Невель қаласының музейі, Невель қаласының әкімшілігі, М.Мәметованың ескерткіші, зираты, атындағы көшесі, тігін фабрикасы, мектебінің Ұлы Отан соғысына арналған мұражай,Заиванье деревнясы, Изочи станциясы (Қаратай көлінің жағасында орналасқан).
Орал қаласында: М.Мәметова атындағы мұражай, оқыған мектебі, ескерткіші, көшесі, диорама.
Бізге көмектескендер:
Невель қаласында. Невель ауданы басшысының орынбасары – Майоров Олег Евгеньевич; Невель қаласы мұражайының директоры Малиновская Людмила Мироновна; Мұражай сақтаушылары –Бершадский Сергей Григорьевич, Снегин-Андреев Александр Иванович,Мұражай қызметкері Любовь Ивановна; Мектеп мұражайының жетекшісі Елена Семеновна; жүргізушілер –Александр, Петр.
Орал қаласында: Мұражай директоры Бектенова Светлана Саржановна, қызметкерлері- Базарова Гулнара Насибулаевна,Әлия, Ақмарал, Есенбек.
Алматы қаласында: Университетіміздің ректоры Ақанов А.А., проректор Төлебаев Қ.А., кеңесші Мұстафина Ж.Ғ., тәрбие бөлімі
Мақпал Таубалдиева, Салтанат Айкеновна Апсаттарова, профком жетекшісі Датхаев У.М. мұражай диреторы Саятова Ә.С., «Шипагер» газеті редакциясы Марина Тян, Даурен, әскери кафедрасы полковниктер Исабаев Ж.Т., Шушбаев М.К., Жаксигельдинов М.Т.
Бұл іс-сапар университеттің тарихында екінші рет болып отыр. Бірінші рет 1960-шы жылдары болған.
Бұл саяхат Бізде ерекше әсерлер қалдырды. Ұлы Отан соғысында жандарын пида еткен Ата-Апаларымызды мәңгі ұмытпаймыз!
Еліміз Тәуелсіздік алып, жаңа дамудың жолына түсті. 20 жылда сол ұрпақ аталар салған жолмен талай биіктерді межеледі. Жастар – білімпаз ұрпақ. Білімді ел ғана болашақтың тізгінін ұстайды. Қазіргі заманауи ғылым мен техниканың тілін ұғып, жаңалықтар ашып жатқан жастар аз емес.
Елімнің мерейі өсіп, нағыз «Ақ түйенің қарны жарылған күнге», «Елі басшысын, басшысы елін ұлықтайтын заманға» жеттік. Елбасының дара беделін, биік парасатын, табанды саясатын бүгінде әлем мойындады. Ендеше, жастар да Елбасы ұстанған «Бәсекеге қабілетті болу үшін адам білімді болуы керек» – деген ұстанымды ту етіп, «Нұрлы жолда» болашаққа апаратын да жастар екеніне сенімім мол.
Биыл қазан айының 2-ші жұлдызында Мәншүк апамыздың туылғанына 100 жыл толады.
Сметов Ғани Ғалымұлы
Исабекова Самал Серікқызы
Лесбаева Бағдат Әлімханқызы
Лесбаев Әлімхан Тазабекұлы