Назарда – аутоиммундық сирек (орфандық) аурулар
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасы практикалық денсаулық сақтау саласына арналған білім беру іс-шараларының сериясын жалғастыруда. Бұл шаралар С. Ж. Асфендияров атындағы университеттің 95 жылдығына және профессор С. Қ. Қайшибаевтың 90 жылдығына арналған.
3 қазан күні Өскемен қаласында 20252027 жылдарға арналған ҚР ДСМ-нің №03324 23.01.2025 ж. бекітілген «Ересек тұрғындарға көрсетілетін неврологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасын» іске асыру аясында практикалық денсаулық сақтау мамандарын каскадты оқыту әдісі бойынша білім беру семинары өткізілді. Іс-шара ҚР «Неврологтар қауымдастығы» ҚБ, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың үздіксіз кәсіби даму институты және ШҚО денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Семинардың үйлестірушісі – ШҚО ДСБ-нің бас штаттан тыс неврологы Айнабекова Е. М. болды.
Диагностикалық орталықтың акт залында дәрігерлерге арналған оқу семинары өтті. Ол миастения гравис ауруының диагностикасы, емі және динамикалық бақылауының өзекті мәселелеріне, балалардағы миастенияның клиникалық ерекшеліктеріне, нейрооптикомиелит спектріндегі ауруларға және осы аурулар кезінде антикомплементарлық терапияның қолданылуына арналды. Іс-шараға ШҚО-ның әртүрлі медициналық мекемелерінен келген ересектер мен балалар неврологтары, жалпы тәжірибе дәрігерлері қатысты.
Сарапшылар қазіргі ғылыми деректер мен заманауи клиникалық зерттеулердің нәтижелеріне негізделген дәрістер оқыды. Шақырылған лекторлардың қатарында С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулар кафедрасының профессорлары Мухамбетова Г. А., Нуржанова Р. Б. және кафедра меңгерушісі Туруспекова С. Т. болды.
Мұндай оқыту семинарларының өзектілігі аутоиммундық аурулардың неврологиялық көріністерінің жоғары маңыздылығымен түсіндіріледі. Бұл – медицинаның күрделі салаларының бірі. Мұндай ауруларды диагностикалау қиын, себебі олардың белгілері басқа аурулардың симптомдарын қайталай алады. Зертханалық зерттеулер, нейровизуализация және электронейромиография сияқты заманауи диагностикалық әдістер белгілердің тек бір бөлігін анықтауға мүмкіндік береді, бұл жиі қате диагноз қоюға және емнің кеш басталуына алып келеді, соның салдарынан мүгедектік қаупі артады. Осы ауруларды тереңірек зерттеу мен тиімді диагностикалық әдістерді енгізудің қажеттілігі қате диагноздардың көптеп кездесуінен көрініс табады.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушылар мен сарапшыларға сирек аутоиммундық, үдемелі аурулардың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергені, медициналық қауымдастықтың хабардарлығын арттыруға және кәсіби құзыреттерін дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірді.