Олжас Сүлейменов ҚазҰМУ-дың студенттері мен оқытушыларымен кездесті
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Атаулы мерейтой қарсаңында еліміз бойынша көптеген іс-шаралар, конференциялар, ғылыми-практикалық семинарлар мен кездесулер өтуде. Шараларға қатысушылардың басым бөлігі жастар болған соң, олар республикамыздың тарихи кезеңдерін білуімен қатар жаһандық қауіпсіздік пен әлемдік ұстанымдарды, бейбітшілік ұранын алға ұстануы тиіс. Осыған орай, 4 қараша күні «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының президенті Олжас Сүйлейменов және ядролық қаруға қарсы қозғалыстың ардагерлері университетіміздің студенттері мен оқытушыларымен кездесті.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің медицина студенттерімен кездесуі екі атаулы мерекені – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының 25 жылдығын атап өту қарсаңында өтті.
Белгілі қоғам қайраткері аталмыш кездесулердің маңыздылығын ескеріп, ядролық қарусыз болашақты дамытуда жауапкершілік жүктелетін өскелең ұрпаққа сенім білдірді.
«1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу тәуелсіздіктің бірінші қадамы болды. Ширек ғасыр бұрын қазақстандықтар ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру қозғалысын бастаған болатын. Бүгінде әлемдегі бес полигонның үні өшулі. Бұл бірінші кезекте Қазақстанның жасаған еңбегінің зор жемісі» , – деді «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының президенті Олжас Сүйлейменов.
Олжас Омарұлы Семей полигонын жабу барысындағы жұмыстарда медицина студенттері мен тәжірибелі дәрігерлердің ерекше орын алғандығын атап өтті. «Соның көмегімен екі-үш аптада біз полигонды жабу талабымен жүгінген 2 миллионнан астам қазақстандықтың қолын жинадық. Содан соң Қазақстан президентінің жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда әлемдегі 5 полигонның біріншісі болып – Семей полигоны жабылды. Полигонның жабылғанына қарамастан, жантүршігерлік сынақтардың кесірі еш ұмытылған емес. Соның салдарынан көптеген адамдар көз жұмды. «Невада-Семей» қозғалысының құрылуы елімізді ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде жария етті. Меңінше, бұл қазақстандықтардың еңбегі болып табылады» , – деп өз сөзінде Олжас Сүйлейменов айтып өтті. Халық жазушысының сөзінше эстафетаны жастардың қолына берудің уақыты келді. «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік жолындағы күрес ешқашан тоқтатылмауы тиіс және бұл әлемнің жарқын болашағының кепілі болмақ», – деді Олжас Сүлейменов ҚазҰМУ-дағы кездесуде.
Кездесу барысында студенттер айтулы қонаққа көптеген өзекті де маңызды сұрақтарын қойып, қоғам қайраткеріне алғыс ретінде кішігірім концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Іс-шара соңында студенттер қолтаңба алуға асықты.
Сонымен қатар, университет қабырғасында Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қызықты кездесуден соң студенттер биыл 80-жылдық мерейтойын атап өткен бірегей жазушының шығармашылығымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Анықтама:
Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі таңдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың) Гелогия факультетін тәмәмдаған. Әдебиет саласымен 1955 жылдан бері айналысып келеді. 1958 жылы А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының Поэтикалық аударма бөліміне түсіп, 1961 жылы аяқтайды. 1962-1971 жылдары «Казахстанская Правда» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақфильм» киностудиясы сценарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, «Простор» журналында Журналистика бөлімінің меңгерушісі болып жұмыстар атқарды. 1971 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге 1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақстандық комитеттің төрағасы, 1981-1983 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және 1983-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1989 жылдың ақпанында Халықаралық Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалысының бастаушысы болды. 1995 жылы Қазақстанның Италиядағы Елшісі қызметін атқарды. 2002 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы (Париж) өкілі.
Олжас Сүлейменовтің кітаптары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, болгар, венгер, моңғол және түрік тілдеріне аударылған.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі