Профессор, терминолог ғалым, паталогоанатом Ахметов Жауғашты Байназарұлы 80 жаста!
«Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» деген қанатты сөзден бастайын. Бұл сөз медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Б.Ахметов ағамыз жайлы болмақ. Жауғашты Байназарұлының еңбек жолы таусылмайтын даңғыл жол деуге келеді. Себебі денсаулық сақтау саласының дамуына үлесін қосып, тер төгіп жүрген азамат ретінде барлығымызға таныс.
Ж.Б.Ахметов 150-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, 2 медицина ғылымдарының кандидатын дайындаған, «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» 12 мақаласы басылған. Ж.Б.Ахметов университет, факультет, кафедра ұжымдар алдында да, студенттер арасында да зор беделге ие.
Мен ол кісінің еңбегін екі бағытқа бөліп қарастыратын едім. Біріншісі морфология саласы. Қазіргі атқарып жүрген патологиялық анатомия саласы бұл енді өте қиыншылығы да, қызығы да мол мамандық. Морфологияның бір пұшпағын илеп жүрген маман ретінде, микроскоптың көмегімен диагноз қою деген терең білімді, көрегендікті талап ететіні маған өте жақсы мәлім. Міне осы жағынан Жауғашты ағаны мен жақын тартамын, әрі өте сыйлаймын. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс өлшеусіз. Ол жағын бір кафедрада иық тіресіп қызмет атқарып жүрген әріптестеріне қалтырайын.
Еңбек жолының ерекше айтуға тұрарлық екінші бағыты қазақ тілімен, терминология саласымен өте тығыз байланысты. Медициналық терминология жасау ісінің майталманы. Ахметов Ж.Б. Қазақстанда медициналық терминологияның негізін қалаушылардың бірі. Денсаулық сақтау министрлігіндегі медициналық терминологиялық комиссияның төрағасының орынбасары. Ол Республика бойынша Актөбе, Семей, Қарағанды, Астана, Алматы медицина университеттерінде терминологиялық конференцияларды өткізді. Осы қалаларда конференция өткізу алдында жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, ол сұхбат теледидардан көрсетілді. “Хабар” арнасында тіл мәселесі бойынша бірнеше түсірілімдерге қатынасты. Соның ішінде 2022 жылы Халел Досмухаметовтің 150 – жылдық мерейтойына байланысты түсірілімді ерекше атап кетуге болады.
Бір сұқбатында: «Медицина атауларын қазақ тілінде сөйлету аса күрделі мәселе, себебі олар негізінен латын тілінде туындап, бізге орыс тілі арқылы жеткен. Осыған байланысты латын сөздерін баз қалпында (орысша транскрипциясы түрінде) қалдырған жөн деушілер баршылық, бірақ біздің мақсатымыз – қазақ тілінің бар мүмкіндігін пайдаланып, ана тілінде оқулықтар жазып шығару» – деп атап көрсетті. Соның дәлелі ретінде жақында ғана 2023 жылдың аяғында 830 беттен тұратын «Патологиялық анатомия» оқулығының 5-ші басылымы қазақ тілінде жарық көрді. Өз көрген білгенін, тәжірибесін жинақтап осы оқулыққа қосты. Бұл мемлекетімізде маман даярлаудың болашағына қосылған қомақты үлес деп қабылдау керек.
Одан басқа: Алғашқы «Патологиялық анатомия» оқулығының, «Гистологиялық эмбриология, цитология» атласының, «Патологиялық анатомия терминдерінің латынша-орысша-қазақша түсіндерме сөздігінің», «Медициналық сөздіктің», «Ағылшынша-қазақша медициналық сөздіктің» «Орысша-қазақша, қазақша-орысша медициналық сөздіктің», «English-Kazakh medical dictionary», «Өмір-өлім-өмір» атты ғылыми-танымдық кітаптың авторы. Бұл кісінің бір қасиеті әріптестеріне, шәкірттеріне кітап сыйлағанды ұнататыны. Бір естелік болсын: Х.Досмұхамедұлының 140 жылдық мерейтойына арналған Республикалық конференция ұйымдастыру барысында терминология комиссиясының кезекті отырысында «Адамның тән тірлігі» деген кітапты ерінбей әкеліп барлығымызға таратып берді. Х.Досмұхамедұлының өмірімен тереңірек танысу осы сәттен-ақ басталған еді.
Тілге деген жанашырлығының арқасында Жауғашты Байназарұлы көптеген марапаттарға ие болды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», А.Байтұрсынұлының қола, күміс, алтын медальдарының, «Даналық» аталымының төсбелгісінің иегері. Бұлар жай беріле салған марапаттар емес.
Терминологиялық комиссияда бірге жүргендіктен келесі еңбектерін айтпауға болмайды. 2023 жылы түркі тілдес елдердің сөздігін құрастыруда ерен еңбек етті. Оны да сапалы түрде атқарып шықты. Сонымен қатар Аурулардың Халықаралық жіктемесінің қазақша 11-ші нұсқасын жасау ісінде де аса бір шеберлік көрсетіп, жауапкершілікпен өте белсенді қатысты. Қасындағы әріптестеріне өте адал білікті әріптес, кішіге ақылын айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыратын ұлағатты ұстаз. 150 ден астам еңбегі бар талантты ғалым. Жарияланған еңбектерімен танысу барысында бір дарияға еніп кеткендей күй кешесің. «Ана тілі» тағы да басқа басылымдарда басылып шыққан мақалаларының барлығы өзектілігі бойынша бірінен бірі өтеді. Барлығы тілге, оның дамуына, терминіміздің біріздендірілуіне арналған. Сондықтан өзінің күрделі мамандығымен қатар тіл мәселесін алып жүрген көрнекті қайраткер десем артық емес.
Жауғашты Байназарұлы Ахметов өзінің 80 жылдық мерейтойын тың ойлармен, аса бір көтеріңкі көңіл күймен қарсы алады деген ойдамын. Мерейтойыңыз құтты болсын дегім келеді. Деніңіз сау болсын. Әлі де алар асуларыңыз көп болғай.
Республикалық терминология комиссиясының мүшесі, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерғазина Марал Жүнісбекқызы.