Санжар Асфендияровтың туғанына 134 жыл толды
Бүгін университетіміздің негізін қалаушы Асфендияров Санжар Жапарұлының туғанына 134 жыл толып отыр. Ұлы ұстаз және Қазақстандағы тұңғыш медициналық институтты ұйымдастырушы 1889 жылы 20 қазанда Ташкент қаласында дүниеге келген. 1907 жылы Ташкент училищесін, 1912 жылы Петербург әскери-медициналық академиясын тәмамдаған. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданда әскери дәрігер қызметін атқарды. 1919-1925 жылдары Ташкент қаласында басшылық лауазымдарды атқарды, Түркістан АКСР-ның Денсаулық сақтау халық комиссары (1919-1920), Түркістан АКСР-ның Жер ісі халық комиссары (1921-1922), Түркістан АКСР-ның Денсаулық сақтау халық комиссары (1923-1924). С.Ж. Асфендияров 1927-1928 жылдары Мәскеуде Н.Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметін атқарды. Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң профессоры атағына ие болды.
Қазақстанда 1928 жылы Қазақ педагогика институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика Университеті) негізін қалаушылардың бірі болды.
С.Ж. Асфендияров Алматы медициналық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931-1933 жж.) болды. С.Ж. Асфендияров институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін және хирургия кафедраларын ашты. С.Ж. Асфендияров жұқпалы аурулардың алдын-алу ісіне, халыққа тегін дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарына көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін өкпе (құрт ауруы), шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін жандандырды.
Санжар Жапарұлы ана тілінен басқа орыс, ағылшын, француз, неміс, латын және шығыс халықтарының тілдерін еркін меңгерген.
Санжар Асфендияров 1937 жылғы тамызда Мәскеуде тұтқындалып, Алматыға ауыстырылды, онда уақытша изоляторға қамалды. 1938 жылдың 25 ақпанында Алматы қаласында КСРО Жоғарғы соты коллегиясының көшпелі сессиясының үкімі бойынша ату жазасына кесілді. С.Ж. Асфендияров КСРО Жоғарғы сотының шешімімен 1958 жылдың 26 мамырдағы шешімі бойынша ақталды. ҚазКСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына сәйкес Алматы медициналық институтына С.Ж. Асфендияров есімі берілді.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/санжар-асфендияровтың-туғанына-134-жыл-т/