С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Ақтау, Атырау қалаларында өткен жоғары білім көрмесіне қатысты
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі халық тығыз қоныстанған, батыс өңірлердің және жаңадан құрылған облыстардың жастарына арналған нысаналы білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 2024 жылғы 13-14 мамыр аралығында Ақтау, 16-17 мамыр аралығында Атырау облыстарында жоғары білім көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеге Фармация мектебінің оқытушылары Ш.М. Курманалиева, Ш. Е. Жусипбекова қатысты. Осы жылы батыс өнірлеріне, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлердің жетекші жоғары оқу орындарында жастарды оқыту үшін 5000 грант бөлінді. Көрмеге Маңғыстау және Атырау облыстарының мектептері мен колледждерінің 4000-нан астам түлегі қатысты.
Біздің әріптестеріміз талапкерлерге мамандықты дұрыс таңдауға, оқуға түсудің барлық мәселелері бойынша, білім беру бағдарламалары бойынша соның ішінде «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша толық ақпарат берді, осының барлығы талапкерлердің мамандыққа деген қызығушылығын тудырды.
Көрме аясында «гранттардың түрлері және талапкердің жол картасы» кәсіптік бағдар беру семинары, жалпы білім беретін мектептердің кәсіптік бағдар беру мамандарына арналған форум өткізілді.
Ата-аналарға арналған семинарлар бөлек өткізілді, семинар барысында болашақ мамандықты таңдау, баланың психологиялық жағдайына, көңіл-күйіне назар аударудың маңыздылығы, тестке дайындық бойынша ұсыныстар берілді. Талапкерлерге университет логотипімен сыйлықтар табыстаумен қатар ұтыс ойындары, викториналар өткізілді.
Ақтау және Атырау қалаларындағы жоғары білім көрмесіне қатысқан талапкерлер мен ата-аналарға алғыс айтамыз!