С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті QS China Summit 2026 саммитінде
Жаһандық білім беру кеңістігі дамып жатқан жағдайда жетекші университеттер өзекті мәселелерді талқылау, озық тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін бас қосуда.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жоғары білім саласындағы халықаралық саммит – QS China Summit 2026-ға қатысуда. Саммитті QS Quacquarelli Symonds ұйымдастырып отыр. Іс-шара 2026 жылғы 8-9 сәуір күндері Шэньчжэнь қаласында өтуде.
2026 жылғы саммиттің тақырыбы – «Connected Cities, Collaborative Campuses» («Байланысқан қалалар және бірлескен кампустар»). Бұл тақырып университеттер, қалалар және халықаралық академиялық қауымдастық арасындағы байланысты дамытуға бағытталған.
QS China Summit саммиті Қытай мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру көшбасшыларын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, серіктестік орнатуға және инновацияларды дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында мына мәселелер қарастырылады:
- Университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру
- Университет түлектерінің дағдылары мен жұмысқа орналасуын дамыту
- Интернационалдандыру және академиялық ұтқырлық
- Ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты күшейту
Ерекше атап өтерлігі, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті – осы саммитте Қазақстан атынан қатысып отырған жалғыз медициналық жоғары оқу орны. Бұл университеттің елдегі медициналық білім беру жүйесіндегі жетекші орнын және халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Саммитке қатысу университеттің халықаралық серіктестігін кеңейтуге, білім беру бағдарламаларын ілгерілетуге және жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған.





