Ташкентте өткен Достық олимпиадасы мен спартакиадасында ҚазҰМУ студенттері жеңімпаз атанды
15–17 қазан аралығында Ташкент мемлекеттік медицина университетінде Қазақстан мен Өзбекстанның медицина жастары арасында Достық олимпиадасы мен спартакиадасы өтті.
Іс-шаралар Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында ұйымдастырылып, екі елдің жетекші медицина жоғары оқу орындарының студенттерін біріктірді.
Біздің студенттер Қазақстанның жеті және Өзбекстанның сегіз медициналық университеті өкілдері арасынан озық нәтижелер көрсетіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Бірінші орын иегерлеріне марапаттарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова мен Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров табыс етті.
Стоматология пәні бойынша өткен олимпиадада «Стоматология» мектебінің 5-курс студенттері Бекайдар Бақнұр мен Сейсенова Нұрсая жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Ғылыми жетекшісі – балалар стоматологиясы кафедрасының профессоры Ермуханова Гүлжан Тлеумухановна.
Хирургия бағыты бойынша «Жалпы медицина-2» мектебінің 5-курс студенттері Танатар Еркебұлан мен Джуванышева Калия екінші орынға ие болды. Ғылыми жетекшісі – жалпы хирургия және топографиялық анатомия кафедрасының доценті Абдыкеримова Күлмира Бельгожаевна.
Үстел теннисі жарысында «Жалпы медицина-2» мектебінің 4-курс студенті Аружан Турсынбекова жеке есепте қола медаль жеңіп алды, ал жұптық сында «Жалпы медицина-2» мектебінің 3-курс студенті Нурсейт Тлегеновпен бірге күміс жүлдеге қол жеткізді.
Шахмат турниріне «Фармация» мектебінің 4-курс студенті Жасұлан Хайруллин және «Жалпы медицина-2» мектебінің 5-курс студенті Маруа Әсентай қатысты. Нәтижесінде Маруа «Жас талант», ал Жасұлан «Блиц шебері» номинацияларымен марапатталды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов пен Ташкент мемлекеттік медицина университетінің ректоры Шухрат Боймурадов студенттерді табысты өнер көрсетулерімен құттықтап, қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін және мұндай іс-шаралардың университеттер арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.