ТДМ-ды іске асыру аясында «Жастар кәсіпкерлігінің негіздері» тақырыбындағы мастер-класс
2026 жылғы 9 сәуірде С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Халықаралық факультетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында «Жастар кәсіпкерлігінің негіздері» тақырыбында мастер-класс ұйымдастырды.
Құттықтау сөзбен университеттің білім алушыларды дамыту және қолдау департаментінің директоры Шермет Шерзат Розметұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазіргі жағдайда студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын қалыптастырудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның арнайы қонағы Азамат Асқар Азаматұлы — Қалалық мансап орталығының директоры, Алматы қаласын дамыту орталығының жастар саясаты жөніндегі сарапшысы болды. Кездесу барысында спикер студенттерге кәсіпкерлік қызметтің негіздері, жастарға арналған мүмкіндіктер, Алматы қаласында өз ісін бастау перспективалары туралы айтып, жеке кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Студенттер жоғары белсенділік танытып, талқылауға қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алды.
Өткізілген мастер-класс білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына маңызды алаң болып, жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және өз бастамаларын жүзеге асыруға деген ынтасын күшейтуге ықпал етті.







