Университет түлегінен табысты бизнес-менеджерге дейін: Фармация мектебінің студенттерімен мотивациялық кездесу
2025 жылғы 31 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Фармация мектебінің 4 және 5 курс студенттерімен мотивациялық кездесу өтті. Кездесудің құрметті қонағы — университет түлегі, бизнес әкімшілендіру магистрі (MBA) Данияр Джанкулов болды.
Кездесу студенттерге кәсіби өзін-өзі анықтауға, табысты жұмысқа орналасуға және фармация саласы мен оған қатысты салалардағы мансаптық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталды.
Іс-шара барысында студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейту ғана емес, оларға нақты практикалық қолдау көрсетуге де баса назар аударылды. Халықаралық деңгейде фармация саласында жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне, атап айтқанда шетелдік фармацевтикалық компанияларда қызмет ету мүмкіншіліктері атап өтілді. Спикер өз кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, медициналық университеттің түлегінен табысты бизнес-менеджерге дейінгі жолын айтып, фармацевтикалық нарықтағы заманауи тенденциялар мен фармация саласының даму перспективаларына тоқталды. Данияр Джанкулов Қазақстанда және шетелде мансап құру, бәсекеге қабілетті түйіндеме жасау, сұхбаттан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін іздеу мәселелеріне ерекше мән берді.
Фармация мектебінің деканы З.Б. Сакипова студенттер мен түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету университеттің маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол кәсіби табыс — білім беру сапасының айнасы әрі заманауи фармацевтикалық нарықта бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың негізгі факторы екенін атап көрсетті.
Кездесу ашық және жылы атмосферада өтті, студенттердің қызығушылығын тудырып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына үлкен мотивация берді. Шара барысында студенттер өз мамандықтарын қалай таңдағандарын, осы салаға қалай келгендерін айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, олар қай ұйымдарда жұмыс істегісі келетінін атап өтіп, кәсіби өсу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қатысты белсенді сұрақтар қойды.
Студенттер мен Фармация мектебінің басшылығы Данияр Джанкуловқа құнды кеңестер, шабыт және болашақ мамандардың кәсіби дамуына қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс білдірді.

















