Университет Қазбек Тулебаевты ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті профессор, ҚазҰМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша экс-проректоры, Республикалық оқу әдістемелік кеңестің атқарушы директоры Қазбек Ағабылұлы Тулебаевты ақтық сапарға шығарып салды. Қазбек Ағабылұлы 58 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
ҚазҰМУ-дың «Конкордия» театрында өткен қаралы жиынға Қазбек Ағабылұлының достары мен әріптестері, шәкірттері, ғалымдар мен студенттер келіп, марқұмның отбасы мен туған туыстарына көңіл айтты.
Бұл қайғылы сәтте ол кісінің өмір жолындағы атқарған өшпес істеріне, ұстанған адамдық қасиеттеріне, кемеңгерлігіне, қызметтегі жоғары кәсібилігіне көз жүгіртіп, орын алып отырған ауыр қазаның бүкіл ауқымын сезініп отырмыз.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Қазбек Ағабылұлы адал, ашық, жүрегі мейірімге толы асыл азамат болатын. Университеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ұзақ жылдары бойы, әсіресе қиын-қыстау кезеңдерде өз қызметін адал атқарып, бар күш-қайратын университет ісіне жұмсаған болатын. Оның мезгілсіз қазасы барлық университет ұжымына ауыр тиіп отыр. Қазбек Ағабылұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгіге сақталады.
Тулебаев Қазбек Ағабылұлы, медицина ғылымының докторы, профессор, 1959 жылы 23 сәуірде Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген.
1982 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1982–1985 жылдары Қызылорда облысы ауруханасында дәрігер және медициналық колледжде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1985–1994 жылдары Өлкелік кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер. 1994–1998 жылдары Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесінде бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары. 1998–1999 жылдары Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығында бас директордың орынбасары. 2002–2005 жылдары бірінші орынбасары болды. 2005 жылдан осы орталықтың бас директоры қызметін атқарады.
2009 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Денсаулық сақтау саясаты және басқару кафедрасының меңгерушісі қызметіне келді. Кейін Х. Досмухамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің директоры, Қоғамдық денсаулық сақтау оқу департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.
2011 жылдың желтоқсан айынан 2016 жылдың қыркүйек айына дейін әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша проректор болып қызмет атқарды.
2017 жылдың күзінен Республикалық оқу әдістемелік кеңестің атқарушы директоры қызметіне тағайындалды
ҚазҰМУ-дың оқытушылары, студенттері мен қызметкерлері атынан біз Қазбек Ағабылұлына, оның атқарған адал әрі таза еңбегіне үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол кісінің қызмет барысындағы жауапкершілігі, адамдарға көрсеткен қамқорлығы еш ұмытылмайды.
Сіз мәңгіге біздің жүрегіміздесіз! Ұмытпаймыз Сізді, аяулы ұстаз Қазбек Ағабылұлы!
Қазбек Ағабылұлы Тулебаевтың ҚазҰМУ-дағы қызмет уақытындағы фотоальбомы
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі