«Шарманов оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы
2026 жылғы 19 қазанда Халел Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі мен академик Төрегелді Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, РМҒА және ҚР ҰҒА академигі, қазақстандық нутрициология мектебінің негізін қалаушы Төрегелді Шармановтың туған күніне арналған «Шарманов оқулары» өткізілді.
Конференцияның негізгі мақсаты – академик Төрегелді Шармановтың отандық және әлемдік тағамтану ғылымы мен денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеу, оның ғылыми мұрасының сабақтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі нутрициологияның өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылау болды.
Іс-шара С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы – ректор Марат Едігеұлы Шорановтың алғысөзімен ашылды. Конференция аясында Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алмаз Шарман «Адам интеллектісі дәуіріндегі конструктивті денсаулық» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада заманауи тағамтану ғылымындағы инновациялық технологиялар, жасанды интеллект мүмкіндіктері және оларды адамның нутритивтік мәртебесі мен денсаулығын жақсартуда қолданудың перспективалық бағыттары қарастырылды.
Одан басқа, конференцияда Қазақстандағы нутрициология ғылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, Қазақ тағамтану академиясының заманауи жетістіктері, тағам қауіпсіздігін зерттеудің жаңа зертханалық тәсілдері,тамақтанудың эпигенетикалық әсерлері талқыланды.
Конференцияның маңызды баяндамаларының бірі – академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының меңгерушісі Майгүл Сейдуллақызы Қайнарбаеваның «Жоғары медициналық білім беру жүйесіндегі тағамтану мәселелері» тақырыбы болды. Баяндамада медициналық жоғары оқу орындарында нутрициология және емдік тамақтану мәселелерін оқыту деңгейі біркелкі еместігі, жүйелі траекторияның болмауына байланысты туындаған түрлі мәселелердің оңтайлы шешу жолдары туралы айтты.
Бүгінде отыз жылдан астам тарихы бар академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасы еліміздегі нутрициология саласында мамандар даярлаудың ғылыми-педагогикалық дәстүрін жалғастырып келеді. Нәтижесінде «Нутрициология» ғылыми-педагогикалық магистратурасы, сертификаттау курсы, «Нутрициология» кәсіби стандарты жүзеге асырылды.
«Шарманов оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы академик Төрегелді Шарманов қалыптастырған тағамтану ғылымы мектебінің сабақтастығын айқындап, оның ғылыми мұрасын жаңа буын мамандарына насихаттауға және Қазақстандағы нутрициологияның білім беру, ғылыми-зерттеу және практикалық бағыттарын одан әрі дамытуға арналған маңызды ғылыми алаң болды.









































