ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
12 сәуірде Қазақстанда ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл күн кездейсоқ таңдалмады. Дәл бүгін ең танымал қазақстандық ғалымдардың бірі, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген.
Әлем елдерінде ғылым – дамудың драйвері болып табылады. Қазақстандық ғылымның атаулар мен жаңалықтарға бай тарихы бар. Қазіргі ғалымдар бұған дейінгі зерттеулерді жалғастыруда және ғылыми еңбектерімен ел дамуына өз үлестерін қосуда.
Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Қазақстан ғылымының көшбасшыларының бірі болып саналады. Біздің ғалымдар медицина, фармация, биоинженерия және басқа салалардағы бірегей жобалармен жұмыс істейді. Бұл басқа да сала мамандарының жұмысын ілгерілетеді.
Тек қана 2019-2022 жылдары Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қызметкерлері шетелдік рецензияланатын журналдарда 689 мақала жариялады, олардың ішінде «Scopus» – 419, «WoS» – 270. Ал, 2022 жылы рецензияланған импакт-факторлық журналдарда WoS-та 91 мақала, Scopus–та 134 мақала мен шолулар, барлығы 225 мақала жарияланды.
2023 жылғы Хирш индексі бойынша Қазақстанның ұлттық рейтингінің нәтижелері бойынша біздің университет ҚБТУ, КИМЭП және Н.Назарбаев университеттерінің медицина мектебінен озып шықты. Барлық басқа қазақстандық медициналық университеттерді артта қалдырып, үздік 5 ғылыми ұйымның қатарына енді.
Барша ғылым қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!