Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» тәрбиелік мәні
Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын 2020 жылы мемлекет көлемінде атап өту туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан болатын. Президентіміз бұл бастама «Рухани жаңғырудың» негізгі бағдарына айналуы қажет деп атап өтіп, негізгі мақсат – дана Абайдың мұрасын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-тағылымдарын кеңінен дәріптеу екенін айтты.
Осы орайда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті де көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда, соның бірі – 2020 жылы 17 мамырда өткен онлайн-конференция. Аталған іс-шараның қонағы болған – жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбаев, қатысқандар: университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылары, интернатура және резидентура факультетінің, жастар саясаты бөлімінің қызметкерлері. Онлайн-конференцияның тақырыбы: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» тәрбиелік мәні.
– Құрметті Бейбіт Орынбекұлы, Абайдың қара сөздеріндегі білім алуға, мәдениетке, өнерге ұмтылуға шақыру мәселелері туралы ой-пікіріңізді білдірсеңіз.
– Бұл сұраққа жауап берер алдында ұлы Абайдың қандай заманда өмір сүргеніне көз жүгіртіп, сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалға тоқталып өтейік. Қазақ халқы өзінің ұлан-байтақ территориясын сақтап қалу үшін ғасырлар бойы күресті, жоңғарлармен, оңтүстіктегі Орта Азия хандықтарымен үнемі қақтығыста болып келді. Қазақтың 1723–1730 жылдарғы Отан соғысынан кейін, саяси элита сыртқы жаулардан қорғануда Ресей империясының қамқорлығында, яғни протектораты болуды мақұл көрді. Сондай жолмен ішкі бірлікті нығайтуды, бір орталыққа бағынатын күшті мемлекеттілік құруды көздеді. Алайда қазақ еліне протектор болу міндетін алған империя біртіндеп оны кәдімгі отарына айналдырды. 19-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап өлкені басқару жөніндегі арнайы заңдарын шығарып, ішкі Ресейдегідей тәртіп енгізді, қазақ елін империяның әкімшілік жүйесіне түбегейлі қосты, тиісінше, болыс сайлау жүйесі енгізілді. Сонда бай-шонжарлар орыс әкімшілігі беретін билікке таласты. Болыс болу үшін сайлауларға қатысып, байлықтарын соған шашты (Абайдың әйгілі «Болыс болдым, мінеки» өлеңі баршаға белгілі). Отарлық жүйе халықтың психикасын көп өзгертті. Сол заманда өмір сүрген Абайды бұл мәселе қатты толғандырды. Халықтың отар болғалы бұрынғы жақсы қасиеттерден айрылып бара жатқаны, бас көтерер дейтіндерінің арасында билік өкілдеріне жағыну үшін түрлі келеңсіз әрекеттерге баруы, белең алған құлдық психология, жағымпаздық, өтірік сөйлеу, жала жабу, пара беру, өзге де түрлі нашар қылыққа бой ұру әрекеттері оны қатты ойландырды. 19-шы ғасырдың 90-шы жылдарынан жеті-сегіз жыл бойы қағазға түсірген «Қара сөздері» осыны арқау еткен терең философиялық ой-толғаулар болатын. Ақынның қара сөздері жалпы тақырып, мазмұны жағынан алғанда, поэзиясымен тығыз байланысты. Көп сөздеріндегі ойлар, пікірлер өлеңдерімен тікелей ұштасып, соларды толықтырып, кейде әрі қарай жалғастырып жатады. Абай қара сөздерінде халықты, оның ішінде жастарды білім алуға, мәдениетке, өнерге ұмтылуға шақырды. Осы кезде сауаттылық мәселесі алдыңғы кезекке шықты. Бұл заман талабы болды. Өйткені қарапайым халықтың арасында оқыған, білім алған адамдар өте аз еді. Ол заманда негізінен білімге бай-шонжар балаларының ғана қолдары жететін. Сондықтан Абай қарапайым халықтың арасынан шыққан көзі ашық, білімді азаматтар болғанын қалады, осыған үгіттеді. Абай өзінің 25-ші қара сөзінде «орыс тілі – дүниенің кілті» дейді. Ол қазақ жастарының орыс тілі арқылы ілім-білімді, мәдениетті, өнерді игеріп, орыстың, батыстың озық ойлы, демократиялық қөзқарастағы адамдарының еңбегімен танысқанын қалады, осыған шақырды. Орыс тілін білу арқылы Ресей билігінің жүргізіп отырған саясатын түсінуге, «ұлықсыған орыстың заңды белінен басып көрсетіп отырған озбырлығына» көнбеуге, ол үшін орыстың тілін білу арқылы заңын үйреніп, өзін-өзі қорғай алуға үндеді. Қазақ жастарының орыстың заңын білуі, басқару жүйесіне араласуы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ескеруге, ауыр тұрмыс-тіршілігіне көмектесуге жол ашатынына сенімді болды. Абай заманында қазақ даласында мектептер ашыла бастады, алғаш рет қазақ қыздарына арналған мектептер шаңырақ көтерді. Қазақша оқулықтар шыға бастады. Осының бәрін жастар, қарапайым халық пайдалана білсе, қазақ халқының білімге, өнерге, мәдениетке ұмтылуына жол ашылатынына күмәнсіз сенді, осы орайдағы үгіт-насихатын өзінің поэзиясы мен қара сөздері арқылы жеткізді.
– Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі адамгершілік, ар-ұят, имандылық туралы айтылған насихатына тоқтала кетсеңіз.
– Менің түсінігімде аталған ұғымдар бір-бірімен сабақтас. Ұлы ақынның шығармаларынан оның бірінші кезекте адамгершілік, инабаттылық, имандылық мәселелеріне ерекше мән бергенін көреміз. Халқымызды баланың бойына жасынан адами құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, дарытуға уағыздады. Шынында да, тек адамгершілігі мол жан ғана алған терең білімін ел игілігіне жарата алады. Сондықтан да Абай заманынан жеткен қара сөздердің маңыздылығын ешқашан ұмытпауымыз керек. Ақын қандай адам болмасын, бірінші кезекте өз жеке басы тәрбиелі болуы, қазақи ұлттық тәрбие алуы, әсіресе бала тәрбиесіне көңіл бөлуі өте маңызды екенін баса айтты. Мұны әрдайым есте ұстау ләзім. Ұлттық тәрбие дегенімізде, ең алдымен, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отбасылық құндылықтарды, ұрпақтар сабақтастығын, қоғамдағы қарым-қатынастарды, қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің озық үлгілерін сақтай отырып, жаңа заманның пайдалы жақтарын ала білудің маңыздылығын атап көрсетті. Қазақ халқын жік-жікке бөлінбей, «бас-басына би болмай», тату болуын, өмірде болып жатқан өзгерістердің «жаманынан жиреніп, жақсысынан үйренуге» шақырды.
– Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі насихаттың қазіргі кездегі тәрбие мәселесіндегі өзектілігі туралы ой-пікіріңіз.
– Президентіміз айтқандай, Абайдың әдеби мұрасы «Рухани жаңғырудың» бағдарына айналуы қажет. Абайдың бүгінгі күнде басшылыққа, бағыт-бағдарға алатын көптеген насихат сөздері бар, соны терең оқу керек, түсіне оқу керек, түйсікпен оқу керек. Ұлы ақының мұраларын бүгінгі күннің талабына сай пайдалана білу қажет. Қаншама уақыт өтсе де, Абай мұралары сарқылмас қазына болып қала бермек және өз өзектілігін күні бүгінге дейін жойған жоқ, келешекте те жоймақ емес.
– Қорыта айтқанда, бүгінгі өткен іс-шарадан біз ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің мән-маңызы әлі де зор екенін ұғындық. Халқымыздың мәңгілік қазынасы болып саналатын ақын мұрасын тағы бір ой елегінен өткізе келе, адамгершілікке баулитын, ізгілікті тәлім-тәрбиеге негізделген қара сөздерінен рухани күш-қуат алдық. Қонағымызға рахмет айта отырып, денсаулық және шығармашылық табыс тілейміз. Осы кешке қатысқан барлығыңызға рахмет.
Интернатура және резидентура факультеті
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/қазақтың-ұлы-ақыны-абай-құнанбайұлын/