Қазақ ұлттық медицина университетінде «Балалар мен жасөспірімдерге медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің елдік нұсқасын бейімдеу» атты дөңгелек үстел өтуде
Бұл күндері Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің және педиатрия, неонатология және басқа да саладағы балалардың денсаулығына қатысты мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел өтіп жатыр. Дөңгелек үстелдің мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бойынша ДДҰ-ның барлық соңғы ұсынымдарын зерделеу, өз ұсыныстарын енгізу және барлық ақпаратты педиатрия саласының қызметкерлеріне арналған бір алғашқы медициналық-санитарлық көмек анықтамалығында бейімдеу.
«Бұл іс жүзінде барлық жұмыстардың жинағы, яғни жаңа туылған сәби кезден бастап жасөспірімдікке дейінгі балаларды басқару, онда клиникалық және профилактикалық басқарудың барлық негізгі тәсілдері осындай қысқаша мазмұнмен енгізілген. Бұл біздің педиатрлардың халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етудің жолы. Ол үшін ең алдымен мамандарға арналған оқулықтарды, осындай анықтамалықтарды дайындап, дұрыс бағыт беру керек. Уақыт өте біздің педиатриялық қызмет дамыған елдердің үлгісінен еш кем түспейтініне сенімдімін. Денсаулық сақтау министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды қолға алды», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Гауһар Әбуова.
Медициналық-санитарлық алғашқы көмек – қоғамдағы әрбір адамның, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психикалық денсаулығын нығайтудың ең инклюзивті, нәтижелі әрі тиімді тәсілі болып табылады. Дегенмен, қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдер медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде әрдайым қажетті көмекті ала бермейді, бұл алдын алуға болатын өлім-жітім, ауру және мүгедектікке әкеледі. Алғашқы медициналық көмек көрсетушілердің көбінесе нақты дәлелдерге негізделген және баланың немесе жасөспірімнің мүдделеріне сәйкес келетін көмек көрсетуі үшін жеткілікті білімі мен ресурстары жетіспейді. Бұл балалар мен жасөспірімдердің әлеуетін толық ашуға кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі мен жалпы қоғамда ресурстардың ұтымсыз жұмсалуына соқтырады.
2022 жылдың наурыз айында ДДҰ ұйымы балалар мен жасөспірімдерге медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуге жауапты дәрігерлер, медбикелер және басқа медицина мамандары үшін жаңа құрал шығарды. Онда жалпы денсаулық жағдайлары мен шағымдары бар балалар мен жасөспірімдерді басқару және бағыттау бойынша ұсыныстар жинақталған. Ол медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлеріне ұзақ мерзімді аурулары мен мамандар емдейтін денсаулық жағдайлары бар балалар мен жасөспірімдерге одан әрі көмек көрсетуді үйлестіруге мүмкіндік беретін ақпаратты қамтиды. Жаңа туылғаннан бастап жасөспірімдік кезеңге дейінгі профилактикалық іс-шараларды, дені сау балаға барудың уақыты мен мазмұны, ерте жастағы балалардың дамуын ынталандыру және жасөспірімдерді ақпараттандыру бойынша ұсыныстар кіреді.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігіне ДДҰ қалта кітабын елімізге бейімдеуге қолдау көрсетуді сұрады. Құжатқа сараптамалық бағалау жүргізу және Қалта кітабының Қазақстанда қолданылуын қамтамасыз ету үшін арнайы өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап ететін бөлімдерді анықтау үшін ұлттық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы құжатты зерделеп, құжатқа енгізуге ұсынылған ескертулер мен өзгерістердің кең тізімін ұсынды.
«Бұл ДДҰ ұсынымдарын медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша қалталық нұсқаулыққа бейімдеу. Бұл ДДҰ-ның барлық соңғы ұсыныстарын қамтитын бірегей құжат, ол балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істейтін барлық мамандардың жұмысына көмектесетін жинақ. Бұл құрал 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалармен және жасөспірімдермен алғашқы медициналық-санитарлық көмекте жұмыс істейтін мамандардың ең өзекті сұрақтары қамтылуымен өзекті. Біздің кеңсе бірнеше елдерде өткен бейімдеуді қолдайды, дегенмен Қазақстан бұл бейімдеуді жүзеге асырған алғашқы елдердің қатарында. Біздің бұл екі күндік басқосуымыз әртүрлі бағытта жұмыс істейтін мамандардың жұмысына арналды. Дөңгелек үстел нәтижесі анықтамалықтың қорытынды нұсқасы болады деп ойлаймын. Құжат МСАК-тың барлық қызметкерлері үшін өте пайдалы болатынына сенімдімін, өйткені ол ДДҰ ұсынған барлық соңғы дәлелдерге негізделеді», – деп атап өтті ДДҰ Еуропалық бюросының қашықтағы кеңсесінің өкілі Айгуль Қуттумуратова.