Қазақ ұлтық медицина университетінде жаңа оқу жылына дайындық бойынша кеңес өтті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға университеттің кафедра меңгерушілері қатысты.
Нақты уақытта Университетте оқу бағдарламаларын жаңарту, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуды қаржыландыру мәселелерін зерделеу, саны 14 мыңға жеткен студенттерге арналған аудиториялар санын ұлғайту, профессорлық-оқытушылар құрамды ынталандыру жұмыстары жүргізілуде.
2022-2023 жылдарға арналған білім беру бағдарламалары бекітілді. Нақты уақытта барлығы 84 білім беру бағдарламасы, 10 бакалавриат бағдарламасы, 27 магистратура, 43 резидентура және 4 докторантура бар. Бірлескен C SDU MBA білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазірдің өзінде студенттерді қабылдау аяқталды, бағыт-бағдар беру апталығы жүріп жатыр, келесі аптада осы бағдарлама бойынша оқу басталады. Сондай-ақ, нутрициология кафедрасымен магистратура бағдарламасы әзірленді.
Бұдан басқа, Қазақ ұлттық медицина университеті ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің стандарттарын жаңартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жиында білім беру бағдарламаларын ресурстық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Материалдық-техникалық базаны жаңарту, студенттерді қолдау жүйесін жетілдіру, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру бойынша шаралар қабылдау жоспарлануда. Кафедралардың қажеттіліктеріне толық талдау жасалды, оқытушылармен қамтамасыз ету және олардың пән профиліне, біліміне сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау жоспарлануда.
Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер де жаңартылып, оқу үдерісі үшін қосымша кеңістіктер іздестіріледі.
Ректор Марат Шоранов жаңа оқу жылының басына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды, дайындық жоспарын әзірлеуді бір апта ішінде аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, университет қызметіндегі өзгерістердің жаңа тұжырымдамасы ұсынылмақ.
«Оқытушылардың тек қаржылық емес, кәсіби және әлеуметтік мотивациясы болғаны абзал. Бізге осы үш компонент желеу болған жағдайда ғана бәрі жақсы болады», – деді ректор.
Айта кетсек, өткен аптада Қазақ ұлттық медицина университеті Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ұлттық медициналық саммитте «Алтын шипагер» сыйлығының иегері атанды.
Сыйлық 2018 жылы тағайындалған, биылғы жылы алғаш рет марапат жеке медицина мамандарына емес, тұтас ұжымдарға табысталды. Саммитте Қазақ ұлттық медицина университеті еліміздегі ең үздік медициналық университет болып танылды.
ҚазҰМУ бөлімшелерінің жағдайына тоқталған ректор Марат Шоранов Симуляциялық орталығының зор мүмкіндігіне тоқталды. Ол Симуляциялық орталықты Университет студенттері мен қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар дәрігерлерде білімдерін бағалау үшін пайдалана алатынын, онда тәуелсіз емтихан орталығын құруға болатынын алға тартты.
Сонымен қатар, Университет ректоры оқытушылардың ағылшын тілін білуін ұжымның 50 пайызынан жоғары деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.