ҚАЗҰМУ-ДА АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ГРАНТЫ БОЙЫНША БІЛІМ АЛҒАН РЕЗИДЕНТТЕР ОҚУДЫ АЯҚТАДЫ
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Алматы әкімдігінің гранттары бойынша оқыған алғашқы түлектерге резидентураны бітіргені туралы куәліктерді тапсыру рәсімі өтті.
Еліміздің ірі мегаполисінің тапсырысы бойынша қазіргі уақытта ҚазҰМУ-да 183 резидент даярлаудан өтіп жатыр және олардың бифыл 45-і оқуды аяқтады. Олардың ішінде гастроэнтерологтар, инфекционистер, невропатологтар, педиатрлар, неонатологтар, фармакологтар, пульмонологтар, терапевттер және эндокринологтар. Диплом алғаннан кейін дәрігерлер оқу ақысын төлеген аймақтағы ауруханаларда 3-5 жыл жұмыс істеуі керек.
«Бізде перинаталдық орталық орналасқан Алатау ауданында 500 орынды жаңа аурухана, онкологиялық медициналық көмекке қажеттілікті орындайтын онкологиялық орталық, Орталық қалалық клиникалық аурухананың жаңа корпусын салу жоспарланып отыр. Біз алғашқы медициналық-санитарлық көмекке баса назар аударып, жаңа емханалар салынуда. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ медицина мамандарын даярлау бойынша елімізде көшбасшы болып табылады. Сондықтан, Қазақ ұлттық медицина университетіне, профессор-оқытушылар құрамына үлкен алғыс айтамыз. Болашақта біз жемісті ынтымақтастығымызды жалғастырамыз. Баршаңызға шын жүректен денсаулық пен табыс тілеймін», – деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Жалпы 2023 жылы ҚазҰМУ 38 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Дипломнан кейінгі білім беру факультетінде барлығы 1347 резидент білім алуда. Арнайы бейінді дәрігер куәліктерін биыл 493 түлек қолына алды.
Жергілікті атқарушы органдардың гранттары бойынша ҚазҰМУ-да 1347 резиденттің 363-і білім алуда, биылғы жылы 137 түлек еліміздің әртүрлі аймақтық атқарушы органдардан бөлінген грант бойынша оқуды аяқтады.
2023 жылдың көктемінде университетте өткен бос орындар жәрмеңкесінде жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанда 3450 медициналық маманға қажеттілік байқалады. Ең сұранысқа ие мамандықтар – терапевт, педиатр және акушер-гинекологтар. Жыл сайын медициналық мекеме өкілдеріне жоғары жалақы, тұрғын үй, жеңілдікті несиелер мен ипотека, сондай-ақ қаржылық қолдау ұсына отырып, бітіруші мамандарды жұмысқа тарту үшін ҚазҰМУ-дағы бос орындар жәрмеңкесі өтеді.