ҚазҰМУ-да БМСК және диагностика орталығының ғылыми клиникалық-диагностикалық зертханасы ашылды
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Бастапқы медициналық-санитарлық көмек және диагностика орталығының ғылыми клиникалық-диагностикалық зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Жоба Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жүзеге асып, университеттің клиникалық инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарды.
Зертхана Алматы қаласы, Шевченко көшесі 126 мекенжайында орналасқан. Ол Mindray халықаралық компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігі және Medical Systems жеке серіктесімен үшжақты әріптестік форматында құрылды. Зертхана әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық жабдықтармен, соның ішінде автоматтандырылған гематологиялық, биохимиялық, иммунологиялық және коагулологиялық анализаторлармен толық қамтамасыз етілген.
Жаңа зертхана бір ауысымда негізгі зертханалық диагностика бағыттары бойынша 200-ге дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Заманауи жабдықтау нәтижелерді алу мерзімін қысқартуға, зерттеулердің дәлдігін арттыруға және зертханалық процестердің тұрақты сапасын қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Қызметтер тіркелген тұрғындар үшін де, ақылы негізде де қолжетімді болады.
Зертхананың ашылуы БМСК және диагностика орталығының диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Енді пациенттер тексерулерден сол жерде өтіп, нәтижелерді жылдам әрі ыңғайлы форматта ала алады. Бұл диагнозды уақтылы қоюға және медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жобаның білім беру тұрғысынан да маңызы зор. Зертхана студенттер, резиденттер және жас мамандар үшін практикалық дайындық базасына айналып, оларға нақты клиникалық жағдайда заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге, гематология, биохимия және иммунология бағыттарындағы зерттеулерді меңгеруге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі жоба үлкен жолдың алғашқы қадамы. Бұл Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген, медициналық жоғары оқу орны үшін бірегей тәжірибе. Біз үшін үлкен сый әрі жаңа даму кезеңіне серпін. Бастаманың ерекшелігі мұндай зертханалардың медициналық университет базасында сирек құрылатынында. Алдағы уақытта ҚазҰМУ зертхананы референс-орталық деңгейіне дейін дамытып, ұлттық тізілімдерге енгізуді, сондай-ақ Дипломнан кейінгі білім беру институты базасында зертханалық қызмет мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр, – деді ашылу рәсімінде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.




































