ҚазҰМУ-да жеті жас ғалым PhD дипломын алды
ҚазҰМУ-да биыл PhD дәрежесін алған жеті жас ғалымның зерттеулері денсаулық сақтау саласындағы нақты мәселелерге арналған. Олардың еңбектері қатерлі ісікті ерте анықтау, балалар неврологиясы, стоматология, пульмонология және медициналық көмектің қолжетімділігі сияқты бағыттарды қамтиды.
15 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде PhD дипломдарын және 2026 жылы докторантураны аяқтаған түлектердің сертификаттарын табыстау рәсімі өтті. Биыл «Медицина» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламалары бойынша жеті зерттеуші PhD дипломын алды.
«Медицина» бағыты бойынша диплом алғандардың бірі – Алматы онкологиялық орталығы онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев. Ол тұқым қуалайтын бейімділігі бар науқастарда колоректалды қатерлі ісікті ерте анықтау мүмкіндіктерін зерттеді.
Балалар неврологиясына арналған зерттеуді «Керуен Медикус» медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Әйгерім Ғалым жүргізді. Оның ғылыми жұмысы қазақ балаларындағы шашыраңқы склероз спектріне жататын демиелинизациялық аурулардың даму ерекшеліктерін анықтауға бағытталған.
ҚазҰМУ ортопедиялық стоматология кафедрасының профессор ассистенті Мәди Тлешев стоматологияда наноқұрылымды жабыны бар титан имплантаттарын қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
«Қоғамдық денсаулық сақтау» бағыты бойынша тағы төрт зерттеуші PhD дипломын алды. Камшат Толғанбаева, Мақсат Мамыркұл, Ғалия Базарбекова және Динара Шакидің ғылыми жұмыстары ерлер денсаулығын сақтау және аурулардың алдын алу, пандемия кезіндегі стационарлық көмекті ұйымдастыру, пульмонологиялық қызметті дамыту және медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігі мәселелеріне арналған.
Жас ғалымдарды ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Кайдарова құттықтап, алдағы ғылыми жұмыстарына табыс тіледі. «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағыты бойынша дипломдарды диссертациялық кеңес төрағасы, профессор Мақсұт Құлжанов табыстады.
Салтанатты жиында 2026 жылы докторантураны аяқтаған түлектерге де сертификаттар берілді. Биыл ҚазҰМУ докторантурасын 20 адам тәмамдады. Оның тоғызы – «Медицина», төртеуі – «Қоғамдық денсаулық сақтау», үшеуі – «Фармация», үшеуі – «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», біреуі – «Мейіргер ісі ғылымы» бағдарламасының түлегі.
Олардың арасынан үш түлек «2026 жылдың үздік түлегі» атанды. Докторантураны аяқтағаны туралы сертификаттарды ҚазҰМУ проректоры, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Убайдилла Датхаев табыстады.
Докторантура түлектері енді ғылыми ізденістерін жалғастырып, клиникалық, ғылыми және білім беру салаларында еңбек етеді. Университетте жинаған білімі мен зерттеу тәжірибесі олардың алдағы кәсіби жолында қажет болады.








































