ҚазҰМУ-да Стоматология мектебінің түлектеріне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Стоматология мектебінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл 324 жас маман дәрігер-стоматологтар қатарына қосылды. Оның ішінде төрт түлек оқуын үздік аяқтады.
Салтанатты рәсімде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бұл күннің ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгін университет денсаулық сақтау саласына жаңа буын дәрігерлерді жолдап отыр.
Ректор әр дипломның артында жылдар бойғы қажырлы еңбек, теориялық білім, клиникалық тәжірибе, стоматологиялық кресло жанындағы алғашқы толқыныс пен алғашқы сенімді шешімдер тұрғанын айтты.
– Бүгін қолдарыңызға диплом алып, дәрігер-стоматолог ретінде кәсіби жолға қадам басып отырсыздар. Алдарыңызда үлкен жауапкершілік жүктейтін, үздіксіз ізденісті талап ететін маңызды еңбек жолы тұр, – деді ректор.
Өз сөзінде Марат Шоранов стоматологияның медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта клиникалық тәжірибе, цифрлық технологиялар, эстетика мен хирургия өзара сабақтасып жатыр. Оның айтуынша, қазіргі стоматолог – тісті емдейтін дәрігер ғана емес, пациенттің өзіне деген сенімін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосатын маман. Себебі стоматологтың еңбегі адамның күлкісін ғана емес, оның көңіл күйі мен өмірге деген көзқарасын да өзгерте алады.
Ректор Стоматология мектебінің профессорлық-оқытушылық құрамына ерекше алғыс білдірді. 70 жылға жуық тарихы бар мектеп осы уақыт ішінде Қазақстанның стоматологиялық қызметінің дамуына үлес қосқан мыңдаған білікті маман даярлады. Бүгінде мұнда 100-ден астам оқытушы еңбек етеді. Олардың қатарында 14 медицина ғылымдарының докторы мен 20 медицина ғылымдарының кандидаты бар. Сонымен қатар ол түлектердің ата-аналарына балаларының білім алу жолындағы қолдауы мен сабыры үшін ризашылығын жеткізді.
Сөз соңында ректор ҚазҰМУ дипломы түлектер үшін жоғары білім туралы құжат қана емес, халықаралық деңгейде мойындалған, бай тарихы мен қалыптасқан беделі бар университеттің бір бөлшегі болудың белгісі екенін атап өтті. 2026 жылы ҚазҰМУ бес жыл мерзімге IAAR халықаралық институционалдық аккредиттеуінен сәтті өтіп, QS World University Rankings рейтингі бойынша әлемнің үздік 1001–1200 университетінің қатарына енді. Сондай-ақ QS Asia University Rankings рейтингінде 345-орынға ие болып, QS Stars халықаралық бағалау жүйесі бойынша «5 жұлдыз» мәртебесін иеленді.
Бұл жетістіктер – университет ұжымының көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Ендігі жерде ҚазҰМУ-дың абыройы мен беделі бүгінгі түлектердің кәсіби жолда өзін қалай көрсете алатынына да байланысты болмақ. Осыған орай ректор жас мамандарды жаңа технологияларды меңгеруден қорықпауға, білімдерін үздіксіз жетілдіруге, пациент сеніміне әрдайым жауапкершілікпен қарауға және ҚазҰМУ түлегі деген атқа лайық болуға шақырды.







































