ҚазҰМУ-да Халықаралық факультеттің 359 түлегіне диплом табысталды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Халықаралық факультет түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті. 359 жас маман жоғары білім туралы диплом алды.
2026 жылы Халықаралық факультеттің бакалавриат бағдарламасын барлығы 865 түлек сәтті аяқтады. Олардың 75-і – Қазақстан Республикасының азаматы, ал 790-ы – Үндістан, Пәкістан, Сирия, Мысыр және басқа да елдерден келген шетел азаматтары. Шілде айында 506 түлекке диплом табысталса, бүгін тағы 359 жас маман жоғары білім туралы құжатын алды.
Түлектерді, олардың ата-аналары мен оқытушыларын құттықтаған ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов жастардың бірнеше жыл бұрын дәрігер мамандығын игеру үшін Қазақстанға келгенін атап өтті. Енді олар алған білімдерін тәжірибеде қолданып, пациенттердің денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайтын болады.
– Бүкіл әлемде білікті медицина мамандарына деген сұраныс артып келеді. Бұл сіздер таңдаған мамандықтың қаншалықты маңызды әрі сұранысқа ие екенін тағы бір мәрте көрсетеді, – деді Марат Шоранов.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың қалыптасқан клиникалық мектебі, заманауи білім беру ортасы және халықаралық деңгейдегі жоғары беделі бар. Университет QS Asia University Rankings рейтингінде 345-орында және QS Stars жүйесі бойынша «5 жұлдыз» бағасына ие.
Жас мамандарға ізгі тілегін білдірген Марат Шоранов олардың әлемнің қай елінде еңбек етсе де, ҚазҰМУ-дың абыройын лайықты танытып, жоғары кәсіби мәдениетті сақтайтынына және Қазақстанда алған медициналық білімнің үздік дәстүрлерін берік ұстанатынына сенім білдірді.















































































































































