ҚазҰМУ-да өткен бірінші интеллектуалды Олимпиада
2018 жылдың 16 наурызы күні С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Аудитория ғимаратының №6 аудиториясында (бастапқыда Даңқ залында жоспарланған) «Эндокриндік жүйе» тақырыбы бойынша мемлекеттік тілде бірінші интеллектуалды Олимпиада өтті.
Университет деңгейіндегі бұл шараны патологиялық физиология кафедрасының доценті Толепбергенова М.Ж., гистология кафедрасының аға оқытушысы Мулькибаева Ш.Ш және доценті Тусупова Н.М., Студенттер Үкіметінің мүшелері ұйымдастырды. Олимпиадаға «Жалпы медицина» мектебінің 3 және 4 курс студенттерінен құралған «Инсулин», «Адреналин», «Вазопрессин» және «Паратгормон» атты төрт команда қатысты, олар доданың төрт шартынан өтуі қажет болды.
Бірінші «Ширату» додасында, қатысушыларға гистология және патологиялық физиология пәндерінен 10 сұрақ ұсынылды. Жауапқа дайындық үшін әр сұраққа бір минут уақыт берілді.
Екінші «Суреттер сөйлейді» додасының шарты бойынша эндокриндік бездердің гистологиялық кесінділерін және эндокриндік сырқаттардың патогенезі кескінделген тәсімдерді танып, оларды түсіндіру.
Үшінші доданың тапсырмалары ретінде эндокриндік сырқаттардың синдромдары негізінде дайындалған он клиникалық мысал ұсынылды. Әр команда өз тапсырмасын таңдаған соң, он минут ішінде сырқат патогенезі және морфогенезін анықтап, түсіндірді.
Төртінші «Мықтылар сайысы» додасы кезінде команда серкелері бес тесттік тапсырмалар және бір клиникалық мысалды 10 минут ішінде шешіп, жауап дайындау керек болды.
Олимпиаданың әр додасы алдын ала әзірленген критерийлер бойынша әділ қазылар алқасымен бағаланды. Төрешілер: «Гистология» және «Патологиялық физиология» кафедраларының меңгерушілері м.ғ.к., доцент Ергазина М.Ж., м.ғ.к., доцент Балабекова М.К.; патологиялық физиология кафедрасының доценті Толепбергенова М.Ж., гистология кафедрасының аға оқытушысы Мулькибаева Ш.Ш. және «Жалпы медицина» мектебінің 3 – 4 курстар үшін жауапты декан орынбасары Орадова А.Ш.
Олимпиада қатысушылары сертификаттар және шағын сыйлықтармен марапатталды.