ҚазҰМУ-да өткен «Қазақтың Біржан салы» атты әдеби-музыкалық кеш
Қазақ халқының жалпы ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, таным-нанымдары, ғибрат сөздері түйіндеп алғанда халықтың ұлттық коды болып табылады. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 2018 жылдың 14 ақпан күні университеттің Даңқ Залында «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Этикалық кеңес, Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, университет кітапханасы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің бірігіп ұйымдастыруымен қазақтың әйгілі ақыны, сазгер Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығына арналған «Қазақтың Біржан салы» атты әдеби-музыкалық кеші өтті. Консерватория тарапынан кештің ұйымдастыру жұмысына «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі Аманкелді Ұзақбайұлы ерекше атсалысты. Кешке көрермен ретінде университеттің барлық мектептері мен факультетінен студенттер қатысты. Іс-шара басталмастан бұрын көрермендерге Біржан сал шығармашылығы жөнінде деректі фильм көрсетілді.
Әдеби-музыкалық кештің алғашқы сөзін Университеттің Этикалық кеңесінің төрағасы, ҚазҰМУ «Құрметті профессоры» Ж.Ғ.Мустафина ұлттық мәдениетке, ұлттық кодтың маңыздылығына, консерватория мәдениет, музыка өнерінің қара шаңырағы, музыканың құдіреттілігін халыққа жеткізуші екендігіне баса тоқталды. Университетіміздің Стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректор У.М.Датхаев консерватория қонақтарына мерекелік іс-шараны бірігіп өткізуде атсалысқандары үшін алғысын білдіре келе, бұдан әрі де екіжақты дәстүрге айналған достық қарым-қатынасты, шығармашылық алмасуды жалғастыра беру керек екендігін айтып өтті. Біржан сал шығармашылығы, өмірбаяны тақырыптың арқауы болғандықтан консерваторияның «Халық әндері» кафедрасының оқытушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Шүкіманов Еркін Тұрсынғалиұлы кеңінен тоқталып өтіп, кешті консерватория студенттерінің орындауындағы ақын әндерімен ұштастыра отырып жүргізді. Кеш соңында Еркін Тұрсынғалиұлы Біржан салдың «Он саусақ» әнін орындап берді. Университет студенттері мен оқытушылары баяндай отыра жүргізілген, ақын әндерімен өрілген кешті өте жылы қабылдады. Мереке соңында университеттің Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі З.А.Абдуллина жастарға тәрбие беруде мерекелік іс-шараның маңыздылығын айтып өтті. Сондай-ақ, студенттер атынан да алғыс сөз айтылып, аталған кешті Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.А.Апсаттарова қорытындылай келе, консерватория ұжымына, қатысушыларға рахмет айтып, университет атынан алғыс хат табыстады. Кеш соңында қонақтар университет кітапханасы дайындаған көрмені тамашалап, ескерткіш суретке түсті. Мерекелік іс-шара ерекше жылы ықыласпен өтті.
Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобы